Білім

Astana IT University – болашақ көшбасшылар мекені

Қазіргі заманда технологияның даму қарқынының жылдамдығы сондай, кешегі қиял бүгін шындыққа айналып жатыр. Осы қарқынды көшке ілесіп қана қоймай, оны басқаратын мамандар даярлау – осы заманның басты талабы. Елорданың қақ ортасында, EXPO іскерлік орталығының аумағында орналасқан Astana IT University (AITU) – дәл осы талапқа сай ашылған, еліміздегі ең беделді әрі заманауи білім ордаларының бірі. Бүгін біз осы бірегей университеттің ішкі тыныс-тіршілігіне үңіліп, оқуға түсу шарттары мен студенттік өмірдің қыр-сырын талдайтын боламыз.

Astana IT University – жай ғана дәрісханалар жиынтығы емес, озық ойлы жастардың, тәжірибелі ғалымдар мен ірі бизнес өкілдерінің басын қосқан бірегей экожүйе. Университеттің құрылу тарихы мен даму стратегиясына үңілсек, оның елімізде жүріп жатқан Қазақстанды өңірлік IT-хабқа айналдыру концепциясымен тығыз байланысты екенін көреміз.

Университеттің басты ерекшелігі – триместр жүйесі. Елдегі барлық дерлік жоғары оқу орнында оқу жылы екі семестрге бөлінсе, мұнда студенттер жылына үш рет оқу кезеңінен өтеді. Бұл жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктерін сараптап көрейік. Алдымен, уақыт үнемделеді. Студенттер 4 жылдық бакалавриат бағдарламасын 3 жыл ішінде қарқынды түрде меңгеріп шығады. Екіншіден, түлектер еңбек нарығына ерте шығады, яғни бітірушілер қатарластарынан бір жыл ерте жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтай бастайды. Үшіншіден, оқу қарқындылығының жоғарылығы. Білім жүйесі студенттен жоғары жауапкершілікті, уақытын дұрыс ұйымдастыра білу дағдысын талап етеді, бұл өз кезегінде болашақ маманға қажетті қабілеттердің қалыптасуына негіз болады.

Университетте оқытылатын негізгі білім бағдарламаларына тоқталсақ, Computer Science (Компьютерлік ғылымдар) – алгоритмдер мен бағдарламалаудың негізін қалайтын іргелі бағыт. Cyber Security (Киберқауіпсіздік), бұл қазіргі цифрлық соғыстар мен деректерді қорғау заманында ең сұранысқа ие мамандық, Big Data Analysis (Үлкен деректерді талдау) бағдарламасы деректерді өңдеу арқылы бизнес-шешімдер қабылдауды үйретсе, Media Technologies бағыты дизайн, анимация және цифрлық контент жасауды үйретеді.

Astana IT University (AITU) – өзін әлемдік білім беру экожүйесінің ажырамас бөлігі ретінде сезінетін жоғары оқу орны. Білім ордасында студенттер өздерінің стартап жобаларын университет қабырғасында-ақ инкубациядан өткізіп, инвесторлар табуына барлық мүмкіндік жасалған. Университеттің халықаралық стратегиясы тек қағаз бетіндегі меморандумдар емес, студенттер мен оқытушылардың күнделікті өміріне енген нақты жобаларға негізделген.

AITU студенттері үшін шетелде оқу – арман емес, қолжетімді шындық. Университет Erasmus+ бағдарламасы мен екіжақты келісімшарттар аясында студенттерді бір семестрге немесе бір оқу жылына шетелдік серіктес ЖОО-ларға жібереді. Бұл бағдарламаның артықшылығы мынада: студент шетелде алған кредиттерін (пәндерін) өз университетінде есептете алады және көп жағдайда тегін оқиды.

Университеттің ең беделді бағыттарының бірі – қос диплом бағдарламалары (Double Degree). Студент оқудың белгілі бір уақытын Қазақстанда, ал қалған бөлігін шетелде өткізіп, нәтижесінде екі диплом (AITU дипломы және шетелдік серіктес ЖОО дипломы) алып шығады. Бұл түлекке әлемдік еңбек нарығында шексіз мүмкіндіктер береді.

AITU-дағы білім беру бағдарламалары еңбек нарығының нақты сұраныстарына негізделген. Мұнда «өлі теорияға» орын жоқ. Әрбір бағдарлама IT-индустрияның алпауыттарымен бірлесе отырып жасалған. AITU тек басқа университеттермен ғана емес, жаһандық IT-корпорациялармен де тікелей серіктес. Университет қабырғасында әлемдегі ірі компаниялардың Cisco Networking Academy (желілік технологиялар бойынша әлемдік стандарт), Huawei ICT Academy (телекоммуникация және бұлттық есептеулер), Oracle Academy (мәліметтер базасын басқарудың көшбасшысы), Microsoft Imagine Academy (бағдарламалық қамтамасыз ету және бұлттық шешімдер) академиялары жұмыс істейді. Бұл – студент дипломмен қатар бүкіл әлемде мойындалатын кәсіби сертификаттарды иелене алады деген сөз. Осы сертификаттарды иеленген маманды кез келген халықаралық компания сынақсыз жұмысқа алуға дайын.

Мақаламызды түйіндей келе, Astana IT University бүгінде жай ғана оқу орны деңгейінен асып, еліміздің цифрлық егемендігінің тірегіне айналу жолында деп сеніммен айта аламыз. Мұнда жинақталған зияткерлік әлеует, халықаралық байланыстар және қазіргі заманғы инфрақұрылым Қазақстанның жас ұрпағына жарқын болашақ сыйлайды.

Егер сіз сапалы білімді, халықаралық ортаны және кепілді жұмыс орнын іздесеңіз, Astana IT University-ді таңдаңыз. Бұл жерде кешегі арман бүгінгі технологияға, ал бүгінгі студент ертеңгі әлемді өзгертуші тұлғаға айналады. Университет тек диплом беретін орын емес, жастардың заманауи ойлау қабілетін қалыптастыратын ұстахана. Егер сіздің балаңыздың немесе өзіңіздің болашағыңызды болашақ технологияларымен байланыстырғыңыз келсе, AITU – ең дұрыс таңдау. Ақтөбелік жастардың бұл оқу орнына деген ынтасы – өңірдің ертеңгі күні цифрлық әлемде бәсекеге қабілетті болатынының кепілі.

Сабира САПИНА,

Astana IT University Жалпы білім беру пәндері мектебінің

қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к.,

Айзада УТАНОВА,

Astana IT University Жалпы білім беру пәндері мектебінің

қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к.