Үйді басқару: Жауапкершілік, сенім, нәтиже
Қай кезеңде де қала тұрғындары үшін көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы таза әрі жайлы болуы – аса маңызды. Десе де бүгінгі таңда еліміздегі кейбір шаһарларда инженерлік желілердің тозуы, тұрғын үйлерге қатысты қаржылық және ұйымдастырушылық ресурстардың жеткіліксіздігі, төлемдер басқару мәселелеріндегі түсініспеушіліктердің жиі орын алатыны жасырын емес. Осы себепті өткен жылы Amanat партиясы көппәтерлі тұрғын үйлерді тиімді басқаруды көздейтін «Тurgyndar amanaty» жобасын қолға алғаны белгілі. Жалпы, аталған жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы түйткілді мәселелерді шешу мақсатында іске асырылуда. Яғни, көпқабатты баспананың басқарушысына көңілі толмаған немесе ұтымды ұсынысы ескерілмеген кез келген тұрғын Amanat партиясының жанынан құрылған комиссияға жүгіне алады. Облыс орталығындағы «Достық үйінде» алғаш рет өткен «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форумы аясында қатысушылар мүлік иелерінің бірлестігі мен жеке пәтер иелері кооперативіне қатысты мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік алды.
Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Amanat партиясының хатшысы Шолпан Каринова, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мемлекеттік және коммуналдық сала өкілдері қатысты.
Басқосуда ең әуелі сөз алған аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелері әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды болып қала беретінін әрі бұл мәселе халықтың мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде тұрғын үй қорын басқару саласындағы реформаларды жүйелі түрде іске асыру арқылы басқару субъектілерінің жауапкершілігін, ашықтығын және қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда.
Бұдан кейін Amanat партиясының хатшысы Шолпан Каринова өз сөзінде «Тurgyndar amanaty» жобасы көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты қордаланған мәселелердің оң шешімін табуға бағытталғанын атап өтті. Жоба аясында мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларын оқыту, депутаттармен кері байланысты күшейту, әкімдіктермен бірлескен жұмысты жолға қою, аулаларды абаттандыру және «Халық қатысатын бюджет» тетігін кеңінен пайдалану көзделіп отыр. Сөзінше, бұған дейін ел аумағындағы бірнеше өңірде дәл осы бағыттағы жүйелі жұмыс жүргізілген. Мәселен, төрт айда Астанада ашылған жобалық фронтофисте 114 өтініш қабылданып, 67 мәселе бойынша кеңес берілген екен.
Мұнан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров елімізде әлеуметтік-экономикалық даму мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында маңызды заңнамалық шешімдер қабылданып жатқанын жеткізді. Халық қалаулысының сөзіне сенсек, өзекті мәселелер Мәжіліс мінберінде де тұрақты түрде көтеріліп, назарға алынуда. Сондайақ жиында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев та сөз сөйлеп, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару саласындағы қордаланған мәселелерді көтерді.
Оның айтуынша, аталған министрлік пен Amanat партиясы іске қосқан жоба аясында түйткілді мәселелерді дер кезінде шешу жолдары қарастырылып жатыр. Форумда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков көне шаһарда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жөнінде баяндады. Ал форум жұмысы оқыту семинарымен жалғасын тапты. Мұнда қатысушыларға практикалық білімдерін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берілді.
Есен ӨТЕУЛІ