Жамбылда не жаңалық?

Тұрар Рысқұлов ауданында инкубациялық жұмыртқа өндіретін зауыт құрылысы басталды

Жамбыл облысында жылына 60 млн инкубациялық жұмыртқа өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Жамбыл облысында «Gakku Qus» ЖШС-ның асыл тұқымды құс шаруашылығына бағытталған ІІ санаттағы өндіріс орнының іргетасына капсула салу рәсімі өтті.

Тұрар Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылында жүзеге асатын кәсіпорынның жалпы құны – 3,5 млрд теңге. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады: алғашқы кезеңде жылына 10 млн инкубациялық жұмыртқа өндіру жоспарланса, екінші кезеңде өндіріс қуаттылығы 60 млн данаға дейін ұлғайтылмақ.

Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев және ауыл тұрғындары қатысты.

Ербол Қарашөкеев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аграрлық секторды дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру және импортқа тәуелділікті азайту негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Бұл бағытта асыл тұқымды құс шаруашылығы репродукторының маңызы ерекше.

«Gakku Qus» ЖШС-ның құрылтайшысы Фарида Жүнісованың айтуынша, қазіргі таңда құс шаруашылығында тұқымдық шикізаттың 80 пайызы шетелден импортталады. Жаңа кәсіпорын осы олқылықтың орнын толтырып, өндірілетін инкубациялық жұмыртқалар отандық құс фабрикалары мен шаруашылықтарды қамтамасыз етуге әрі экспортқа шығаруға бағытталады.

Құрылыс барысында 120 адам жұмыспен қамтылса, өндіріс ошағы пайдалануға берілгеннен кейін 80-100 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 60-70 пайызы жергілікті тұрғындарға тиесілі болмақ. Жоба 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында жалпы құны 5,9 трлн теңгені құрайтын 116 жоба бар. Өткен жылы 21 жоба жүзеге асырылып, 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал биыл жалпы құны 471 млрд теңгені құрайтын 47 жобаны іске қосу көзделуде.