Бағым да, тағым да – халық
Елін шын сүйген жүректен төгілген өлең өрнектеліп туады. Оның дәлелін көркем сөзді кестелеген өлеңдерімен көпшілікті тамсандырып жүрген ақындардан байқаймыз. Сондай кестелі сөздің шебері ақын Ғайни Әлімбекқызы. Туған жері – Байзақ ауданы ақын қыздарының шығармашылық кешін ұйымдастырып, Мырзатай ауылындағы Мәдениет үйінде әдеби кеште бас қосты.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақпарат және мәдениет саласының үздігі Ғайни Әлімбекқызы бұл кеште өзі де өлеңдерін оқып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ Мырзатай ауылының жастары мен Тараз қаласындағы «Әдеби жігіттер» тобы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдеби композиция ұсынды. «Бағым да, тағым да – халық» деп аталған әдеби сазды кешті Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев құттықтау сөзімен ашты.
Кешке арнайы қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әншісазгер Әбиірбек Тінәлиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков және облыстық филармония мен Жамбыл ауданының жезтаңдай әншілері Ғайни Әлімбекқызының сөзіне жазылған әндерді орындады. Облыстық мәслихат төрағасының құттықтау хатын жеткізген депутат, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт кеш кейіпкеріне гүл шоқтарын сыйлап, қазақы салтпен оюлы бешпет кигізіп, иығына ақ орамал жапты. Ғайни Әлімбекқызы ақын, журналист қана емес, дүниеге сәби әкеліп, оларды тұлға етіп тәрбиелеп өсірген ана. Оның бала тәрбиесіндегі өнегесін, аналық жолын «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали мен «Taraz24» телеарнасының негізін қалаушы Зарина Қуатова жеткізді.
Филология ғылымдарының кандидаты, профес с о р Меңдібай Әбілов, облыстың Құрметті азаматы Жұмакүл Абылғазықызы, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры, ғылым докторы, Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова жүрекжарды лебіздерін ақтарды. Аудандық кітапхана ақынның кітаптары мен еңбектерінен және өмірінің әр сәтінен естелік болған суреттерінен көрме ұйымдастырды. Кеш соңында қатысушылардың тарқағысы келмей, ұзақ қол соғып, қошемет көрсеткенінен көпшіліктің әдебиетке сусап қалғанын сездік.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Байзақ ауданы