Білім беру жүйесінің цифрлық болашағы талқыланды
Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында мектеп білімін цифрлық трансформациялау мәселесіне арналған IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары деңгейде өтті. Екі күнге жоспарланған ауқымды жиынға еліміздің әр өңірінен және шетелден келген білім саласының мамандары, ғалымдар, мектеп директорлары мен педагогтер қатысты. Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов арнайы қатысып, өңірдегі білім беру жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, құттықтау сөзін арнады. Білім беру жүйесін цифрлық дәуір талаптарына бейімдеу, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру және озық тәжірибелерді ортаға салу – бүгінгі жиында жүзеге асып отыр. Қасиетті Тараз жеріндегі бұл басқосу білім беру саласындағы жаңа бағыттарды айқындап, тәжірибе алмасуда, тың идеялар мен тиімді шешімдер қабылдауға үлкен мүмкіндік, – дей келе қатысушыларға сәттілік тіледі.
Пленарлық отырыста сөз алған спикерлер STEM тәсілі негізінде білім мазмұнын жаңарту, XXI ғасыр дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ өңірлік білім беру экожүйесін дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталды. Халықаралық сарапшылардың қатысуы конференцияның мазмұнын байытып, тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде отандық білім беру жүйесінің әлемдік үрдістермен үйлесімді дамуына жол ашады.
Конференция аясында инновациялық білім беру шешімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, заманауи цифрлық құралдар мен технологиялар таныстырылды. Қатысушылар мектеп тәжірибесінде қолданылып жүрген тиімді әдістермен танысып, оларды өз тәжірибелеріне енгізу жолдарын талқылады. Әсіресе пәндерді кіріктіріп оқыту, сыни ойлау мен зерттеушілік дағдыларды дамытуға бағытталған тәсілдер көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар панельдік және секциялық отырыстар барысында нақты кейстер ұсынылып, педагогикалық тәжірибелер жанжақты сараланды. Шетелдік мамандар өткізген воркшоптарда білім берудің жаңа модельдері мен әдістемелері көрсетіліп, олардың тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденді.
Жалпы, бұл конференция білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаңға айналды. Мұнда ұсынылған идеялар мен бастамалар мектеп білімінің сапасын арттыруға, цифрлық трансформацияны жүйелі түрде жүзеге асыруға серпін беретіні сөзсіз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА