Болашақта газетті кім шығарады?
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қазақ газеттері» ЖШС-нің ұжымы облыстағы оқырмандарымен кездесті. Іс-шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ардагер журналистер мен өңірлік газет-журналдардың бас редакторлары, кітапханашылар мен студенттер қатысты. Қазақ басылымдарын насихаттау, таныстыру мақсатында оқырмандармен болған жылы жүздесуді облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман ашып, «Қазақ газеттері» ЖШС өкілдерімен таныстырып өтті.
Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының жетекшісі, ардагер журналист Жаңабай Миллионов өз сөзінде газет-журналдардың бүгінгі жағдайына тоқталды. «Мәселе газетте жетеді. Бүгінгі күні газеттердің басына қара бұлт үйіріліп тұр. «Қазақ газеттерінде» бар мұң, проблема бізде де бар.
Біріншіден, газет халыққа уақтылы жетпейді. Мұнда «Қазпоштаның» жұмысының дұрыс құрылмағандығының салдары себеп болуда. Тағы бір айтқым келгені, басылымдарға жүктелген мемлекеттік тапсырыстың тақырыбы, бағыттары өзгертілсе екен. Жалпы, басылым бетіндегі ресми ақпаратты азайтып, оқырманды қызықтыратын дүниеге қарай бағыттаса, дұрыс болар еді», – деді ол. Ардагер журналистің ойын «Қазақ газеттері» серіктестігі Бас директорының орынбасары, Алматы басылымдарының жетекшісі Бағашар Тұрсынбайұлы толықтыра түсті.
«Ағамыз айтқандай, «Қазпошта» АҚ бүгінде басылымның негізгі мәселесі болып отыр. Өйткені газет-журнал таратуда көп мәселе туындауда», – дей келіп, «Қазақ газеттері» ЖШСнің жұмыс барысымен таныстырды. Балалардың жүрегіне жол тапқан, 68 жылдық тарихы бар «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш балаларға арналған «Ақ желкен», «Ұлан» және «Балдырған» газетжурна лдарын оқып өскен бала кейін ілгері газеттерді жазып оқитын болады» деген ой айтып, оқырманды алдағы баспасөз жазылымына үлес қосуға шақырды. «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев бүгінгі ке зде судің мақс аты оқырманмен кездесу, басылым үшін жаңа авторлар тарту және өз жұмыс барысымен таныстыру екенін айтты.
«Дружные ребята» газетінің бас редакторы Ольга Рыбкина: «Газеттің әр нөмірі тарих. Ендеше, оның тарихын бірге жасайық», – деген жақсы ой айтты. Ал «Ақ желкен» журналының бас редакторы Балжан Шылғаубай мен «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова газет оқитын балалар ертеңгі үлкен газет оқырманы екенін атап өтті.
Жиын барысында ардагер журналист Амангелді Әбіл «Болашақта газетті кім шығарады?» деген сауалды ортаға тастаса, республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай балалар басылымы мектептермен тығыз байланыста жұмыс істеу керектігін айтты. Ал облыстық жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков газет оқыған баланың көзқарасы мен танымы өзгеретінін сөз ете келіп, балалар басылымына қолдау керек екенін жеткізді.
Жиында көтерілген мәселелер бойынша журналистер өзара ой бөлісіп, пікір алмасты. Газет оқырманымен болған әсерлі кешті облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман қорытындылады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ