Тараздағы ҚАЖ мекемесінде жас қызметкерлерге шен тапсырылды
Жуырда өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінде кезекті рет аппараттық жиын ұйымдастырылды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Басқосу барысында мекеме бастығы, әділет полковнигі Ермек Джалгасбаев жеке құрам қызметкерлерінің алдына нақты міндеттер қойды. Ермек Жармухамбетұлы өз сөзінде ҚАЖ қызметкерлерінен мекемедегі құқықтық тәртіпті нығайту, жазасын өтеушілердің арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмыстарды жетілдіру және сотты болғандарды жұмыспен қамтамасыз ету бағытында кешенді жоспарларды өз деңгейінде орындалуы талап етілетінін баса айтты.
Сондай-ақ жиын барысында мекемедегі жедел жағдайдың тұрақтылығына айрықша көңіл бөлу – басты назарда екені атап өтілді. Бұдан бөлек тәртіп сақшыларының қызмет барысында ұқыптылығы мен жинақылығы, киімінің мұнтаздай таза болуы сөз болды. Бұл ретте жоспарға сай саптық байқауды ұйымдастырудың маңызы зор. Онда саптық дағдыны жетілдіру әрі саптық командаларды орындау кезінде реттілікті, сондай-ақ басшы және жеке құрамның нысандық киім үлгісін қатаң ұстануын қамтамасыз ету назарға алынады. Тиісінше, қызметкерлердің сыртқы түр-сипаты, үлгілік киімі, қызметтік куәліктері мен айырым белгілерінің талаптарға сай болуы тексеріледі.

Сонымен қатар осы күні бірқатар жас қызметкерлерге салтанатты түрде шен тапсырылды. Атап айтқанда, бақылаушылық бөлімінің бақылаушылары Досымжан Сихымбай мен Ерсұлтан Өтелбайға «әділет кіші сержанты» шені берілді. Айта кетейік, қазіргі таңда дәл осы мекемеде бас-аяғы 23 офицер және 28 сержант шеніндегі қызметкерлер жемісті жұмыс істеуде.