Инклюзивті кітапхана: ЖИ дәуірі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланған болатын. Ондағы мақсат – цифрлық трансформацияны жеделдету, экономика мен қоғамдық өмірге озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні жаппай енгізу және елдің цифрлық держава ретіндегі әлеуетін арттыру. Бүгінде кітапханалар да қордағы кітаптарды жазылған әдеби туындыларды қалың оқырманға танытып, көпшілікті көркем шығармаға қызықтыру үшін жасанды интеллектіні тиімді пайдаланып отыр. Әріптестері арасында жасанды интеллектпен жұмыс істеу әдістерін тиімді пайдаланудың жолдарын көрсетіп, тәжірибе алмастыру негізінде облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы облыстық семинар ұйымдастырды.
«Инклюзивті кітапхана: ЖИ дәуірі» тақырыбындағы семинарға аудандық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға қызмет көрсететін кітапхана бөлімдерінің мамандары қатысып, заманауи кітапхана ісіндегі жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Семинардың шымылдығын кітапхананың ақпараттықбиблиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Айзада Төлебаева ашып, модератор ретінде жасанды интеллект технологиялары кітапхана қызметін бұрынғыдан да қолжетімді етіп, оқу мәдениетін дамытуға зор ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Кітапхана директорының орынбасары Толқын Күзенова «Ақылды көмекші: ЖИ-ді кітапханашының сенімді серігіне айналдыру жолдары» тақырыбында баяндама жасап, күнделікті кітапхана жұмысында тиімді қолдануға болатын ақысыз жасанды интеллект құралдары жөнінде пайдалы мәліметтермен бөлісті.
Семинар барысында зағиптарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Рыскүл Иманбек жасанды интеллект бағытындағы Grok AI бағдарламасымен жұмыс істеу жолдарын практикалық түрде таныстырып, тиімді қолдану әдістерін көрсетті. Қатысушыларға ұсынылған бағдарлама арқылы өздерінің креативті идеяларынан бейнероликтер жасап көруге мүмкіндік берілді.
Семинар аясында «GENIUS SCOOL» репетиторлық орталығының негізін қалаушы, нейропсихолог Гүлжамал Жайлыбаева «Тыныштықтың нейропсихологиясы: агрессиямен қалай жұмыс жасап, өзіңді қалай сақтап қалуға болады?» тақырыбында психологиялық тренинг өткізді. Тренинг барысында қатысушылар эмоциялық тұрақтылық, күйзеліспен күресу және ішкі тепе-теңдікті сақтау жолдары туралы маңызды мағлұматтар алды.
Отырыс соңында аудандық кітапханашылар тарапынан келіп түскен ішкі жұмыстарға қатысты түрлі сауалдар мен ұсыныстар талқыланып, әріптестер арасында өзара тәжірибе алмасу алаңына ұласты. Семинар қатысушылар үшін кәсіби білім мен тәжірибені толықтыратын, жаңа идеялар мен заманауи мүмкіндіктерге жол ашқан мазмұнды басқосу болды.
Қамар ҚАРАСАЕВА