Қоғам

«Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз»

Бірлік күні қарсаңында қазақ отбасына келін болып түскен әзірбайжан қызы Замана Исмаиловамен сұхбаттасудың сәті түсті. Бұл әңгіме – тек бір отбасының тарихы ғана емес, әртүрлі мәдениеттердің тоғысуы мен өзара түсіністіктің жарқын көрінісі. Замана ханым қазақ әулетіне келін болып сіңісу жолындағы алғашқы қадамдары, бұл үдерістің қаншалықты жеңіл не қиын болғаны туралы шынайы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, қазақ және әзірбайжан халықтарының салт-дәстүрлеріндегі үндестік пен айырмашылықтарды салыстырып, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі жайлы әңгімеледі. Отбасылық құндылықтар, сыйластық пен құрмет, ұлттар арасындағы татулық пен бірлік сынды маңызды тақырыптар да сұхбаттың өзегіне айналды.

– Замана Назиқызы, жолдасыңызбен қалай, қайда таныстыңыздар?

– Жолдасым Дамир Исатаев екеуіміз Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірге білім алдық. Студенттік шақта бір жатақханада тұрып, сол жерде таныстығымыз басталды. Уақыт өте келе қарым-қатынасымыз нығайып, қыз бен жігіт ретінде араластық. Біраз уақыттан кейін ортақ шешімге келіп, отбасын құруға бел будық.

– Өзіңіз туып-өскен отбасы жайлы айтсаңыз.

– 1997 жылы ата-анамыз Әзірбайжаннан Қазақстанға, Ақмола облысына қоныс аударды. Ол кезде мен бар-жоғы жеті жастағы бала едім. Бастапқыда мен үшін бәрі мүлде жаңа әлем болды. Өйткені мен орыс тілін де, қазақ тілін де білмейтінмін, тек ана тілім – әзірбайжан тілінде ғана сөйлейтінмін. Жаңа ортаға бейімделу оңай болған жоқ, бірақ уақыт өте келе Қазақстанның ашықтығы мен адамдардың жылы қабағының арқасында екі тілді де меңгеріп кеттім. Осы елде білім алып, үлкен өмірге қадам бастым. Кейін Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен аяқтауым – сол еңбектің, талпыныстың нәтижесі. Бүгінде мен өзімді екі елдің мәдениетін бойына сіңірген, тағдыры Қазақстанмен тығыз байланысқан адам ретінде сезінемін. Мені жылы қабылдап, өз қыздарындай көрді.

– Екі ұлттың айырмашылықтары бастапқыда қалай көрінді сізге?

– Екі ұлттың арасында өзіндік ерекшеліктер бар. Әзірбайжан халқының мәдениеті кавказдық дәстүрлерге жақынырақ болғандықтан, кейбір салт-дәстүрлері мен тұрмыс-тіршілігінде айырмашылықтар байқалады. Дегенмен, ортақ дін мен тілдік ұқсастықтар екі халықты бір-біріне жақындата түседі, сондықтан айтарлықтай үлкен алшақтық сезілмейді. Мен ең алдымен қазақ халқының кең пейілділігі мен ерекше қонақжайлығына назар аудардым. Қазақтар қонақты ерекше құрметтеп, барын дастарқанға қояды. Әрбір келген адамға ықылас танытып, төрден орын беріп, дәмді асымен сыйлау – олардың ұлттық болмысының айқын көрінісі. Сонымен қатар тағам мәдениетінде де айырмашылықтар бар. Мысалы, әзірбайжан халқы жылқы етін сирек тұтынса, қазақтар үшін жылқы еті – ұлттық ас мәзірінің маңызды бөлігі. Бір қарағанда ұсақ көрінгенімен, әр халықтың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын айқындайтын ерекшеліктер көп. Бірақ бұл айырмашылықтар екі ұлттың арасын алыстатпайды, керісінше бір-бірінің мәдениетін тануға, құрметтеуге жол ашады.

– Жолдасыңыздың отбасы сізді қалай қарсы алды? Ұлты бөлек өзге отбасыға үйренісіп кету қиындық тудырмады ма?

– Мен ең алдымен жолдасымның отбасына шын жүректен алғыс айтқым келеді. Олар мені өте жылы қабылдап, ешқандай қарсылық танытпады. Керісінше, өз қыздарындай көріп, әр қадамыма қолдау білдірді. Әсіресе енемнің еңбегі ерекше – ол маған қазақтың салтдәстүрлерін сабырмен түсіндіріп, жақсылап үйретті. Мысалы, әзірбайжан халқында «сәлем салу» дәстүрі жоқ, ал қазақ отбасында бұл өте маңызды. Сол сияқты көптеген әдетғұрыптарды енем біртіндеп үйретіп, менің жаңа ортаға тезірек бейімделуіме көмектесті. Жалпы, өзге ұлттың отбасына сіңу мен үшін өте жеңіл әрі жағымды өтті. Әрине, қызықты, тіпті күлкілі сәттер де аз болған жоқ. Әсіресе қазақша сөйлей бастаған кезімде, айтқан сөздерім кейде күлкілі естіліп, бәрі күлкіге қарық болатын. Бірақ ол күлкіде мазақ емес, керісінше, жылылық пен қолдау сезілетін. Осындай жеңіл, шынайы, позитивті атмосфераның арқасында мен жаңа ортаға тез үйреніп, өзімді еркін сезіне бастадым.

– Қазақ тілінде еркін сөйлейді екенсіз. Қазақ тілін қалай меңгердіңіз?

– Ақмола облысында туып-өскендіктен, ол жерде қазақ мектептері болмады, сондықтан қазақ тілін мүлде білмедім десем де болады. Тұрмысқа шыққаннан кейін ғана қазақ тілін үйрене бастадым. Ең  алдымен жолдасым мен оның отбасының қолдауы ерекше болды. Жоғарыда айтып өткенімдей, әулетім мені өте жақсы қабылдап, әрдайым көмектесіп отырды. Әзірбайжан және қазақ тілдерінің екеуі де түркі тілдер тобына жататындықтан, ұқсастықтары да аз емес. Сол себепті тілді меңгеру маған біршама жеңілдеу болды. Әрине, бастапқыда қазақша сөйлегенде кейбір сөздерімді дұрыс айта алмай, қайындарым әзілдеп күлетін. Бірақ ол күлкі әрдайым жылы, қолдауға толы еді. Осындай жеңіл әрі позитивті атмосфераның арқасында тіл үйрену процесі қызықты әрі есте қаларлықтай өтті. Сонымен қатар мен бір қызық жайтты байқадым, Ақмола облысындағы қазақтар мен Жамбыл облысындағы қазақтардың сөйлеу мәнерінде, яғни диалектісінде айырмашылықтар бар. Бүгінде қазақ тілі мен үшін екінші ана тілімдей болып кетті. Қазір мен қазақ тілінде еркін сөйлеп, оны толық меңгердім деп сеніммен айта аламын.

– Қазақ халқы мен әзірбайжан ұлтының ұқсастықтары қандай деп ойлайсыз?

– Қазақ және әзербайжан халықтарының салт-дәстүрлерінде өзара ұқсастықтар да, ерекшеліктер де мол. Екі елдің де мәдениетінде діни мерекелердің орны ерекше. Мысалы, Ораза айт пен құрбан айт мейрамдары екі халықта да кеңінен аталып өтіп, рухани құндылықтар дәріптеледі. Сондай-ақ Наурыз мейрамы да екі елге ортақ мереке. Әзербайжан халқында ол «Новруз» деп аталады. Дегенмен, оны тойлауда кейбір айырмашылықтар байқалады. Қазақтар Наурызда жеті түрлі дән мен тағамнан наурыз көже дайындаса, әзербайжан халқы дастарқанға «с» әрпінен басталатын жеті түрлі тағам қояды. Олардың қатарында су, сүт, сумаляк секілді тағамдар бар. Бұл да өзіндік символикаға толы дәстүр. Отбасылық салттарда да айырмашылықтар кездеседі. Мысалы, қазақ халқында қызға құда түскенде «сырға салу» дәстүрі болса, әзербайжан халқында осыған ұқсас рәсімде жүзік тағу қалыптасқан. Ал Наурыз мерекесінде әзербайжандардың жұмыртқа бояу дәстүрі де ерекше мәнге ие. Бұл – келер жылы молшылық, береке, егіннің бітік шығуын тілейтін наным-сенімнен туған ғұрып. Осылайша, екі халықтың дәстүрлерінде ортақ рухани үндестік сақталғанымен, әрқайсысының өзіндік бояуы, ерекшелігі бар. Бұл айырмашылықтар мәдениетті байытып, бір-бірін тереңірек тануға мүмкіндік береді.

– Еліміздегі ұлттар достығы туралы сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Мен Қазақстанда тұрып жатқанымды үлкен бақыт деп санаймын. Құдайға шүкір, қазақ отбасына келін болып түскеніме он бес жылға жуықтап қалды. Осы уақыт ішінде жолдасым екеуіміз тату-тәтті өмір сүріп, үш ұл тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана атандық. Осы жылдар ішінде мені ешқашан өзге ұлттың қызы деп бөліп-жарған емес. Керісінше, мені өз қыздарындай қабылдап, әрдайым құрмет пен сыйластық көрсетті. Бір шаңырақ астында, бір тудың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанымызды мен үлкен бақыт деп білемін. Қазақстан – түрлі ұлт өкілдері бір-бірімен түсіністік пен құрметте өмір сүріп жатқан ерекше ел. Менің тілегім – елімізде әрдайым осындай бейбітшілік пен бірлік сақталсын. Қазақстанымыз одан әрі дамып, өркендей берсін. Осы татулығымыз бен тыныштығымыз мәңгілік болсын. Барша қазақстандықтарды Бірінші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

 – Әңгімеңізге рақмет!

Отбасыңызға бақбереке тілеймін!

 

Сұхбаттасқан Арна ЖҰМАТАЙ