Мәдениет

Дәстүр заманауи дизайн тіліне айналады

Тараз қаласындағы Көне Тараз тарихи-этномәдени кешені аумағында 22-25 сәуір күндері ASPARA FASHION WEEK A/W 2026/27 XVII маусымы өтуде. Халықаралық сән апталығы Орталық Азиядағы жетекші платформалардың бірі ретінде әлемнің түкпір-түкпірінен дизайнерлерді, қолөнершілерді және креативті индустрия өкілдерін біріктіріп отыр.

2017 жылы негізі қаланған жоба осы уақытқа дейін 60-тан астам елден 800-ден аса дизайнердің басын қосып, тұрақты халықаралық кәсіби қауымдастық қалыптастырған. Биылғы XVII маусым аясында көрсетілімдер, байқаулар, шоурумдар, кездесулер, сондай-ақ білім беру және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сән апталығының ашылуы 22 сәуірде өтіп, оның аясында Designers Showroom алдын ала таныстырылымы, сондай-ақ Eurasian Council for Craft & Design (ECCD) халықаралық ұйымының алғашқы Бас конференциясы ұйымдастырылды. ECCD – Еуразия кеңістігіндегі қолөнер, дизайн және креативті экономика саласындағы кәсіби қауымдастықты біріктіретін жаңа құрылым. ASPARA FASHION WEEK президенті Айдархан Қалиевтің айтуынша, бұл жоба тек сән көрсетілімдерімен шектелмейді.

23-24 сәуір күндері өткен негізгі бағдарлама индустриялық бағытқа арналды. Атап айтқанда, Alla Ilchun — 100 халықаралық дизайнерлер байқауы, GLOBAL DESIGNERS RUNWAY SHOW, CONTEMPORARY DESIGN RUNWAY SHOW, сондай-ақ кәсіби шоурумдар мен B2B кездесулер ұйымдастырылды. Бұл алаңдар дизайнерлерге өз жұмыстарын таныстырып қана қоймай, нақты іскерлік келіссөздер жүргізуге мүмкіндік берді. Маусым аясындағы ерекше жобалардың бірі – аты аңызға айналған модель Алла Илчунның 100 жылдығына арналған халықаралық байқау. Байқау жас әрі тәжірибелі дизайнерлерді біріктіріп, этномәдени мұра мен haute couture эстетикасын үйлестірген жаңа туындыларды ұсынуға бағытталған. 25 сәуірде сән апталығы Silk Road Experience: Taraz мәдени бағдарламасымен, қорытынды баспасөз сессиясымен және GRAND FINALE RUNWAY SHOW – From Tradition to Future финалдық көрсетілімімен қорытындыланады. Сондай-ақ үздік қатысушыларға арнайы марапаттар табысталды.

ASPARA FASHION WEEK-тің басты концепциясы – «нео-фольклор» бағыты. Бұл – дәстүрлі киім үлгілерін заманауи сәнмен ұштастырып, ұлттық мәдени кодтарды жаңа форматта ұсыну. Аталған бағыт ұлттық мұраны сақтай отырып, оны жаһандық сән индустриясына енгізуді мақсат етеді. Жалпы, Тараздағы халықаралық сән апталығы өңірдің мәдени және креативті әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанды әлемдік сән картасында айқындайтын маңызды алаңға айналып отыр.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ