Әдебиет

Аяулы ақынды сағынғанда

«Иншалла, қолымда жақсы зат болса, Жарлы, мұқтаж жандарды жарылқауға жететін, Жаны мұңды жандарды бақыттырақ ететін. Таразыға тартылмас, өлшенбейтін өлшеммен, Табиғаттың өзіндей тегін сыйлық берсем мен. Әзиз халқым көбейіп, уайымымды азайтсам, Заманынан озатын заты гауһар сөз айтсам» – деп елге, барша адамзатқа деген жанашырлық ниетін жырымен жеткізген ақын Күләш Ахметова тірі болса, бүгін, яғни 25-сәуір күні 80 жасқа толар еді. Өткен жылдың қарашасында қазақ халқы аяулы ақын қызымен қош айтысып, соңғы сапарға шығарып салған болатын. Әрбір өлеңінің астарынан махаббат, қамқорлық, жан жылуы сезілетін Күләш Ділдәқызы қазақтың көркем сөзін кестелеген өнерімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының құрметті азаматы, Парасат және Құрмет ордендерінің иегері атанды. Жан-жағына мейірімін таныта білген ақын апаны сағынған жұрт бүгінде еске алып, естеліктерін бірбірімен бөліседі. Ақынын сағынған жұртының сезімін өлеңімен жеткізген Күләш Ахметованың замандасы мен артынан ерген қаламгер сіңлілерінің шумақтарын оқырман назарына ұсынамыз.

Ақын рухы

Өлді деуге ақын қызды қия алмай,

Біз отырмыз көздің жасын тыя алмай.

Зердемізді нұрландырып тұрушы ең,

Заңғар көкте самғап ұшқан қырандай.

 

Аждаһа ажал әбігерге салдырды,

Жыр сүйетін жұртты естен тандырды.

Жалғыз ғана үмітіміз – артына,

Күләш өшпес жыр мұрасын қалдырды.

 

Қарашаның қара желі аңырап,

Жылап жатыр сен жырлаған жапырақ.

Баяны жоқ тіршіліктен безгендей

Бебеу қақты боз жусанды атырап.

 

Көрмесек те қайғырудан еш пайда,

Мұң шағамыз жұлдыздарға, кешкі Айға.

Періштелер әкеткенмен көтеріп,

Өлең-жырын ұмытқызар күш қайда?!

 

Қолын бұлғап ағайын, жұрт, танысқа

Ақын рухы кетті ұшып алысқа.

Сағынғанда серпіп тастап бұлттарды

Найза шыңдар телмірді ғарышқа.

 

Көктен Күләш тіл қатады еліне,

Кіндік кескен, туып-өскен жеріне.

«Таң атқанда күліп оян!» дейді ол

Әлемдегі адамзаттың бәріне!

 

Шаттандырған тау мен ұлы Даланы,

Шайқалмайды киелі өнер дарағы.

Шын таланттың жүрегінің сәулесі

Шуақ шашып болашаққа барады!

 

Шырын МАМАСЕРІКОВА

Күн апама

Сіз маған күлім қаққан Күнімдейсіз,

Жұлдыз болсам, мөп-мөлдір Түнімдейсіз,

Күн апа-ау, әр күлтесі жарқыраған

Туған жердің нұрланған гүліндейсіз.

 

Сәулесін шашатұғын жерге тынбай,

Кім сыйлар бар жылуын елге бұлай?!

Күн апа-ау, тек сіздегі саусақтардан

Жарқырар тақсам анау ерке Күн, Ай.

 

Жақсылық жайлы айтты жанарыңыз,

Жылынып ізіңізден барады күз...

Құлпырып дүние біткен кететіндей,

Кітапқа тигенінде қаламыңыз.

 

Көңілім қыр төсінен жиды гүлді,

Қуантсам деген менде күй бұрынғы.

Құлағым тоса қалсам кең далаға,

Қазақтың әр орманы сүйді сізді.

 

Сезінем жаныңыздың асқарлығын

Жырыңыз жақын неге достан бүгін?

Мұңайсам, қалам іздеп кетсем, ол да

Сіз басқан топырақты басқандығым.

 

Қараңғы түндегі Сіз шырақ-тағы Ақылшым,

Күн апам-ау, жырақтағы,

Кеткенде жаным тоңып озбырлықтан

Жылындым жырыңызбен кітаптағы.

 

Үйіне, жан-жағына дос жиған көп,

Үлгісіз бар қазаққа сөз бұйдам жоқ!

Оқығанда өлеңімді жымисаңыз,

Қайтқанмын алдыңыздан мәз-мейрам боп.

 

Күн апа, Жұлдыз қыздың жақыны ма?

Ана десе, сіз келіп ақылыма

Рұқсат па, жырдан гүлді ұсынуға

Қазақтың аялаған ақынына!

 

Жұлдыз АСҚАРҚЫЗЫ

Жырыңызға құмарым басылар ма?..

Өмірін өлеңменен өрнектеген,

Келіскен, ақ ажарлы келбет деген.

Қазақтың пәк жүректі ақын қызы,

Күләштің саф жырына шөлдеп келем.

 

Жүзінен шуақ нұры шашыраған,

«Ақындық» ауыр жолда жасымаған.

Адал жар, аяулы ана, сүйікті әже,

Қасында, үлгі тұтар асыл адам.

 

Құс тілін жырыменен ұғып келген,

Жүректен орын алған тұнық термен.

Сырласқан қазағымның назды еркесі,

Бойыма бітпейтін күш, үміт берген.

 

Толғанып, толықсумен тіл қатады,

Еріксіз жырға баурап, тыңдатады.

Құрметтеп, қадірлеумен, жақсы көрем,

Қырағы көз hәм таза нұрлы апаны.

 

Қыз болмысқа ақындық қиын деген,

Бірақ та бұл өнерді «сыйым» деген.

Өлеңін бөбегіндей әлпештеген,

Күләшқа қалай халық сүйінбеген?

 

Осылай теңіз көңіл тасынар ма?

Сыр-жырын қанығумен пәс ұғар ма?

Апатай ғажап толы зәм-зәм судай,

Жырыңызға құмарым басылар ма?..

 

Марал ХАНТӨРЕҚЫЗЫ.