Әлеумет

Кітапханашының қызметі кітап берумен ғана бітпейді

Кітапты жан азығы десек, кітапхана – рухани қазына. Қалың көпшілікті кітап оқуға шақырып, келген оқырмандарға мәдениеттілікпен қызмет көрсетіп, әрбір кітапқа асыл дүние деп қарап, күтіп, сақтайтын кітапханашылар – рухани қазынаның сақшылары. Еңбектері ерек болғанымен назарға көп түсе бермейтін кітапханашыларды қарапайымдылықтың да үлгісі десек болғандай. Сондай адал еңбектің иесі, бір кітапханада 43 жыл қызмет еткен Гүлсім Нарбаева Қазақстанның Құрметті кітапханашысы атанған.

Жамбыл мәдени-ағарту училищесінен «Кітапхана» бөлімін бітіріп, 1978 жылдан 2021 жылдың наурыз айына дейін Мойынқұм аудандық орталық кітапханасында еңбек еткен Гүлсім Нарбаева кітапхана жұмысының барлық кезеңінен өткен. Атап айтсақ, оқу залы, үйге кітап беру, яғни абономент бөлімдерінің кітапханашысы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі, кітап қорын толықтыру, кітапхананы дамыту бөлімінің аға редакторы, аға әдіскері, «Оқу залы» бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Аудан кітапханашыларының жұмысына көмек ретінде көптеген библиографиялық құралдар шығарды. Тек кітапханада емес, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, аудан халқына мәдени қызмет көрсетті. 1984 жылдан бастап, аудан көлемінде өткен мерекелік, мәдени шерулердің, поэзия, көркемсөз, мүшәйра және тағы басқа шығармашылық кештердің, байқаулардың, облыста өткізілетін аудандық мерекелердің сценарийлерін жазып, жүргізді.

Аудандық мәдениет бөлімі жанындағы әйелдер кеңесін, кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін қоса атқарды. 1998 жылы Абай, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің алғашқы аудандық байқауларын ұйымдастырып, жүргізді. Оқушыларға арналған «Жас Қайрат» әдеби бірлестігінің, аудандық кітапхана жанынан 2001 жылы құрылған «Ақ босаға» атты қыз-келіншектер, «Алтын босаға» атты отбасылық шығармашылық клубтарының жетекшісі болды. Осы жылдар ішінде облыс әкімінің Алғыс хатын, Amanat партиясы аудандық филиалының, аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың, аудандық мәдениет басқармасының, аудандық кітапхананың Құрмет грамоталарын иеленді. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарымен, «Кітапхана ісінің ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының құрметті кітапханашысы», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін», «Мойынқұм ауданына 60 жыл» төсбелгілерін тағып, халықтың құрметіне бөленді.

Аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің штаттан тыс тілшісі болған оның өлеңдері мен әңгімелері, мақалалары баспасөз беттерінде әлі де жарияланып жүр. «Әулиеата шайырлары» атты өлеңдер жинағының І томына, «Түркі әлемі жазушыларының» IV томына, Сүндетулла Әбіловтың «Мойынқұмның ыстығы мен суығы» атты кітабына бірнеше өлеңдері енгізілген.

Бізбен бөліскен естелік әңгімесін «2019 жылы зейнетке шыққаныммен 2021 жылдың наурызына дейін жұмыс істедім. 43 жыл аудандық кітапханада еңбек етіп, қиындықты да, қуанышты да кезіктірдік, мейірімді жандардан да көп жақсылық көрдім. Кітапхана ісі ширатты, шынықтырды, өмірді шын ұқтырды» деп аяқтады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Мойынқұм ауданы