Қазақ жастары өзге елдерге кетуге неге құштар?
Соңғы жылдары елімізде жоғары білімді, белсенді жастардың басқа мемлекеттерге кету үрдісі күшейіп отырғаны алаңдатарлық мәселеге айналды. Бұл мәселені біржақты бағалау дұрыс емес, себебі оның себептері де, салдары да күрделі және көпқырлы.
Ең алдымен, жастардың шетелге кетуінің негізгі себептерінің бірі – сапалы білім алуға деген ұмтылыс. Бүгінде көптеген жас шетелдік университеттерді таңдайды. Себебі олар әлемдік деңгейде білім алып, жаңа технологияларды меңгеруді қалайды. Әсіресе Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты елдердің жоғары оқу орындары жастар үшін тартымды.
Ондағы білім беру жүйесі тәжірибеге бағытталған, студенттерге еркіндік беріледі, зерттеу мүмкіндіктері кең. Қазақстанда да білім беру жүйесі дамып келеді, дегенмен кей жастар шетелдік тәжірибені көруді маңызды деп санайды. Екінші маңызды себеп – жұмыс және мансап мүмкіндіктері. Көптеген жастар шетелде жалақы жоғары, еңбек нарығы кең, кәсіби өсуге жағдай жасалған деп есептейді. Әсіресе ІТ, медицина, инженерия салаларында жұмыс істейтін мамандар үшін шетелдік компаниялар үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Қазақстанда да бұл салалар дамып келе жатқанымен, кей жағдайда жалақы деңгейі мен еңбек жағдайы жастарды толық қанағаттандырмайды. Үшінші себеп – өмір сүру сапасы. Кей жастар шетелдегі өмір деңгейін жоғары деп қабылдайды. Олар инфрақұрылымы дамыған, экологиясы таза, қоғамдық жүйесі реттелген елдерде өмір сүруді қалайды. Мысалы, көлік жүйесі, медициналық қызмет, қауіпсіздік деңгейі сияқты факторлар да шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар әлеуметтікпсихологиялық факторлар да әсер етеді. Жастар өздерін еркін сезінетін, өз ойын ашық айта алатын ортада өмір сүргісі келеді. Кейбірі жаңа мәдениетпен танысуды, тіл үйренуді, әлемді көруді мақсат етеді. Бұл – табиғи құбылыс. Әр адам өз өмір жолын өзі таңдауға құқылы. Алайда бұл үрдістің кері әсерлері де бар. Ең алдымен, елде білікті мамандар саны азаюы мүмкін. Әсіресе жас әрі білімді кадрлардың кетуі – ел үшін үлкен шығын.
Өкініштісі, кей жастар шетелге кеткен соң, елге қайта оралғысы келмей қалады. Керісінше, кейбір жастар шетелде білім алып, тәжірибе жинап, кейін елге оралады. Сөйтіп, жинақтап келген тәжірибесін елдің даму жолында көрсетеді. Сондықтан қоғамда жастардың өз орнын табуына жағдай жасау қажет. Мемлекет пен қоғам жастарға сенім білдіріп, олардың бастамаларын қолдауы тиіс. Сонда ғана жастар өз болашағын туған елімен байланыстырады.
Елнұр САМАТҰЛЫ
№1 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы.
Т.Рысқұлов ауданы