«Шерхан әлемі - SHERKHAN WORLD» жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдайды
Шығармашылық адамды ізгілікке, әдептілікке жол ашатынын өмір өзі дәлелдеп келеді. Ал кітап оқу көркем сөздік қорды байытып, ойлау қабілетін дамытып, мәдениеттілікке тәрбиелейді. Осы ізгі мұратты көздеген Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы оқушылар арасында байқау ұйымдастырды. Тұңғыш рет өткізілген облыстық «ШЕРХАН ӘЛЕМІ – SHERKHAN WORLD» шығармашылық фестивалі 4 бағытта өрбіді.
Мұнда Шерхан Мұртаза шығармашылығын насихаттай отырып, айтулы тұлғаның сан қырлы саладағы қызметіне байланысты оқушылар мен студенттердің қазақ еліне деген сүйіспеншілігін, құрметін арттыру, әрбір білім алушының Қазақстанға қандай үлес қоса алатындығы туралы ой салу мақсат етілді. Фестивальдің ашылу салтанатында университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, бұл ісшараның маңыздылығы мен құндылығы, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз рөлі туралы атап өтіп, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Оқушылар мен студенттердің шығармашылығын дамытуға, өзіндік қорытынды және тұжырым жасауға бағытталған фестиваль жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға дағдыландырып, үздік қойылым бағыты бойынша әртістік қабілетін дамытуды негізге алды. Фестивальдің ашылу салтанатында студенттерден құрылған «Рух» дуэті ән шырқап, Шерағаға арнау оқылып, көрермендерді ерекше сезімдерге бөледі. Әр бағыт бойынша қатысушы үміткерлер әр аудиторияға бөлініп, эссе, мақалалар жазды. Sherkhan-AI бағытына қатысқан оқушылар мен колледж студенттері жазушының өмірі мен шығармаларына арналған контентті жасанды интеллект арқылы жетекшілерімен бірге қорғады. Ал Drama time бағытына қатысушылар Шерхан Мұртазаның шығармаларынан сахналық қойылым дайындап, көрсетті.
Білім ізденушілердің шығармашылық жұмыстары саралана келе, байқау қорытындысында үздік жұмыстар жүлдегер атанды. Sherkhan-AI – үздік ЖИ контенті бағыты бойынша І орынды Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы Құлан тірек мектеп-гимназиясының оқушысы Мейіржан Мұратбек иеленді. Essay competition – эссе байқауының І орынын Тараз қаласындағы «Парасат» жоғары колледжінен қатысқан Айсұлу Бақытбек жеңіп алды. Best article – үздік танымдық мақала бағытында І орынды Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Ұлжан Улухманова иеленді. Drama time – үздік қойылым бағыты бойынша І орын Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы мектептің өнерпаз оқушыларына бұйырды. Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Қамар ҚАРАСАЕВА