Фестиваль гала-концерті: Таразда дәстүрлі әндер дәріптелді
Бүгін Тараз қаласында бастау алған «Тараз – қолөнершілер қаласы» IV халықаралық фестивалінің алғашқы күні өз мәресіне жетті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
«Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінде өткен шара аясында қала қонақтары мен жергілікті тұрғындарға арналған гала-концерт ұйымдастырылды. Бағдарламаға сәйкес дәстүрлі әндерді дәріптеумен эстрадаға кеңінен танылған – «Қоңыр» тобы, «HasSak» қазақ этно-фольклорлық ансамблі, Наркенже Серікбаева және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті. Сондай-ақ, фестивальге қатысушы қолөнершілердің сән көрсетілімі де талғампаз жамбылдық жұртшылықтың назарынан тыс қалмады.
Айта кетейік, дәстүрлі түрде төртінші рет өтіп жатқан ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын фестивальге –Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелден 33 қолөнерші қатысуда.
Екі күнге жоспарланған фестиваль ертең де, яғни 24-сәуірде де жалғасын табады. Жоспар бойынша күні ертең аталған тарихи этно-мәдени кешен аумағындағы "Көркемсурет галереясында" сувенирлік өнімдер жәрмеңкесі және қолөнершілердің шеберлік сағаттары өтеді.
