Атыңнан айналайын, Әулиеата
Тараз төріндегі Баласағұн орталық концерт залында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Атыңнан айналайын, Әулиеата» атты театрландырылған концерттік кеш өтті.
Кеш шымылдығы Жамбыл жырларымен ашылып, сахнада ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы көркем қойылым арқылы бейнеленді. Әулиеата өңірінің тарихы мен тағдыры, елдік пен ерлікті жырлаған Жамбыл поэзиясының тереңдігі көрермен жүрегіне жол тапты. Әсіресе, ақынның халықпен біте қайнасқан болмысы, ел басына күн туған шақтардағы отты жырлары әсерлі сахналанды.
Театрландырылған қойылымда болашақ талантты актерлер мен өнерпаздар Жамбыл бейнесін жан-жақты ашып, көрерменді өткен ғасырларға жетелегендей әсер қалдырды. Ән мен жыр, би мен сахналық көріністер үйлесім тауып, ұлттық өнердің көркем үлгісін көрсетті. Кеш барысында күмбірлеген күй мен әуелеген әндер Әулиеата жерінің рухани байлығын айшықтай түсті. Ісшараның басты ерекшелігі – оның тек концерт емес, тұтас бір рухани сабақ болуында. Жамбыл шығармашылығы арқылы жас ұрпаққа елжандылық, туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық құндылықтарды қастерлеу идеялары кеңінен насихатталды.
Концерттік бағдарлама аясында мектеп оқушыларына болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беріліп, оқу орнының мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылды. Аталған іс-шара жас ұрпақтың рухани адамгершілік тәрбиесін нығайтуға, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға және кәсіби бағдар беру жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға өз үлесін қосты.
Эльмира БАЙНАЗАРОВ