Қоғам

Жол қауіпсіздігіне арналған профилактикалық акция

Тараз қаласында жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ерекше форматтағы профилактикалық акция өтті.

Қаланың орталық көшелерінде жол-көлік оқиғалары салдарынан жарамсыз күйге түскен автокөліктер мен мопедтер көрмеге қойылып, жүргізушілерге жол ережесін сақтамаудың нақты салдары көрсетілді. Бұл іс-шара – жай ғана ескерту емес, қоғамға ой салатын, әсері терең профилактикалық бастама. Себебі, статистика мен құрғақ ескертулерден гөрі, көзбен көрген көрініс адамның санасына әлдеқайда күшті әсер ететіні анық. Ұйымдастырушылар дәл о сы тәсілді таңдап, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруды көздеген.

Акцияға полиция қызметкерлерімен қатар мектеп оқушылары да белсенді қатысты. Жас буын өкілдері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін ескертіп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға өз үлестерін қосты. Бұл тек профилактикалық шара ғана емес, сонымен бірге тәрбие мен түсіндірудің тиімді алаңы болды. Тараз қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Ермек Жақайдың айтуынша, өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мұндай жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Іс-шара аясында мектеп оқушыларымен арнайы кездесу ұйымдастырылып, автокөлік, скутер және мотоциклдерді пайдалану кезінде жиі кездесетін құқық бұзушылықтар мен олардың салдары жан-жақты түсіндірілді. Теориялық ақпаратпен шектелмей, қатысушыларға нақты мысалдар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиынның ең әсерлі бөлігі – виртуалды шынайылық (VR) технологиясын қолдану болды. Арнайы көзілдіріктің көмегімен жүргізушілер жол ережесін бұзған жағдайда туындайтын қауіпті жағдайларды «сезініп», ықтимал апаттың салдарын барынша шынайы қабылдауға мүмкіндік алды. Мұндай заманауи тәсілдер профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыра түсетіні сөзсіз. Айта кетейік, бұл – өңірде жыл басынан бері ұйымдастырылып отырған үшінші осындай акция. Мамандардың айтуынша, дәстүрлі түсіндіру жұмыстарымен салыстырғанда, осындай көрнекі әрі интерактивті әдістер анағұрлым нәтижелі.

Жалпы, жол қауіпсіздігі – әрбір азаматтың жауапкершілігін талап ететін маңызды мәс еле. Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан да мұндай бастамалар қоғамның назарын маңызды мәселеге аударып қана қоймай, әр жүргізушіні өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Тараздағы бұл акция – қауіпсіздік мәдениетін қалыпт астырудағы жаңа қадам. Мыжылған көлік – үнсіз ескерту болса, VR-технология – сол ескертуді сезіндіретін құрал. Ал басты мақсат – адам өмірін сақтау.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ