Жаңалықтар

John Deere Қазақстанда 3 мыңға жуық техника шығармақ

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының машина жасауды дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмалары аясында Еуропа, Канада және АҚШ-тың ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын жетекші компаниялары басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге қатысушылар өнеркәсіп кооперациясын тереңдету, өндірісті локализациялау және отандық кәсіпорындарға заманауи агротехнологиялар енгізу мәселелерін талқылады. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.

Үкімет басшысы аграрлық сектордың өсіп келе жатқан қажеттіліктері ауыл шаруашылығы техникасының тұрақты және болжамды нарығын қалыптастыратынын атап өтті. Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Егіс алқаптары шамамен 24 миллион гектарды құрайды. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9 триллион теңгеден асып, 6 пайыздан астамға өскен. Астық жинау 26 миллион тоннаға, майлы дақылдар 5 миллион тоннаға жетті.

Бүгінде еліміздің егіс алқаптарында 130 мыңнан астам трактор, шамамен 30 мың комбайн, 200 мыңнан астам тіркемелі және аспалы техника бірлігі пайдаланылуда. Бұл ретте өткен жылдың қорытындысы бойынша техника паркін жаңарту деңгейі 6,5 пайызды құрады. Нысаналы мақсат – бұл көрсеткішті жыл сайын 10 пайызға дейін жеткізу. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау шараларының жүйелі тетігі қалыптастырылған.

Оның ішінде техника сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 пайызына дейін субсидиялау, кредиттер мен лизинг бойынша жүктемені төмендету, сондай-ақ отандық өндірістегі техника үшін 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру ұсыну қарастырылған. Қабылданып жатқан шаралар қазірдің өзінде нәтиже беруде – соңғы екі жылда отандық техника сату көлемі 35 пайызға артып, 7,7 мыңнан 10,4 мың бірлікке дейін өскен. Сонымен қатар сұраныс құрылымы анағұрлым күрделі әрі жоғары технологиялық машиналарға қарай ауысуда. Бүгінде жыл сайын 8 мыңнан астам трактор және 1,2 мың комбайн шығаратын 8 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ішкі нарықтағы отандық техниканың үлесі шамамен 90 пайызға жетті.

Басқосуда халықаралық серіктестер локализацияны одан әрі тереңдетуге, технологиялар трансферіне, сервистік инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстан нарығында қатысуды кеңейтуге қызығушылық білдірді. Толық технологиялық тізбекті қалыптастыру және отандық шаруалар үшін заманауи жоғары технологиялық жабдықтардың қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Кездесуде John Deere компаниясының ТМД елдері бойынша вице-президенті Петер Заксе Қазақстанның ұзақмерзімді ынтымақт астыққа ашықтығын және өздерінің инвесторлар үшін жасалып жатқан жағдайды жоғары бағалайтынын атап өтті.

Eurasia Group AG бас операциялық директоры Сергей Глоккенің сөзінше, жаңа тетіктердің арқасында ауыл шаруашылығы саласының түбегейлі жаңа деңгейіне қол жеткізілді. Қалыптасқан инвестициялық және институционалдық ахуал Қазақстанды ұзақмерзімді негізде технологиялар трансферті, жобаларды локализациялау және дамыту контекстінде шетелдік инвестициялар үшін тартымды алаңға айналдырады.

Өнімі 40-тан астам елге тарайтын, ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші жетекші компания Väderstad Group-тың (Швеция) директорлар кеңесінің мүшесі Кристина Старк Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін айтты: «Біздің компания Қазақстанның тұрақты серіктесі болуды және елдің ауыл шаруашылығын дамытуға қатысуды жоспарлап отыр. Өзара іс-қимылымыздың әлеуетін дамыту қазақстандық шаруалардың қажеттіліктеріне бағдарланған жаңа өнімдер шығаруға мүмкіндік береді».

Компаниялардың топ-менеджерлері серіктестікті дамытуға дайын екендігін білдірді. Олардың қатарында Dewulf компаниясынан – Хендрик Декрамер, Amity Technology – Майк Спренгер, Lindsay Corporation – Ричард Гарольд, Frans Vervaet B.V. – Робин Верват, Brandt – Филип Коржчак, Kuhn Group – Джеки Кирч және тағы да басқалар бар. Қазақстан тарапынан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің пікірлері тыңдалды. Кездесу қорытындысы бойынша Қостанайдағы Локализация орталығының өндірістік базасында Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін локализациялауға бағытталған көпжақты келісімдерге қол қою рәсімі өтті.

Келісім «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Eurasia Group AG» ЖШС мен әлемдік жетекші өндірушілер – Väderstad Group, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Frans Vervaet B.V., Kuhn Group және Brandt компаниялары арасында жасалды. Уағдаластықтарды жүзеге асыру саланың әлеуетін күшейтеді және Қазақстанның жаһандық өнеркәсіптік өндіріс жүйесіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.

 

Aq jol-Aqparat.