Жаңалықтар

Байлықты мақтан ету - мәдениет пе, мәселе ме?

Соңғы жылдары әлеуметтік желілер адамның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Instagram, TikTok, YouTube сияқты платформаларда адамдар тек ақпарат алып қана қоймай, өзгенің өмірін бақылап, сонымен өзін еріксіз салыстыра бастайды. Әсіресе блогерлер мен танымал тұлғалардың сән-салтанатты өмірі – қымбат көліктер, брендтік киімдер, зәулім үйлер – көпшіліктің назарын аудартуда.

Жақында әлеуметтік желіде Қытайда байлықты көрсеткендердің бағы байланып, қылмыстық жазаға тартыла бастағандығы туралы ақпарат тарады. Яғни Қытай билігі мен Weibo, Douyin, Xiaohongshu сынды технологиялық алпауыттары қоғамдағы ысырапшылдық пен тәкаппарлықты тежеу мақсатында жаппай бақылау шараларын күшейткен. Атап айтар болсақ, блогерлер мен өзге де адамдарға әлеуметтік желі арқылы қымбат көлік пен зәулім сарайларды көрсетіп, елдің көзіне түсуге, қолдағы қолма-қол ақшаны немесе банктегі шотты суретке түсіріп мақтануға, шектен шыққан салтанатты кештер мен астамшылықты жариялауға, қымбат киім мен бренд заттарымен мақтануға қатаң түрде тыйым салды.

Бұл қадамдар мемлекеттік «ортақ игілік» (Common Prosperity) саясаты аясында халық арасындағы әлеуметтік теңсіздікті азайту үшін жүзеге асырылуда. Осылайша Қытайдың 2016 жылы басталған «интернетті тазарту» науқаны 2026 жылдың сәуір айында шешуші кезеңге өтіп, небәрі бірнеше апта ішінде 10 мыңнан астам контент жойылған. Елдегі миллион жазылушысы бар блогерлер бір түнде жоқ болып кеткен болса, жүздеген аккаунттар бұғатталған.

Қазір Қытайдың блогерлері жаппай қарапайым киініп, қарапайым локацияда контент түсіруге көшкен. Мұндай қадамның астарында тек моральдық емес, әлеуметтік себептер жатыр. Сарапшылардың пікірінше, үнемі сән-салтанатты өмірді көру қарапайым адамдардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Яғни адам өз өмірін өзгемен салыстырып, өзін төмен сезінеді, күйзеліске ұшырайды. Әсіресе табысы тұрақсыз немесе төмен азаматтар үшін бұл үлкен қысым. Біздің қоғамда да бұл мәселе өзекті. Әлеуметтік желілерді ашқан сайын «мінсіз өмірдің» көріністері жиі кездеседі. Демалыс, қымбат сыйлықтар, той-думан – бәрі әдемі, бәрі жарқыраған. Нәтижесінде, кейбір адамдар өз өміріне көңілі толмай, отбасында түсініспеушілік пайда болуы мүмкін. Әсіресе әлеуметтік желідегі «идеал өмірмен» өзін салыстыру – күйзеліс, қызғаныш, тіпті жанжалға алып келетін жағдайлар бар.

Осы тұрғыдан алғанда, Қытайдың тәжірибесі ойлануға әрі құптауға тұрарлық. Әлеуметтік желілердегі контентті толық шектеу емес, бірақ оның қоғамға әсерін ескеріп, белгілі бір деңгейде реттеу – маңызды мәселе. Қалай болғанда да, Қытайдың бұл қадамы әлеуметтік желінің тек ойын-сауық алаңы емес, ол қоғамның психологиясына тікелей әсер ететін күшке ие екендігін көрсетеді. Қазіргі таңда еліміздегі қоғам назарын аударған бірқатар жағдайлар да бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, бүгінгі әлеуметтік желі кеңістігінде «жылдам байып кету», «оңай ақша табу» идеясы жиі алға шығады. Әсіресе жастар үшін бұл қауіпті үрдіске айналуы мүмкін. Себебі шынайы өмірде тұрақты табыс пен жетістік көбіне ұзақ еңбек, тәртіп және кезең-кезеңімен өсу арқылы келеді. Ал әлеуметтік желідегі жарқыраған көріністер бұл процесті елемей, бәрі бір сәтте бола салатындай әсер қалдырады.

Нәтижесінде, кейбір жастар сабырлы даму жолын емес, тез әрі оңай жолды іздеуге бейімделеді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі қоғамда болып жатқан мұндай жағдайлар тек жеке адамдардың мәселесі емес, тұтас бір буын үшін сабақ болуы тиіс. Байлық – мақсат емес, нәтиже. Ал нәтижеге жетудің артында әрдайым еңбек, уақыт және жауапкершілік тұратынын ұмытпау маңызды. Байқасаңыз, бізде де көлік ойнатып, танхауста тұрып, ақшаны аспанға шашып жүрген блогерлерді салықпен, сотпен әбден қысып жатыр. Осы жағдайларға қарағанда алдағы уақыттағы тренд – адал еңбек пен тыныш әрі жайлы өмір болмақ.

 

Арна ЖҰМАТАЙ