Аймақ

Субсидия бойынша алаяқтық фактілері көп

Өңірде Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ауыл шаруашылығына бөлінген субсидия қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету және экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.

Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз конференция өтті. Брифингке қатысушылар мемлекет қаржысының тиімді игерілуі – ел экономикасының тұрақтылығы мен әлеуметтік дамуының негізгі тетігі екенін айрықша атап өтті.

Бүгінде бюджет қаражаты тек қаржылық ресурс қана емес, ол – мұғалім мен дәрігердің еңбекақысы, жол мен инфрақұрылым, ауылды қолдау мен халықтың әл-ауқаты екенін спикерлер ерекше атап көрсетті. Жиында облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Жедел басқармасы басшысының орынбасары Шерхан Пірімқұл негізгі бағыттар туралы баяндады.

Спикердің айтуынша, соңғы алты жылда 189 және 190-баптар бойынша 90-нан астам қылмыстық іс тіркелген. Жалпы келтірілген залал миллиардтаған теңгені құрап, оның бір бөлігі өтеліп, бірқатар мүлік тәркіленген.

Сонымен қатар ол кәсіпкерлерге маңызды ескерту жасады.

Брифинг барысында бизне сті қорғау мәселесі де кеңінен қозғалды. Департамент өкілдері адал кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау басты назарда екенін жеткізді.

Қазіргі таңда ведомство жанында талдау орталығы жұмыс істейді. Ол қаржы пирамидалары, мемлекеттік сатып алу, салықтық тәуекелдер сияқты бағыттар бойынша алдын ала қауіптерді анықтауға мүмкіндік береді. Жиында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұралы Ергебаев та өзара ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, жыл сайын екі тарап арасында меморандум жасалып, нақты іс-шаралар жоспары бекітіледі. Дөңгелек үстелдер, ашық есік күндері және кәсіпкерлермен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Брифинг соңында спикерлер азаматтар мен кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып, кез келген экономикалық құқық бұзушылық туралы тиісті органдарға хабарлаудың маңызын еске салды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені айтылды. Мамандардың пікірінше, мемлекет пен бизнестің өзара сенімі мен ашық диалогы ғана экономикалық қауіпсіздікті нығайтып, тұрақты дамуға жол ашады.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ