Әлеумет

Кітапхана – өмірімнің бір бөлшегі

Кітапқа деген балалық махаббаты өмірлік жолын табуға жетелеген жандардың бірі – Күлайша Оразбаева. Т.Рысқұлов аудандық кітапханасында табаны күректей 40 жыл қызмет етіп, осы жерден зейнеттік демалысқа шыққан ол әлі күнге екінші үйіндей болған жерден байланысын үзбеген. Жылда кітапханашылар күнінде және мерекелерде бұрынғы ұжымымен бас қосып, Наурыз мейрамында ақ кимешегімен бүлдіршін оқырмандардың алдында ертегісін айтып жүр.

Луговой ауылында 1953 жылы өмірге келіп, сол ауылдағы Теміржол мектебін тәмамдағаннан соң Тараз қаласындағы техникалық институтына «Тігін бұйымдарының технологиясы» мамандығына оқуға түседі. Алайда кітапқа деген балалық махаббаты оны Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық институтының «Кітапхана және библиография» факультетіне жетелейді.

Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыс кітапханаларға да өз салқынын тигізіп, біразы жабылып қалған жағдайлар да болған. Жылжыған уақытпен бірге еліміздің экономикасы ілгерілеп, 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» болып жарияланған соң, кітапханалар қайта ашылған. Сол бір уақыттағы қиындықтар ешкімнің есінен шыға қоймаған болар.

Әрине, ел мүддесі үшін атқарылған еңбек ескерусіз қалмайды. Күлайша апай да ауданнан, облыстан түрлі марапаттарға ие болған. Соның бірі өткен жылы, яғни «Жұмысшы мамандықтары» жылында «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған. Кітапханадағы қызметін атқара жүріп, «Алатау» әуесқойлар клубын басқарып, ұлттық дәстүрлерді насихаттап, дамытуға да үлес қосқан Күлайша апай қазір де зейнетте болғанымен аудандағы мерекелік іс-шараларға қатысып жүр. Сонымен қатар кітапсүйер қауым қоғамына да жетекшілік еткен ол қазір 1 ұл, 3 қызынан тараған немерелерінің сүйікті әжесі. Бізбен бөліскен естелік әңгімесін «Кітапхана өмірімнің бір бөлшегіне айналды» деп қорытындылады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы