ASPARA FASHION WEEK Сән – энергия бар жерде туады
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығының XVII маусымына арналған көшпелі баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға сән индустриясының халықаралық және отандық өкілдері қатысып, алдағы сән апталығының маңызы мен мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
Баспасөз конференциясында «ASPARA FASHION WEEK» бас менеджері әрі продюсері Санжар Қалиев сөз сөйлеп, жобаның ауқымы мен мәніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл сән апталығы 17 маусым ішінде 50-ге жуық елден 700-ден астам дизайнерді біріктірген ірі халықаралық платформаға айналған.
Сонымен қатар ол бұл жобаның дизайнерлер үшін халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік беретін бірегей алаң екенін атап өтті. Сән апталығы аясында жаңа байланыстар орнап, шығармашылық ынтымақтастық нығая түседі. Жиынға қатысқан Mad Mood Milan Fashion Week президенті Марианна Мичели де өз пікірін білдіріп, Қазақстандағы сән индустриясының даму қарқынына жоғары баға берді.
Ал Serbia Fashion Week президенті Светлана Хорват Тараз қаласының ерекше атмосферасы мен халықаралық әріптестіктің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ASPARA FASHION WEEK – тек сән апталығы ғана емес, елдер арасындағы мәдени және кәсіби байланысты нығайтатын алаң.
Жалпы, «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығы – ұлттық мәдениетті заманауи сәнмен ұштастырып, дизайнерлердің кәсіби дамуына серпін беретін маңызды жоба. Тараз қаласында өтіп жатқан бұл шара өңірдің мәдени әлеуетін арттырып қана қоймай, оны халықаралық сән индустриясының маңызды орталықтарының біріне айналдыруға ықпал етуде.
Мақпал СҮЙІНБАЙ