Ерлікке тағзым, елдікке құрмет
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Ел қорғаны болған азаматтарға құрмет көрсетіліп, батырлық пен отансүйгіштік ұғымдары кеңінен дәріптелген мазмұнды мерекелік жиын көрермен көңілінен шықты.
Іс-шараның шымылдығы Мемлекеттік Әнұранмен түріліп, зал ішін ерекше патриоттық рух кернеді. Әскери киім киген сарбаздардың айбынды келбеті мен сахнадағы салтанатты көрініс жиынның маңызын айқындай түсті. Іс-шараға ардагерлер, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, зиялы қауым мен жастар қатысты. Алғаш болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров жиналған жұртшылықты қос мерекемен құттықтап, олардың тарихи және тәрбиелік мәніне кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ ол соғыс жылдарының қасіретін еске алып, бейбіт өмірдің құндылығын ерекше атап өтті.
Өз сөзінде ол қазіргі Қазақстан армиясының әлеуетіне де кеңінен тоқталып, оның кәсібилігі мен заманауи деңгейін атап өтті. Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қорғаныс саласын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Жиында биыл 115 жылдығы атап өтіліп отырған Халық қаһарманы, даңқты мерген Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігі ерекше аталып өтті. Оның майдандағы батырлығы мен отансүйгіштік рухы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі екені айтылды. Салтанатты іс-шара аясында ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі табысталды. Олардың қатарында облыстық полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Данияр Асылбеков, Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің өкілі Шолпан Байдәулетова, «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығының ұйымдастыружұмылдыру басқармасының бастығы Медет Сағындықов және Қордай ауданы Шекара басқармасы «Қарасу» шекара бөлімшесінің 2-ші мобильдік тобының басшысы Арман Байқабыл бар.
Сонымен қатар түрлі салада белсенділік танытып жүрген азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталып, олардың еңбегі көпшілік алдында лайықты бағаланды. Марапат иелерінің қатарында жас офицерлер мен тәжірибелі мамандар да бар. Бұл – жас буынға үлкен сенім мен жауапкершілік жүктейтін маңызды қадам екені сөзсіз. Салтанатты кеш Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртістері мен «Оңтүстік» өңірлік әскерлері өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Әсем ән мен күмбірлеген күй, патриоттық рухтағы қойылымдар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсіресе Отан, ерлік, батырлық тақырыбындағы шығармалар кештің мазмұнын аша түсті.
Кеш соңында көрермендер ұзақ уақыт қол соғып, өнерпаздарға ризашылықтарын білдірді. Бұл тек мерекелік іс-шара ғана емес, елдік рухты көтеретін, өткенге тағзым жасап, болашаққа сенім ұялататын маңызды басқосу болды. Мұндай тағылымды жиындар ұлт жадын жаңғыртып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде айрықша рөл атқарады. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа аманат. Ал сол аманатты сақтау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Мақпал СҮЙІНБАЙ