Құс фабрикасының іргетасы қаланды
Бүгінгі міндеттің бірі – инвестиция тарту арқылы экономиканы әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын құру арқылы тұрғындардың табысын арттыру. Осы бағытта облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы 2029 жылға дейін аймақта жалпы құны 5,9 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Ал өткен жылы 21 инвестициялық жоба іске асырылып, 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл құны 471 миллиард теңгені құрайтын 47 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның бірі – бүгінгі күні құрылысы басталғалы тұрған асыл тұқымды құс шаруашылығы
Осы аптада Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылында «Gakku Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асыл тұқымды құс шаруашылығына бағытталған ІІ санаттағы өндіріс орнының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. «Gakku Qus» ЖШС-нің құрылтайшысы Фарида Жүнісованың айтуынша, қазіргі таңда құс шаруашылығында тұқымдық шикізаттың 80 пайызы шетелден импортталады.
Жаңа кәсіпорын осы олқылықтың орнын толтырып, өндірілетін инкубациялық жұмыртқалар отандық құс фабрикалары мен шаруашылықтарды қамтамасыз етуге әрі экспортқа шығаруға бағытталады. Жүзеге асатын кәсіпорынның жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайды. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады: алғашқы кезеңде жылына 10 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіру жоспарланса, екінші кезеңде өндіріс қуаттылығы 60 миллион данаға дейін ұлғайтылмақ.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев және ауыл тұрғындары қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аграрлық секторды дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру және импортқа тәуелділікті азайту негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Бұл бағытта асыл тұқымды құс шаруашылығы репродукторының маңызы ерекше екеніне тоқталды.
Ал «Gakku Qus» ЖШС-нің құрылтайшысы Фарида Жүнісованың айтуынша, бүгінгі күні құрылыс барысында 120 адам жұмыспен қамтылса, өндіріс ошағы пайдалануға берілгеннен кейін 80-100 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Оның 60-70 пайызы жергілікті тұрғындарға тиесілі болмақ. Жобаны 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Т.Рысқұлов ауданы