Артық білім – кітапта
Ауыл мектептерінің кітапханасы жаңа кітаптармен толықпақ. Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясында ауылдық мектептерге арналған жаңа кітаптарды қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті.
Игі іс-шара руханият жанашырлары мен жастардың басын қосты. Жиын барысында ауыл балаларының білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған түрлі жанрдағы әдебиеттер мен заманауи оқулықтар таныстырылды. Бұл бастама алыстағы елді мекендердегі білім ошақтарының материалдық-рухани базасын нығайтуға үлкен септігін тигізбек.
Бұл бастама – ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын жоюға бағытталған маңызды қадам болды. Жаңа кітаптар оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығын оятып, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға қызмет етеді. Жиын соңында қабылданған бағалы тартулар арнайы жоспар бойынша ауылдық мектептерге жөнелтілді.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА