ДӘСТҮР және ҚАЗІРГІ заман
Тараз қаласындағы «Руханият» орталығында «Дәстүр және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, онда ұлттық қолөнердің өткені мен бүгіні, даму үрдістері мен жаһандық кеңістіктегі орны жан-жақты талқыланды.
Іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, дизайнерлер, қолөнер шеберлері мен сарапшылар қатысты. Конференцияның мақсаты – дәстүрлі өнерді сақтау, оны заманауи үрдістермен ұштастыру және халықаралық тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру. Жиынды тарих ғылымдарының докторы Асқар Абдуалы ашып, конференция жұмысының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, дәстүр мен жаңашылдықтың үндесуі–ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін қамтамасыз ететін басты фактор.
Конференция барысында «ASPARA» сән апталығының президенті Айдархан Қалиев «Тараздың қолөнер шеберлігі: дәстүрлер және заманауи үрдістер» тақырыбында баяндама жасап, көне шаһардың қолөнер мектебі бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті. Ол ұлттық нақыштағы бұйымдардың заманауи дизайнмен үйлесуі – халықаралық нарықта сұранысқа ие екенін жеткізді. Ал Қазақстан этнодизайнерлер одағы қоғамдық бірлестігінің президенті Салтанат Жапарова Қазақстан қолөнерінің әлемдік деңгейде танылып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның пікірінше, дәстүр мен инновацияның тоғысуы – ұлттық өнердің жаңа белесіне шығуына мүмкіндік береді. Халықаралық сарапшылар да өз тәжірибелерімен бөлісті.
Тәжікстаннан келген Абдукаххор Хамдамов қолөнердің туризмді дамыту мен халықты жұмыспен қамтудағы рөліне тоқталса, өзбекстандық Гулнора Чориева кілем тоқу өнеріндегі дәстүр мен жаңғыру мәселелерін қозғады. Қырғызстандық қолөнерші Кымбат Байматова Талас пен Тараз арасындағы тарихи-мәдени байланысты сөз етсе, алматылық этнодизайнер Нұржамал Айдос «Пазырық мәдениетінің жалғасы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ конференцияда Түркістан өңірінің қолөнер саласындағы орны да кеңінен айтылды. «Түркістан Қолөнер Одағының» президенті Индира Икапова бұл қаланың түркі әлеміндегі рухани рөлі мен қолөнер орталығы ретіндегі маңызын ерекше атап өтті.
Жиын барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры Сейдахан Бақторазов Тараздың орта ғасырлардағы қолөнер және сауда орталығы ретіндегі тарихи рөліне жаңа көзқарас ұсынды. Оның зерттеулері көне шаһардың Ұлы Жібек жолындағы стратегиялық маңызын тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Жалпы, халықаралық конференция дәстүрлі қолөнердің ғылыми тұрғыда зерттелуіне серпін беріп, тәжірибе алмасуға кең жол ашты. Мұндай басқосулар ұлттық құндылықтарды сақтау мен оны әлемдік деңгейде дәріптеуде маңызды рөл атқаратыны анық.
Мақпал СҮЙІНБАЙ