Баукең ұлттық ойындар арқылы балаларды батырлыққа тәрбиелеген
Қазақ тарих ғылымында тұлғатану бағыты соңғы жылдары ерекше маңызға ие болып отыр. Өйткені ұлттың өткені тұлғалардың өмірі арқылы танылады. Осы тұрғыдан алғанда жазушы, ғалым, тарихшы Мұхтар Қазыбектің еңбектері айрықша назар аударуға лайық.
Ғалымның зерттеулеріндегі басты ерекшелік – архивтік деректерге сүйенуі. Ол тарихи шындықты нақты құжаттар арқылы дәлелдеуге ұмтылып, әрбір дерекке сыни тұрғыдан қарайды. Осындай ғылыми жауапкершіліктің арқасында Мұхтар Қазыбектің еңбектері сенімді әрі құнды дереккөзге айналып отыр. Мұхтар Қазыбек – аудармашы қаламгер. Оның аудармасымен Ю.И.Караханның «Шахмат – ғажайып ойын» (1985), В.А.Шаталовтың «Ғарыш жолы – қиын жол» (1987), И. Артоболевский мен А.Кобринскийдің «Адам және робот» (1983) атты кітаптардың қазақ тілінде жарық көргені ғылымитехникалық жетістіктер дәуіріндегі ауылдарымыздағы, қалаларымыздағы маман оқырмандардың танымдық психологиясына пайдалы әсер бергені ақиқат.
Сонымен бірге ол Бауыржан Момышұлының орыс тілінде жазылған туындыларын қазақшаға аударып, қолбасшы жазушының әскери ғылымның теориялық-тәжірибелік негіздерін жүйелеген «Соғыс психологиясы» атты дәрістер жинағын оқырмандарға ұсынды. Бұл кітапты үш бөлімге («Соғыс психологиясы», «Майданнан жазылған хаттар», «Әңгімелер, мақал-мәтелдер») топтастырып, «Қанмен жазылған кітап» деген атпен 1991 жылы жарыққа шығарды. Майдангер жазушының әскери қолбасшылық қызметін танытатын бұл кітаптың қалың оқырманға ұсынылуы – әдеби, мәдени, рухани тұрғыда аса маңызды мәселе.
Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыс жүріп жатқан кезеңде, 1943 жылдың желтоқсаны мен 1944 жылдың қаңтары аралығында майдангер қолбасшы Бауыржан Момышұлы қысқа мерзімге елге келіп, Алматы қаласында бірқатар маңызды кездесулер мен дәрістер өткізгені белгілі. Сол кезеңде Қазақстан Ғылым академиясының басшылығы ұйымдастырған арнайы ғылыми ортада оның соғыс тәжірибесіне негізделген дәрістері тыңдалған.
1944 жылдың 19 қаңтарында КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық филиалының залында жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық ғылым өкілдері қатысқан жиында Бауыржан Момышұлының бастамасымен және тыңдаушылардың өтініші бойынша алты күнге созылған арнайы дәрістер оқылады. Бұл жиынға Ғылым академиясы филиалының президенті Қаныш Сәтбаев, сондай-ақ Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Есмағамбет Ысмайылов, Бек Сүлейменов, Шапық Шөкин, Кәрім Мыңбаев және тағы басқа көрнекті ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері қатысқан. Аталған дәрістерде соғыс өнерінің теориялық және тәжірибелік мәселелері кеңінен қамтылған.
Атап айтқанда, командирдің шеберлігі мен жауынгердің табандылығы, ұрыстағы ерлік пен қорқақтық, әскери тәртіп пен айбындылық, генерал И.В.Панфиловтың тактикалық мектебі, операциялық және тактикалық міндеттер, шабуыл және қорғаныс ұрыстары, әскери маневрлер (қоршау, айналып өту, бұзып-жару, шегіну) сияқты маңызды әскери ұғымдар жан-жақты түсіндірілген.
Ғалым Мекемтас Мырзахметұлының «Архивте жатқан асыл» атты мақаласында келтірілген дерекке сәйкес, осы 1944 жылғы 19 қаңтардағы жиында оқылған дәрістерді Мұхтар Әуезов мұқият конспектілеп отырған. Оның жазбалары «Бауыржан, его беседы, лекции читанные в течение 6 дней января 44 г.» деген атаумен жазушының әдеби-мемориалдық музейүйі архивіндегі №401 папкіде сақтаулы екені айтылады. Аудармашы Мұхтар Қазыбек бұл дәрістердің мазмұнын қазақ тіліне аудару барысында түпнұсқалық стильдік және поэтикалық ерекшеліктерді толық сақтаған. Соғыс психологиясына қатысты күрделі ұғымдар – командир мен солдат арасындағы байланыс, тәртіп пен ерлік, әскери стратегия мен тактика, Панфилов мектебінің тәжірибесі – ғылыми әрі көркем деңгейде берілген.
Сонымен қатар «Қанмен жазылған кітапқа» енгізілген Бауыржан Момышұлының хаттары да ерекше маңызға ие. Онда Мұхтар Әуезовке, Нұртас Оңдасыновқа, Қаныш Сәтбаевқа және басқа да қайраткерлерге жолданған хаттар арқылы соғыс кезіндегі рухани-мәдени, тәрбиелік және қоғамдық мәселелер көтеріледі. Атап айтқанда, жас ұрпақты отаншылдық пен адамгершілікке тәрбиелеу, ұлттық ойындар арқылы жауынгерлік қасиеттерді қалыптастыру, әдебиет пен өнердегі көркемдік сапаны бағалау мәселелері сөз болады. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Намыс гвардиясы» пьесасына қатысты айтылған сын пікірінде автор көркемдік пен тарихи шындықтың арақатынасына назар аударады.
Сондай-ақ Нұртас Оңдасыновқа жазған хатында ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні ерекше атап өтіледі, ептілік, ширақтық, табандылық, мергендік сияқты қасиеттердің қалыптасуына ықпал ететіні көрсетіледі. Бауыржан Момышұлының 1944 жылдың ақпан айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы М.Әбдіхалықовқа жолдаған «Қазақ тілі туралы пікір» хаты да сол кезең үшін ғана емес, бүгінгі күн үшін де өзекті құжат ретінде бағаланады. Онда мемлекеттік тілдің қолданылу аясы, тіл мәдениеті, ғылым мен баспасөздегі тіл тазалығы мәселелері сын тұрғысынан қарастырылған.
Жалпы алғанда, Бауыржан Момышұлының бұл дәрістері мен хаттары – тек әскери тәжірибенің көрінісі ғана емес, сонымен қатар терең ғылыми-танымдық, тәрбиелік және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухани мұра. Ал Мұхтар Қазыбектің аудармашылық еңбегі бұл мұраны қазақ оқырманына көркем де мазмұнды түрде жеткізген маңызды еңбек ретінде бағаланады. Осы еңбектердің әскери оқу орындарында оқу құралы ретінде қолданылуы және бірнеше шет тілдеріне аударылуы олардың ғылыми және практикалық маңызын айқындай түседі.
Гаухар СӘМБЕТОВА
Магистр
«Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының аға қызметкері.