Жаңалықтар

Жаһанда не жаңалық?

Жаһанда не жаңалық?

«АҚШ ИРАНҒА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ҚОЛДАНБАЙДЫ»

Ақ үйде журналистермен кездесуінде Дональд Трамп осылай деп жауап берген.

АҚШ Президенті: «Мен Иранға қарсы ядролық қару қолданбаймын. Бізге ол қажет емес. Маған ол не үшін керек? Неге осындай ақымақ сұрақтар қойылады? Біз оларды жай қарудың күшімен-ақ жойып жібере аламыз. Ядролық қаруды біреудің пайдалануына ешқашан жол бермеу керек», – деді.

ЛИВАН МЕН ИЗРАИЛЬ АРАСЫНДАҒЫ БІТІМ ҰЗАРТЫЛДЫ

Ливан мен Израиль арасындағы бітім тағы үш аптаға ұзартылды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

Америка басшысының айтуынша, мұндай шешім оның Ақ үйде Израиль мен Ливанның жоғары лауазымды өкілдерімен кездесуі нәтижесінде қабылданған. «АҚШ Ливанға «Хезболладан» қорғануға көмектесу үшін онымен бірлесе жұмыс істейді», – деп жазды Дональд Трамп өзінің әлеуметтік желісінде. Сондайақ ол жуық арада Вашингтонда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды және Ливан президенті Джозеф Аунды қабылдауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Еске сала кетсек, 16 сәуірде Дональд Трамп Израиль мен Ливан 10 күндік бітімге келгенін жариялаған еді. Оған дейін Ақ үйде осы екі ел арасындағы соңғы 34 жылдағы алғашқы екіжақты келіссөздер өткен.

КУВЕЙТ 55 ТӘУЛІКТЕН КЕЙІН ӘУЕ КЕҢІСТІГІН АШТЫ

Кувейт шамамен 55 тәуліктен кейін алғаш рет азаматтық авиация үшін әуе кеңістігін ашты. Бұл туралы The Star ақпараттық порталы хабарлады.

«Кувейт жергілікті әуежайларға келетін жолаушылар ұшақтары үшін өзінің әуе кеңістігін ашты», – деді агенттік тілшісіне сұхбат берген дереккөз. Оның айтуынша, бұл шешім елдің авиациялық билігінің тиісті қаулысына сәйкес қабылданған. Сонымен бірге барлық рейстер Кувейттің азаматтық авиация басқармасымен алдын ала келісіліп отыруы тиіс. «Мұндай рұқсатсыз бірдебір рейс әуе кеңістігіне кіре алмайды», – деді дереккөз. Кувейт аспаны азаматтық авиация үшін 28 ақпан күні күннің бірінші жартысында АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы басталғаннан кейін жабылған. Бүгінге дейін Кувейт Таяу Шығыста әуе кеңістігі толық немесе ішінара ашылмаған соңғы ел болып келген еді.

ОРМУЗ БҰҒАЗЫНА МИНА ҚОЙЫП ШЫҚПАҚ

Иран қарап отырған жоқ, елдің қарулы күштері соғыс басталған жағдайда соққы беретін нысандар тізімін әзірлеуде. Бұл туралы Фарс агенттігі хабарлады.

Қарымта жауап ретінде Израиль мен Вашингтонның Таяу Шығыстағы одақт аст арының элект р ст анцияларына шабуыл жасауға бел буып отыр. Сондай-ақ Тегеран Құрама штаттар орнатқан теңіз блокадасына қарсы Баб-эльМандеб бұғазы бағытындағы кеме қатынасын шектеп, Ормуз бұғазын миналап тастауды қарастырып жатқан көрінеді.

ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАҒА ҚЫСЫМ КҮШЕЙДІ

Ирандағы соғыс салдарынан туындаған энергетикалық дағдарыс жаһандық экономикаға кері әсерін жалғастырып отыр, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Мұнай бағасының өсуі өндіріс шығындарын арттырып, жеткізу тізбектерін әлсіреткен. Соның салдарынан Еуроаймақта іскерлік белсенділік төмендеп, инфляциялық қысым күшейді. S&P Global деректеріне сәйкес, Еуроаймақ индексі 50,7-ден 48,6-ға дейін төмендеген, бұл экономикалық белсенділіктің бәсеңдегенін көрсетеді. Компаниялар шығындардың өсуімен қаржылық тәуекелдердің артуын атап өтуде. Бірқатар бизнес өкілдері болжамдарын қайта қарауға мәжбүр болған. Сарапшылар бұл үрдіс жаһандық инфляцияны күшейтіп, экономикалық өсімді баяулатуы мүмкін екенін айтады. Халықаралық валюта қоры да әлемдік өсім болжамын төмендеткен.

4,3 МЫҢДАЙ JASSM ЗЫМЫРАНЫН САТЫП АЛМАҚ

АҚШ Әуе күштері алдағы бес жылда Lockheed Martin компаниясынан шамамен 4,3 мың дана JASSM-ER қанатты зымыранын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл қару-жарақ Иранмен болған соғыс кезінде жұмсалған қорды толықтыру үшін қажет, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.

Агенттіктің мәліметінше, JASSM-ER зымыранының ұшу қашықтығы шамамен 900 шақырымды құрайды. Америкалық әскери құрылымдар бұл сатып алуларды 2031 жылға дейін жалғастыруды көздеп отыр. Сонымен қатар келесі қаржы жылынан бастап АҚШ Әуе күштері жеткізілім көлемін шамамен алты есеге арттырмақ. Мәселен, осы қаржы жылында 144 зымыран сатып алынса, келесі жылы бұл көрсеткіш 821-ге дейін өседі. Ал 2028 жылы 900 бірлікке жетуі тиіс. Pentagon 2031 жылға қарай өз қорында 11 мың JASSM-ER зымыраны болуын мақсат етіп отыр.

 

Aq jol-Aqparat.