Жаңалықтар

Заманмен үндес басылым шежіресінің жарқын беттері

Әулиеата өңіріндегі қазақ тілді баспасөздің қара шаңырағы – «Аq jol» газетінің шыға бастағанына ертең 104 жыл толады. Мұрағаттағы көп уақыт жатып ескірген, сарғайған тігінділерін ақтарып, ғасырлық шежіресін түзген журналист ретінде жақсы білемін, Әулиеата уездік атқару комитетінің Қаулысымен 1922 жылы 1 мамырда алғаш рет «Кедей еркі» деген атпен жарық көрген газет атауы уақыт өте келе «Еңбек», «Колхозшы», «Колхоз жолы», «Коммунист», «Сталиндік жол», «Еңбек туы» болып өзгерді. 1990 жылдың 3 сәуірінен қазіргі «Ақ жол» атымен шығып келеді.

Қай дәуірде де, небір күрделі кезеңдерде де басылымда еңбек еткен қаламгерлердің бірнеше ұрпағы өз замандарының зейіліне, саясатына сай мақсаттарды насихаттап, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Әр жылдары газетке А.Алматинская, Ж.Бектұров, Ғ.Аманғалиев, Ғ.Сармурзин, Т.Оңғарбаев, Б.Байсақалов, Б.Жаңабаев, АБекбосын, Ә.Қалдыбаев, М.Рысдәулет, Ғ.Қасабай, Қ.Иембердиев, К.Сәттібайұлы, Қ.Әуесбай, О.Дәуіт, Х.Есаман бас редактор болды. Қазір де басылымды екінші рет бас редактор болып келген Оралхан Дәуіт басқарады.

Облыс өмірінің айнасы, тарихының жылнамашысы болған басылымның «Еңбек туы» ат алатын ке зінде редакцияға қызметке алынған мен үшін сол жылдардың ұмытылмас, жарқын оқиғалары аз болған жоқ. Бүгін солар жайлы естелігіммен бөліспекпін. Осыдан отыз төрт жыл бұрын, 1992 жылдың мамыр айының алғашқы күні «Ақ жолдың» шыға бастағанына 70 жыл толды. Газеттің осы оқиғаға арналған «Бүгін «Ақ жолың» жетпіске толды, ағайын!» деген тақырыппен шыққан мерекелік санының бірінші, екінші беттеріне мерейтойлық құттықтау жеделхаттары берілді.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың, сол тұста республиканың бас басылымы – «Егемен Қазақстанның» бас редакторы Шерхан Мұртазаның, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Фариза Оңғарсынованың, Казақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Темірбек Қожакеевтің, тағы басқа да танымал тұлғалардың, еңбек ұжымдары мен шығармашылық одақтардың лебіз-тілектері ерекше еді. Әсіресе ұлт руханиятының абызына айналған дара тұлға Шерағаңның – Шерхан Мұртазаның: «Ақ жолды» ең бір айбынды, халыққа қадірлі газеттердің бірі деп білеміз.

Лайым, сол абыройы аласармасын, қаламгерлерін де, оқырмандарын да қасиетті ата-бабаларымыздың әруағы желеп-жүрсін» деген бататілегі редакцияның шығармашылық ұжымының әр мүшесінің көңілінде жатталып қалған еді. Ал республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы лебіздерін төрт жол өлеңмен жеткізді:

«Ақ жолға» ақжолтай тілек

Жалындап жетпіске де жетіп келдің,

Тар жолдан тайғақ кешу өтіп келдің.

Жолбасшы оқырманға, ақылшы боп,

Өркендеп, өмір сүріп өсіп келдің!

 

«Егемен Қазақстан»

Басылым жаңа атау алғалы бергі алғашқы мерейтойлық жиын да ерекше салтанатты жағдайда, ол кез облыстық партия комитетінің Саяси ағарту үйі аталатын ғимараттың үлкен залында (Бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің бас корпусы) облыс әкімі Ө.Байгелдінің, оның бірінші орынбасары К.Әубәкіровтің, халық депуттаттары облыстық кеңесінің төрағасы Ә.Исақовтың, өзге де ресми адамдардың қатысуымен өтті.

Бас редакторымыз Арғынбай Бекбосын газеттің 70 жыл ішінде өткен жолы, атқарып отырған жұмысы және міндеттері туралы мазмұнды баяндама жасады. Батыл жарияланымдарды көп беріп, халықтық сипатқа ие болған газетіміз сол жылдары шежіре қариялардың көмегімен өлкемізден шыққан әйгілі тұлғалардың, батыр бабаларымыздың ерлік істерін қайта жаңғыртты, есімдері көшелерге беріліп, күштеп танылған Компартия көсемі серіктерінің атынан құтылуға көмектесті. Осының өзіненақ бас редактордың, ол басқарған басылымның шығармашылық ұжымы мен қалың оқырмандарының облыстың рухани өміріне қосқан үлесі ұшан-теңіз, ал алар орны ерекше, мәртебесі биік болғанын бағамдай беруге болады.

Облыс өмірінің шешімін күткен проблемалары туралы «Журналист мәселе қояды» айдарымен проблемалық мақалалар жиі беріліп тұрды. Осы айдармен берілген алғашқы мақаланы талантты журналист Рахметбек Өзбеков марқұм жазды. Ол редактордың тапсыруымен Свердлов (қазіргі Байзақ), Меркі, Сарысу аудандарындағы ауылдар мен кішігірім елді мекендерде болып, ондағы тұрғындардың мұңмұқтаждарын, ауыз сумен жабдықтау мәселесін қозғаған «Ұмыт қалған ауылдардың әлеуметтік проблемасы» мақаласы үлкен пікір туғызды. Газеттің сыны тиісті орындар тарапынан кемшіліктерді жою бойынша шұғыл шаралар қабылдануына ықпалын тигізді. Олардың редакцияға жазған жауаптары «Газет көтерген мәселе бойынша» деген айдармен жарияланды. Сол тұста редакцияда еңбек еткен журналистердің шығармашылық әлеуеті өте жоғары еді. Осыған сай, шығармашылық бәсеке де күшті болды.

Проблемалар көтеруге ұмтылып, өндірте жазып отырдық. Әсіресе облыстың жетекші саласы – ауыл шаруашылығындағы проблемалар жиі қозғалды. Әр жарияланым елеусіз қалған жоқ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен сыналған аудандардың, шаруашылықтардың басшыларының жауаптары «Еңбек туы» сынап еді, нәтиже қандай?» деген айдармен топтама етіліп, жүйелі беріліп тұрды. «Сендіруге рұқсат етіңіз» деген тағы бір жаңадан ашылған айдармен Арғынбай Бекбосынның өзі бас болып, редакцияның бөлім меңгерушілері мен қаламы қарымды журналистер, облыстың он ауданындағы шын ахуалды оқырманға боямасыз жеткізетін. Бірде осы айдар аясында Арғынбай Бекбосын «Нүктесі қойылмаған әңгіме» деген үлкен мақала жазып, оны «Ақ жолдың» бірінші бетіне жариялады.

Сынға іліккен басшылар: «Мұндай редакторды тиісті орнына қою керек» деп тулағанымен де, әділ сынды мойындап, жауап жазып, газетке жариялауға мәжбүр болды. «Журналист мәселе қояды» айдарымен жазуға төселген редакция журналистері жүре келе өз тақырыбымызды тауып, бір салаға мамандандық. Сол жылдары редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімін басқарған менің «Журналист мәселе қояды» айдарымен жарияланған Шу ауданындағы әйгілі су қоймасы туралы «Тасөткел тауқыметі» атты проблемалық мақалам («Ақ жол», 25 сәуір 1992 жыл) үлкен пікір туғызып, Шу ауданының әкімі А.Карентаевтың, Қазақстан Республикасы Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары А.Сариннің, газет оқырмандарының үн қосқан, пікірұсыныстарын ортаға салған мақалалары жарияланды. Газетімізде білікті экономистердің талдау материалдары, озат шаруашылықтардың үлгі етер істері жиі берілетін «Іскерлік» беті де ұдайы шығып тұрды.

Күрделі мәселелерді жазуға төселген әріптесіміз Рахметбек Өзбеков бас редактордың тапсырмасын жеріне жеткізе орындап, «Азаматтық диалектикасы» деген мақаласын жариялады. Онда қазақ тілі мен қазақ мектептерінің мүшкіл халі туралы сөз болған еді. Ашық күнгі найзағайға теңеуге болатын сол кез үшін өте батыл жарияланым билік басында отырғандарға, әрине, ұнаған жоқ. Облыстық партия комитетінің сол кезгі бірінші хатшысы Ә.Жақыпов «Барып тұрған ұлтшылдық» деп бағалап, өзінің идеология жөніндегі орынбасарына «Мұны жариялаған редакторды бюрода қарап, орнынан алу керек шығар» деген. Әйтсе де, бұл ұсынысы жүзеге аспады. Халықтың өз басылымдарын қолдауы өте жоғары болғанын ескерген билік оның редакторын жазалауға бата алмады.

Өткір сын айтқан оқырман хатын газеттің бірінші бетіне беру дәстүрін де ең алғаш Арғынбай Бекбосын тәжірибеге енгізді. Бұған да бір мысал, «Ақ жолдың» 1991 жылғы 21 қыркүйектегі санында редакцияның өзім басқаратын ауыл шаруашылығы бөлімінде дайындалған «Горбачевке жазуымыз керек пе?» деген айқайлаған т ақырыппен оқырман хаты ұжымшарында орын алған кемшіліктер туралы айтылғаны бар. Аудан, шаруашылық басшылары кемшіліктерді тезден түзетіп, осы жайлы жауап жазып құтылды. Газеттің мазмұнды болып шығуына өмірі өнегелі, тәжірибесі мол зиялы ардагерлер де кезекпен сөз алып тұратын «Өмірдің ғибратты сәттері» беті жиі беріліп тұруы да өз әсерін тигізді.Бір беттік мақалаларды жазып, газетке жариялап отырған ақын, пайымды прозашы, редакцияның мәдениет бөлімінің меңгерушісі Жақсылық Сәтібеков ағамыз болатын. Мал шаруашылығы қызметкерлеріне арналған «Мәслихат» клубы беті, «Хат жолдарынан. Ой, пікір, күмән, күдік» айдары аясында оқырмандар газет бетінде кеңінен пікір алысып тұрды.

Әйелдерге арналған «Ажар», кітапқұмарлар үшін «Жансерік» беттерінде адамгершілік, мораль, білім мен мәдениет, әдебиет, өнер мәселелері жиі қозғалатын. Газеттің әр нөмірі проблемалық немесе сын мақаласыз, ұсыныс, пікір айтқан оқырман хаттарынсыз шықпайтын. Республикадағы облыстық газет редакторлары арасынан алғашқы болып 1994 жылы Жоғары Кеңеске депутат болып сайланған Арғынбай Бекбосынның орнына «Ақ жол» газетінің бас редакторы болған Әлдихан Қалдыбаев нарықтық қатынастарға өтпелі кезеңнің қиыншылықтары көп кезеңде облыстық басылымның беделі төмендемеуіне қол жеткізе білді.

«Ақ жол» газеті дәл осы Әлдекеңнің тұсында 1997 жылдың 19 ақпанындағы санынан бастап компьютерлік теріммен және беттеумен, кіші форматпен алты бет болып шыға бастады. Ал осы жылдың 1 мамырында «Ақ жол» газетінің 75 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтілді. Көп ұзамай 2022 жылы «Ақ жолдың» 80 жылдығы да тойланды. Осылайша Әлдекең екі мерейтой өткізген бірден-бір бас редактор болды.

Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Әлдихан Қалдыбаев зейнеткерлікке шыққаннан кейін 2004 жылдың қараша айында конкурстық іріктеу жолымен бас редактор болып келген Мақұлбек Рысдәулет басқарған кезде газеттің бағыт-бағдарына көптеген өзгерістер енгізілді, жаңа айдарлар ашылды, тақырыптық беттер жиі беріліп тұрды. Айына бір рет он екі бет болып, қызықты, тартымды шығатын «Атпал – «Ақ жолда» небір татымды мақалалар, бұрын айтыла бермейтін, тың деректер жарияланып тұрды. Сол мақалалардың бәрі 2005-2009 жылдары республикалық «Қазақпарат» баспасынан «Атпал – «Ақ жол» деген атпен шығып тұрған кітаптар арқылы оқырмандардың игілігіне айналды. Мақұлбек Қайыпбекұлының тұсында редакция қызметкерлерінің қатары жас буынмен толықты. Олар газетке тың тыныс әкеліп, облыс экономикасы мен әлеуметтік саласындағы өзекті мәселелерді кеңінен қозғаған жарияланымдар жиі беріліп тұрды.

Басылым ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығын алды, «Ақ жол» газетінің 85 жылдық мерейтойы да кеңінен аталып өтті. Зейнеткерлікке осы бас редактордың тұсында шықтым. Заман талабына сай 2020 жылдың маусым айында облыстық «Ақ жол», «Знамя труда» және «Арай» жастар газеті «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бірікті. «Ақ жол» газетіне бас редактор болып республиканың бас газеті «Егемен Қазақстанда» бөлім меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Оралхан Дәуіт тағайындалды. Осы жылы басылым «Үркер – 2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясын иеленді. 2022 жылдың қазан айында газеттің 100 жылдығына арналған мерейтойы өтті.

Бүгінде «AulieataMedia» ЖШС-нің Бас директоры Данияр Асқарұлы. Оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген, заманмен үндес басылым шежіресінің өзім куә болған жарқын беттері осындай. Алда да жетістіктер жылнамасы жазыла беретініне сенемін. Зейнет демалысында жүрсем де басылымның қазіргі тыныс-тіршілігінен де жақсы хабардармын. Дамыған интернет үстемдік құрған, адамдар жаңалықты білу үшін қалтафондарына көбірек жүгінетін заман туғандықтан газет таралымының кеміп кеткені белгілі.

Осындай қиын жағдайда да «AulieataMedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамындағы «Ақ жол» газетінің шығармашылық ұжымының ақпараттық-талдамалық мақалаларды жиі беріп, оқырмандар көңілінен шығып келе жатқаны қуантады. Бұл, әрине, газет тірегі оқырмандарының саны артуына жеткізеді. Лайым, осылай болғай!

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ

Қазақстанның Құрметті журналисі