Жаңалықтар

Биыл Орталық Азиядағы алғашқы ЖИ университеті ашылады

Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті.

Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысын өткізді

Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде әлем технологиялық трансформацияның мүлдем жаңа кезеңіне қадам басқанына назар аударды. Пре зиденттің айтуынша, қазіргі өзгерістер XIXXX ғасырлардағы индустриялық революциямен салыстыруға келмейді. Өйткені оның жылдамдығы мен ауқымдылығы соншалық, физикалық болмыс пен цифрлық кеңістік арасындағы шекара жойылып барады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, жаңа технологиялық парадигмаға көшу үшін қазіргі жағдайға объективті, шынайы баға беру қажет.

Президент әлемдік деңгейдегі жетекші зертханалардың соңғы деректеріне сүйене отырып, дамыған және дамушы экономикалар арасындағы алшақтық тез ұлғайып келе жатқанын атап өтті.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, цифрлық экономиканың әлемдік ІЖӨдегі үлесі 15 пайыздан асқан. Бұл жаһандық бәсекенің тауар нарығынан дерекқор мен стандарттар нарығына қарай ойысқанын анық көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру заман талабы екенін айтты. Бұл ретте Президент Біріккен Араб Әмірліктері қолма-қол төлемсіз экономикаға көшуді жоспарлап отырғанын мысалға келтірді. Қытайдан да үлгі алуға болады. Көршілес ел жыл сайынғы триллион доллар транзакцияларды цифрлық платформада өңдеу ісін жолға қойды.

Президент «нақты уақыт экономикасына» көшу өте маңызды екеніне назар аударды. Себебі дәстүрлі жүйеде мемлекет үнемі «ізінен қуып» отырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру тиімділігін арттыру үшін өлшемді көрсеткіштер қажет екенін еске салды.

Мемлекет басшысының айтуынша, зияткерлік капиталды күшейтіп, еңбек өнімділігін арттырмаса, тек демографиялық өсім бәсекеге қабілетті ел болуға кепілдік бермейді.

Президент сенімді инфрақұрылымды цифрлық экономиканың тағы бір берік тұғыры ретінде атады. Бұл – технологиялық дербестіктің алғышарты. Оның маңызы энергетика немесе логистика саласынан кем түспейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік жіті қадағаланбаса, кез келген инфрақұрылым сыр беретінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге әлемнің әр түкпірінен білікті мамандар шақыру және инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні тиімді қолдану үшін деректерге бағдарланған басқару моделін енгізу керек деп санайды.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің стратегиялық маңызы моделдің ауқымына қарай емес, керісінше экономиканың нақты секторымен қаншалықты үйлесім тапқанына байланысты анықталатынын айтты.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Sinovation Ventures және 01.ai бас директоры Ли Кай Фу, Cambrian Futures бас директоры Олаф Дж. Грот, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Абу Дабидегі Халифа ғылым және технология университетінің профессоры Меруан Дебба, Тьюринг сыйлығының лауреаты Джон Хопкрофт, БҰҰ-ның «Игілікке арналған ЖИ» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Әл Мазруи Эбтесам және Oxford Insights бас директоры Ричард Стирлинг сөз сөйледі.

 

Akorda.kz