Жаңалықтар

«Қазақстанға үнемі келгім келетін еді»

27 сәуір күні Астанаға Израиль Президенті Ицхак Герцог ресми сапармен келді. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады. Екі күндік сапар аясында мемлекеттер басшылары келіссөздер жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективасын, сондай-ақ жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцог наурыз айында телефон арқылы сөйлескен еді. Ол кезде Израиль Президенті Мемлекет басшысын жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануымен құттықтаған болатын.

Сондай-ақ әңгімелесу барысында президенттер екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен келешектегі даму перспективасын, әсіресе, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылаған еді. Ицхак Герцог Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық мемлекет ұзақмерзімді экономикалық даму жоспарын жүзеге асыруы үшін бейбітшілік қажет деген пікірімен келісетінін жеткізіп, сонымен қатар Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалаған.

«Қазақ халқының керемет мәдениеті туралы көп естідім»

Елімізге алғаш рет ресми сапармен келген мәртебелі мейман салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін президенттердің Ақордада өткен шағын құрамдағы келіссөзінде осылай деп ағынан жарылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ицхак Герцогпен еліміздің төрінде жүздескеніне қуанышты екенін айтты.

Израиль Президенті 1993 жылы Қазақстанға сапар жасаған әке сі Хаим Герцогтың ізін жалғап Ақордаға келгені үшін қуанышты екенін жеткізді.

Сонымен қатар Израиль Президенті Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу және Бейбітшілік кеңесінің жұмысына атсалысу туралы шешімін қолдады.

Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу рәсімі Астанада өтуі мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцогтың келіссөзі екі ел делегациясының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Израильдің сан қырлы байланыстары ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқанын атап өтті.

Президенттің пікірінше, Ибраһим келісімдері өңірлік тұрақтылыққа, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға берік негіз қалайды.

Өз кезегінде Ицхак Герцог Қазақстан мен Израиль арасындағы әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға, барлық деңгейдегі ықпалдастықты жандандыруға, сондайақ бірлесе күш жұмылдыра отырып серіктестікті жаңа әрі сапалы кезеңге шығаруға келісті.

Президенттер Alem.ai орталығына барды

Сапардың екінші күнінде ҚасымЖомарт Тоқаев пен Ицхак Герцог Alem. ai халықаралық жасанды интеллект орталығының қызметімен танысты. Мұнда таланттарды тауып, оларды даярлаудан бастап, ЖИ шешімдерін әлемге таратуға дейінгі технологиялық дамудың толық циклі жүзеге асырылады. Израиль Президентіне Қазақстанның жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын экономика мен әлеуметтік саланың басты бағыттарына енгізудегі негізгі жетістіктері көрсетілді.

Сонымен қат ар мемлекеттер басшыларына Astana Smart City жобасы туралы мәлімет берілді. Ауқымды бастама аясында елорданың жаңа интеллектуалдық инфрақұрылымы қалыптасады. Сол күні Израиль Президенті Ицхак Герцог Қазақстан Республикасының Ұлттық музейін де аралады. Мәртебелі мейманға музейдің алты залы бойынша экскурсия ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, ол Алтын, Этнография, Ұлы дала тас мүсіндері залдарымен және өзге де экспозициялармен танысты.