Қаратауда қауыз жарған, Мәңгілікке аңыз болған – қызғалдақ
Табиғат-ананың өзі төрден орын берген, бекзада бабалар мөріне айналдырған қастерлі қызғалдақ гүлдерінің қауыз жарғаны биыл тағы Ұлы Далада ұлан-асыр мерекеге ұласты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен ел аумағында өтіп жатқан «Таза Қазақстан» жобасымен ұтымды ұштасқан «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі биыл Қаратау бөктеріне екінші рет ел назарын аударып отыр. Өңір басшылығының ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараға 6 мыңға жуық адам қатысып, алыс-жақын шетелдік туристердің көз-қуанышына айналды. Дүбірі дәстүрге айналып, думаны тауға жаңғырған шара барысында Нидерланд Корольдігі тарапынан Жамбыл облысына 40 мың түп қызғалдақ тұқымы тарту етілді.
Осыдан он ғасыр бұрын Әулиеата топырағында іргетасы қаланып, әлемнің жеті кереметінің бірі саналған Тәж-Махалдың өзінен алты ғасыр бұрын Орта Азияда бой көтерген бірегей сәулеттік нысан Айша бибі кесенесі күмбезінің ұшарбасында қауыз жармаған қызғалдақтың бедерленуі тамыры Қаратауға байланған осы гүлдің тарих пен өркениеттен алар орны әу бастан орасан зор болғанын айғақтайды.
Осылайша Қарахан Айша аруға мәңгілік тарту еткен қызғалдақ гүлі Ұлы Жібек жолымен жаһанға тамыр жайып, алты құрлыққа жұпарын таратты. Әлемнің дамыған елдерінде әдеміліктің символына айналды. Өнер мен өркениет, қайталанбас жеңісті сәттер мен махаббаттың нәзік те нәркес нышаны, экономика мен мәдениеттің шедевріне айналған шаһарлардың басты құндылығы, құрметтің шыңы атанды. Ал сол гүлдердің тамыр-тарихы қасиетті Қаратау бөктерінде жатқаны бұған дейін жаһан жұртына беймәлім болғаны жасырын емес. Осыған орай облыс басшылығы өңір аумағында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтардың арнайы картасын әзірлеп, әрбір гүлдің таралу аймағын зерделеген болатын. Нәтижесінде Әулиеата топырағында әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен сарапшылардың, табиғат жанашырларының басын қосып, әлемге мәшһүр гүлдердің бастауы Жамбыл өңірі екенін айғақтаған еді.
Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық фестиваль аясында шетелдік меймандар қызғалдақтардың қауыз жару сәтін тамашалап, талайға таңсық болған табиғат тылсымының түп тамыры Қаратау бөктерінен тарағанын тағы да мойындап кетті. Топырағы текті, даласы дастан Талас ауданындағы Есейхан ауылында ұйымдастырылған дүбірлі шараны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып беріп, дәстүрлі фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан әрбір азаматқа және арнайы алыстан ат терлетіп келген қонақтарға алғысын жеткізді.
Мұнан соң сөз тізгіндеген «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев құт дарыған Қаратау қойнауындағы құндылықты барынша қорғап, құрметтеудің маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.
Айта кетсек, биылғы фестивальдің басты жаңалығы – Нидерланд Корольдігі Жамбыл облысына 40 мың түп қызғалдақ тұқымын тарту етті. Корольдіктің аманатын Holland Bulb Market компаниясының менеджері, Нидерланд елінің өкілі Марсели Пьехна жеткізіп, арнайы сертификатты облыс басшысына салтанатты түрде табыстады.
Жаһанға жар салған фестиваль тек Нидерландыдан келген қонақтармен ғана шектелген жоқ. Сондай-ақ Голландия, Қытай, Түркия, Сингапур, АҚШ, Украина, Финляндия, Швейцария және Чехия елдерінен шетелдік қонақтар келді. Қазақтың ұлттық дәмінен ауыз тиіп, спорттық ойындардың куәсі болды. Фестиваль аясында демеушілер тарапынан жүлде қоры 5 миллион теңгені құрайтын ұлттық спорт ойындарының 8 түрінен жарыс өтті. «Сен тұр, мен атайын» деген жампоздар аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, қол күресі, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, асық атудан алдарына жан салмады. Фестиваль аясында «Үздік бие сауыншы», «Бауырсақ Фест» сайысы, қаздай тізілген қазақы киіз үйлерде жергілікті қолөнершілердің көрмесі мен қызғалдақтарға арналған фотосурет көрмесі ұйымдастырылды.
Дәстүр-салтты дәріптейтін ашық аспан астында өткен ауқымды фестивальде 20-дан астам ақшаңқан киіз үй тігіліп, мәдени-көпшілік шаралар мерекенің мерейін асырды. Белгілі эстрада жұлдыздары Серік Ибрагимов, Тоқтар Серіков және Бейбіт Сейдуалиева бастаған, облыстық филармонияның күміс көмей, жезтаңдай әншілері қостаған концерттік бағдарлама дала төсін дүбірге бөледі. Осылайша қызғалдақтың отаны саналатын Әулиеата жерінде табиғат пен тарихты, құндылық пен тағылымды тоғыстырған іс-шара жоғары деңгейде өтіп, рухани брендке айналған қызғалдақтар көптің құрметі мен риясыз ықыласына бөленді.
Фестиваль соңында Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университеті мен «Ауыл» партиясының 200-ден астам еріктісі іс-шара аумағын тазалап, табиғат-Анаға деген құрметін ілкімді іспен қорытындылады.
Қызғалдақ
Күн иіскеп, ай аймалап әрбірін,
Дауылдардан тауып алған тағдырын.
Ғашықтардың жүрегіндей бұл гүлдер,
Тәңір тауға байлап қойған тамырын.
Ынтықтырған жыртқышты да, жауды да,
Сенің ернің секілді естен тандыра.
Бұл гүлдерде мейірім бар бізде жоқ,
Қара тасты басып жатқан баурына.
Сағындырар сағым қуып жоғалсаң,
Жаныңды ұғар айтқызбай-ақ оралсаң...
Осы гүлдер шынайы һәм шыдамды,
Біз сияқты жасанды емес одан соң.
Сең соқса да, сел басса да лайланбай,
Қураса да құламайтын жайдан-жай.
Бір-бір «Қызыл кітап» сынды барлығы,
Және оған бізді жазып қойғандай...
Бала кезде кең даладан көп тергем,
Менен басқа біреу үзсе, жек көргем.
Бұл гүлдерде адалдық бар бізде жоқ,
Бірге туып, бірге өлетін көктеммен!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ