Әлеумет

Кітап – асыл қазына

Жан азығы – кітап оқуды қоғамда насихаттау мақсатындағы Ұлттық кітап күні елімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, көпшілік қауымды рухани байлықпен мейлінше сусындауға шақырады. Осындай маңызы зор ісшара Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды. «Кітап – асыл қазына» атты республикалық кітап фестивалі қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуды, жас ұрпақты кітапқа жақын болуға баулу, рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлттық әдебиетті насихаттауды мақсат етті. Сондай-ақ оқырман мен автор арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, кітапхана ісінің беделін арттыру көзделді.

Іс-шара барысында «Өлеңге деген махаббат» атты әдеби композиция ұсынылып, түрлі этнос өкілдерінің қазақ поэзиясына деген құрметі көрініс тапты. Бұл бөлім көпұлтты қоғамдағы мәдени бірлікті, әдебиетке деген ортақ сүйіспеншілікті айқын көрсетті. Ұлттық кітап және кітапханашылар күнімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов кітаптың адамзат өркениетіндегі ерекше орны жөнінде ой қозғады.

Кітапхана ісінің дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге, ауылдық және аудандық кітапханалардың мамандарына, сондай-ақ әдебиет пен мәдениет саласының өкілдеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаты салтанатты түрде табыс етілді. Сонымен қат ар «Руханият елшісі» номинациясы аясында Қазақст анның белгілі жазушылары, журналистері және әдебиеттанушы ғалымдары марапатталды. Олардың қатарында елге танымал қаламгерлер мен жоғары оқу орындарының профессороқытушылары бар.

«Жыр құрметі» номинациясы бойынша түрлі этнос өкілдері қазақ поэзиясын насихаттап, көпұлтты бірлікті дәріптегені үшін марапатқа ие болды. Бұл Қазақстан халқының рухани бірлігі мен мәдени тұтастығын айқындай түсті. Фестивальге елімізге белгілі ақын-жазушылар, журналистер, баспа ісінің мамандары және ғалымдар қатысып, кітап, әдебиет, баспа ісі және оқырман мәдениетінің қазіргі даму үрдістері туралы ой бөлісті. Олардың қатарында арнайы шақырылған ақын, республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары Дархан Бейсенбекұлы, «GARYSH» баспасының бас редакторы Олжас Саржаев, «GARYSH» баспасының редакторы, «Тұлғатану» жобасының жетекшісі Ұлан Айхожаев бар. Жиынның ерекше сәттерінің бірі – жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі болды.

Жаңа туындылар оқырман назарына ұсынылып, авторлардың шығармашылық ізденістері мен еңбектері кеңінен таныстырылды. Бұл бөлім әдебиет әлеміндегі маңызды жаңалық ретінде бағаланды. Фестиваль барысында «Жанды кездесу: автор мен оқырман» алаңы ұйымдастырылып, онда жазушылар мен оқырмандар арасында еркін пікір алмасу өтті. Сонымен қатар «Поэзия & шабыт» алаңында ақындар өз шығармаларын оқып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА