Әлеумет

Аудит тексерісі нені анықтады?

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Тұрлыбековтың қатысуымен брифинг өтті. Спикер облыстағы тексеру комиссиясының 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысымен бөлісті.

Спикердің айтуынша, мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау ісшаралары 117 мемлекеттік аудит объектілерінде жүргізіліпті. Оның ішінде барлығы мемлекеттік мекемелер екен. Сондай-ақ үстеме тексерумен 10 мемлекеттік аудит объектілері қамтылыпты. Мемлекеттік аудит пен 136 миллиард 346,2 миллион теңге қаражат қамтылған. Жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесінде 141 миллиард 836, 2 миллион теңгенің бұзушылықтары, 902 бірлікті құрайтын рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар және 36 бірлік жүйелік проблемалар мен кемшіліктер анықталыпты.

Тексеру комиссиясы тарапынан мемлекеттiк аудиторлардың өз құзыреттерiне сәйкес өздерінің қызметтiк мiндеттерiн орындауына қажеттi құжаттарды, материалдарды беруден бас тарту түріндегі кедергi келтiру немесе оларды жүзеге асыруға өзге де кедергiлер келтiру, жергiлiктi бюджеттерге түсетiн қаражатты уақтылы, толық е с епке жатқызбау, мемлекеттік кәсіпорындардың жарғылық капиталдарына салынатын бюджеттік инвестициялардың қаржылықэкономикалық негіздемеде көзделген нәтижелеріне қол жеткізбеуі бойынша 10 хаттама толтырылып, 2,9 миллион теңге айыппұл салыныпты.

Лауазымды тұлғалардың тарапынан заңсыз іс-әрекеттердің орын алуына байланысты процессуалдық шешім қабылдау үшін Жамбыл облысының прокуратурасына жолданған 1 материал бойынша Тараз қаласының №2 сотының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі үкімімен жекешелендіру объектілерін сату қағидасының талаптарын сақтамай мемлекеттік мүлікті заңсыз жекешелендіргені үшін Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің лауазымды 2 тұлғасы қылмыстық жауаптылыққа тартылған.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА