Сөздің сәулесін төккен ақын
Қазақтың өрнекті өлеңін сүйген жандардың қабырғасын қайыстырып, өткен жылы Күләш Ахметова ақын апамыз мәңгілік сапарға аттанған еді. Өзі өмірден өтсе де артында өшпес із қалдырған ақын апамыздың 80 жасқа толған мерейтойын дүйім жұрт еліміздің әр түкпірінде атап өтіп, өлеңдері оқылып жатыр. Сондай әсерлі әдеби кеш Алматы қалалық И.А.Крылов атындағы балалар кітапханасында да ұйымдастырылды. Кешке Тараз қаласынан бір топ қаламгерлер барып, ақынның өлеңдерін оқумен қатар, Күләш Ахметова жайлы естеліктерімен бөлісті.
«Сөздің сәулесін төккен ақын» деп аталған поэзия сағатында Күләш Ахметованың кітаптарынан арнайы көрме жасақталды. Жас ұрпаққа ақынның нәзік лирикасын танытып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруды мақсат еткен кеште қырғыз және орыс тілдеріне аударылған ақынның өлеңдері алғаш рет оқырмандар алдында таныстырылды. Бұған дейін де Күләш Ахметова шығармалары қазақ оқырманымен шектелмей, көптеген тілдерге аударылып, кең кеңістікке тараған.
Осы кешке орай ақынның бірнеше өлеңі қырғыз және орыс тілдеріне қайта аударылып, жаңаша сипатта ұсынылды. Күләш Ахметованың «Махаббаты қорғауға шақырамын» атты өлеңін «Көкжиек» журналының редакторы Қарлығаш Мұқашева орыс тілінде қайта жаңғыртса, «Қазақты жамандама, қазақ бала» жырын Қырғызстан Ұлттық Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қырғыз республикасы Мәдениетінің үздік қызметкері, «Янги Овоз» Орта Азия Жазушылар және тарихшылар одағының мүшесі, «Ак-дениз – ыр булагы» қоғамдық-шығармашылық ұйымының төрайымы Айсалқын Сыдықбекова қырғызша нұсқасын жазған.
Жазушылар одағының атынан келген Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әділғазы Қайырбеков, ақын Шамшия Жұбатова қызықты естеліктерін әңгімеледі. Ал ардагер журналист Гүлмәрия Барманбекова студент кезінде Күләш Ахметовамен бірге облыстық «Еңбек туы» газетіне талай рет тырнақалды өлеңдерін әкеліп, ақынмен сырласқан сәтінен сыр шертті.
Іле ауданы, Түймебаев ауылындағы Arman шығармашылықты дамыту орталығы домбыра үйірмесінің оқушылары кешке көрік қосып, жетекшісі – музыка пәнінің мұғалімі Айнұр Айсенованың жетекшілігімен ақынның өлеңдеріне жазылған ән мен күмбірлеген күйден шашу шашты.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Тараз – Алматы – Тараз