Қоғам

Таразда 38-ші «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Тараз қаласындағы В.П.Чкалов атындағы орта мектепте «Жас сақшы» полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып, елге қызмет етуге баулитын маңызды жобалардың бірі.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері, жергілікті полиция қызметкерлері, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Салтанатты жиын барысында оқушылар арнайы ант қабылдап, оларға «Жас сақшы» куәліктері табыс етілді. Бұл сәт жасөспірімдер үшін үлкен жауапкершілік пен жаңа белестің бастауы болды. Өйткені аталған сынып тек оқу үрдісімен шектелмей, оқушыларды тәртіпке, жауапкершілікке және қоғамдық белсенділікке тәрбиелеуді көздейді. Жиында сөз сөйлеген Тараз қаласы полиция басқармасы Жібек жолы ауданы полиция бөлімінің бастығы Жәнібек Тұрлыбаев жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде жас ұрпақтың бойында адалдық, тәртіп және Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Сондай-ақ оның айтуынша, өңірімізде ашылып отырған 38- ші «Жас сақшы» сыныбы. Бұл көрсеткіш өңірде жастарды құқықтық тәрбиеге баулу бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын аңғартады. Жалпы, «Жас сақшы» сыныптарының мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру және құқық қорғау органдарына деген қызығушылықты ояту. Мұндай бастамалар жас буынның қоғамдағы өз орнын айқындауына, жауапкершілік сезімін нығайтуға ықпал етеді. Іс-шара соңында оқушылар полиция қызметкерлерімен еркін форматта пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Сонымен қатар олар болашақтағы мақсат-мұраттарымен бөлісіп, құқық қорғау с аласына қызығушылықтарын білдірді. Бұл бастама – тек бір сыныптың ашылуы ғана емес, ел болашағы үшін жауапты, саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам. Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру арқылы қоғамда тәртіп пен заң үстемдігін нығайтуға болады.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ