Ақын рухына арналған кеште
«Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Күләш Ахметованың 80 жылдығына арналған «Махаббатты қорғауға шақырамын!» атты әдеби сазды кеш өтті. Жамбыл облысының Құрметті азаматы, журналист, аудармашы Күләш Ділдәқызына арналған кеш ақынның шығармашылық мұрасын ұлықтауды, оның рухына тағзым етуді мақсат етті.
Қаламгерқыз-келіншектер жинағыныңтұсауы кесілді
Осы кеште Күләш Ахметованың рухына арналған «Інжу-Маржан» қаламгер қыздар клубының алғашқы жинағының тұсауы кесілді. Шара барысында өңірдегі қаламгер қыздардың еңбегін кеңінен насихаттау, поэзия мен руханияттың құндылығын дәріптеу, кітап оқу мәдениетін дамыту және жас қаламгерлердің шығармаларын көпшілікке таныстыру көзделді.
Облыста тұңғыш рет жарық көрген қаламгер қыздардың жинағын шығаруға қоғам қайраткерлері Батырбек Құлекеев пен Жұмабек Бөлекбаев, Amanat партиясы жанындағы әйелдер қанатының жетекшісі Айман Әшімова, «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжі»-нің директоры Жанат Ертаева демеушілік көрсеткен.
Кешке өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, сөз өнерінің саңлақтары – ақын-жазушылар мен әдебиет майталмандары, ақын Күләш Ділдәқызының құрбылары мен қоғам белсенділері, замандастары, курстастары және өмір жолында үзеңгілес болған аяулы жандар қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова қаламдас құрбысына деген сағынышын өлеңімен жеткізді. «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев пен Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов ақын туралы естеліктерімен бөлісті. Күләш Ахметова туралы естеліктерін айтып, жаңа жинаққа оқырманы көп болуын тілеген ақын Шырын Мамасерікова, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы, Amanat партиясы облыстық филиалының Әйелдер қанаты басшысының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетова, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева «Інжу-Маржан» кітабының тұсауын кесті.
Күләш Ахметованың өмірлік серігі, белгілі ақын Қайырбек Асанов айтулы іс-шараға үлес қосқандарға өз отбасының атынан ризашылығын білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді. Әдеби кеште «Көктем вальсі» мектеп оқушыларының би ансамблі өнер көрсетіп, Тараз қаласындағы №66 орта мектебінің талантты оқушылары мен №45 мектеп гимназиясының оқушысы Берген Бағжан ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, поэзияның көркемдік қуатын сездірді. Сондай-ақ Күләш Ахметованың сөзіне жазылған әндерді К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Ғани Мәтебаев пен Айгүл Мақашова және әнші Нұргүл Мусали орындады. Кентау Назарбектің «Сен қазақсың!» әнін Орынбасар Бақытұлы орындап, көрерменнің зор қошеметіне ие болды.
Қамар ҚАРАСАЕВА