Әлеумет

Атам айтқан әңгімелер

Жерлесіміз, бүгінде Алматы қаласында еңбек етіп жүрген қаламгер Салтанат Әбдіғали жақында ғана Қазақстан Жазушылар одағына мүше болды. Салтанат Әбдіғали 1988 жылы облысымыздың Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келді. Оқушы кезінен бастап, шығармалары баспасөз беттерінде жарияланып келеді. Еңбек жолын «Халық тәлімі» газетінің редакциясында «Балдәурен балғын шақ» балалар газетінде тілші болып бастады. 2014 жылдан бері Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясында редактор болып қызмет атқарып келеді. 2020 жылдан бастап көпшіліктің кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында «Кітаптар әлемі» авторлық жобасын жүзеге асыруда. 2023 жылы «Сағыныш» атты қостағаны республикалық «Жас қалам» конкурсының жүлдесін жеңіп алды. 2025 жылы Amanat партиясының Алматы облыстық бөлімшесі жариялаған «Алатау тынысы» атты байқауда проза номинациясы бойынша екінші орынды иеленді. 2025 жылы қазан айында «Жаназық» және «Кішкентай әйел» кітаптары жарық көрді. Жас жазушының бірнеше әңгімелерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Редакциядан

Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді

«Теңдік береміз, бостандық әкелеміз, халықты қарық қыламыз» деп ұран тастаған кеңес үкіметі ауыздарымен орақ орып, елді оңдырмады. Әр руды, әр ауылды ұстап берекесін сақтап отырған байлардың бар малы мен дәулетін тартып алып, барса келмейтін алысқа жер аудартып жіберді. Еңбегімен күн көріп жүрген қарапайым халық ырысынан айрылып, тоз-тозы шықты. Аштық басталды. Қолдан жасалған дүрбелең Сарысу өңірін де айналып кете алмады. Күштеп құрылған бір артельде жас Әбдіғали анасы екеуі ешкі бағып, өлместің күнін бастан кешіп жатты.

«Өлмегенге өлі балық жолығады» деген рас екен. Әбдіғали кішкентайынан аңшылықты әуес қылып, түлкі, қоян, қырғауыл аулап өсті. Бір үзім нанға, бір кесек етке зар болғанда бұл кәсібі кәдеге жарады. Үйдің жанынан жіңішке ор қазып, одан жертөле жасады. Жертөле – азық-түлік, әсіресе ет сақтайтын шағын қойма. Әбдіғали колхоздың жұмысынан мойны босағанда қолына пістелі мылтығын алып, аңға шығады. Мерген бала бос қайтпайды. Бес-алты қоян атып, олжалы келеді. Оларды сойып, терісін сыпырып, етін қақтап, кептіріп, уықтарға іліп қояды. Баяғыдай келген қонаққа атып ұрып қой сойып тастайтын күн қайда? Келген сыйлы қонақтарға үйдегі азын-аулақ бидайға, тарыға қосып, қоян етін асып береді. Бір күні колхоз бастығы келіп шаруамен танысты. «Айдағаны бес ешкі ысқырығы жер жаратын» қоқаңдап қалған кейбір белсенділер сияқты емес. Мына кісі ондайларға ұқсамайды. Елге түскен ауыртпалықты түсінеді. Бастық екенмін деп шірену жоқ. Жүзінен әрқашанда бір жылылықтың лебі есіп тұрады. Әркім – сыйлағанының құлы. Сол күні Әбдіғали мен анасы бір қоянды қазанға салып, бастықты жақсылап күтіп жіберді. Жүрерінде жертөледегі уықта ілініп тұрған екі қоянның қақтаған етін қоржынына салып, ырза етіп шығарып салды. Түннің бір мезгілінде есікті біреу қаққандай болды. Әбдіғали тез киініп сыртқа шыққанда, түс қайта ғана қоштасып кеткен бастық атынан түсіп жатты. Қолында жарты қапшық заты бар. «Шырағым, – деді бастық асығыс сөйлеп, – түнделетіп мазалағаным үшін айып етпеңдер, бүгін анаң берген екі қоянды асып жеп, бір рақаттанып қалдық.

Көптен бері адамға ұқсап тамақтанбаған едік. Жарты қапшық бидайды шын көңіліммен әкеліп тұрмын. Аз да болса көптей көріңдер». Қалай асығыс келсе, солай асығыс кетіп, қараңғылыққа сүңгіп жоқ болды. Ол кезде жарты қапшық бидай үлкен байлық еді. Аналы-балалы екеуі оны біразға дейін азық етті. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген сол.

Жыланның киесі

Әбдіғали бірде аудан орталығында өтетін мал шаруашылық қызметкерлерінің жиналысына қатысатын болып, ауылдан ертерек шықты. Жанындағы серігі бөлімше зоотехнигі болып жұмыс істейтін Ержан деген жас жігіт. Қос салт атты бір қыр асып, үлкен сайға түсе бергенде Әбдіғалидың астындағы торы қара пысқырып, жалт бұрылды. Әбекең сонда ғана аңғарды. Жуандығы білектей қара жылан жолдарын кесіп, жер бауырлап өтіп барады екен.

– Аға, мына жылан жолымызды кесіп өтті, өлтірмесек болмайды, бір қырсыққа ұшыраймыз, – деп серігі атынан түсіп, қолына тас ала бастады.

– Шырағым, – деді Әбекең әдетінше байсалды үн қатып.

– Ентігіңді бас, жүрейін десе аяғы жоқ, ұшайын десе қанаты жоқ, жер бауырлап өз-өзімен кетіп бара жатқан жәндікте не шаруаң бар?

Оны да Құдай жаратқан емес пе? Жазықсыз жәндікті өлтірсең обалына қаласың. Өмірден көрген-түйгені көп үлкен кісінің сөзіне тоқтаған жас маман қолындағы тасын тастап, атына қайта мінді.

Астындағы атын тебінген Әбдіғали алыстап кеткен, қазақты қынадай қырып салған ашаршылық жылдардағы бір оқиғаны айтып берді. Шаш ал десе, бас алатын Кеңес үкіметінің өкілдері, шықпа жаным шықпа деп отырған қазақтың тышқақ лағына дейін тартып алып, аштық басталды. Қайтсек аман қаламыз деп, жанталасқан халық, саршұнақ, тышқан аулап, жуа теріп, тамыр қазып, тентіреп кетті. Он жастан енді асқан Әбдіғали бір топ ауыл тұрғындарына қосылып, аудан орталығына қарай жаяулап бет алды. Аштық, шөл қысқан топ әрең-әрең ілбіп келеді. «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, күн шақырайып, айналасын қуырып барады. Әбден абыржып кеткен топ бір белді асқанда алдарынан бірдеңе қараңдағандай болды.

– Балам, –деді әрең жүріп келе жатқан егде кісі, – байқадың ба? Шоқ-шоқ болып өскен ағаштың түбінен бірдеңе көрінгендей болды. Мүмкін, інінен шыққан сарышұнақ болар? Байқаймын, ебің бар баласың, сарышұнақты ұрып әкел, азық етейік. Қолындағы үлкен таяғын ыңғайлап ұстаған жас бала иен далада өсіп тұрған қос ағашқа бет алды. Ағаштың түбінде жонын күнге күйдіріп жатқан мақұлық – үлкен қара жылан болып шықты. Қолында таяғы бар баланы көргенде ол қорғанып, ысылдап, айбат шекті. Түрі суық жыланды өлтірмек болған Әбдіғали өз ойынан тез айныды. Әлі есінде: кішкентай кезінде жайлаудағы алты қанат киіз үйге жылан кіріп кетіп, анасы басына айран құйып шығарғаны бар. Сондағы әжесі айтқан: «Шырағым, жылы-жылы сөйлесең жылан да інінен шығады. Адам тұрмақ, жәндік атаулыға да қастандық жасауға болмайды. Обал деген бар. Құдай бәрін естиді, бәрін көреді. Жамандық жасасаң жолың жабылады», – деген сөзі есінде қалыпты.

Әбден шаршап-шалдығып, аштықтан бұратылған, бірақ жүзінде имандылық тұнып тұрған баладан еш қауіп төнбейтінін сезген қара жылан жер бауырлап өз жөніне кетті. Әбдіғали өзін күтіп тұрған топқа бет алды. Сол күні тағдыр тәлкегіне ұшыраған ауыл тұрғындары игі бір адамға кездесіп аман қалды. Үміт алға жетелеген топтың арасында он екі жасар Әбдіғали да бар еді. Жол үстінде осы әңгімені жанындағы серігі Ержанға айтып берді. Жас маман ойланып қалды. Жылдар өте сол азамат елдің, жердің қамын ойлайтын беделді басшы болды.

Тасбақаның шөбі

Әбдіғалидың соғысқа аттанатын күні жақындаған сайын, шешесінің күрсінісі көбейіп кетті. Байқайды, түнде де дұрыс ұйықтамайды, төсегінде ары-бері дөңбекшіп аһілеп-үһілейді. Оңашада көз жасын сығып алатыны да байқалады. Оны қайтіп жұбатарын білмеді. Есіне бала кездегі бір оқиға түсті. Шешесі әлдекімнен естіген, бір аңыз әңгімедегі тасбақаның шөбі туралы айтып бергені бар-ды. Онда тасбақаның аузынан шөп алған адамның арманы орындалатыны айтылатын. Бұл әңгімені естіген соң Әбдіғали қозы-лақтарды тезірек өріске айдауға асықты. Ол қозылақ жаятын төбелерде тасбақалар көп ұшырасатын. Есіне түскенде шаттанып сала берді. Ол сол күні қазына іздегендей аяғының астына мұқият үңілумен болды. Ерегіскенде, тура сол күні де, ертеңіне де бір де бір тасбақа көзіне ілікпеді. Ол өзінің қиялының жетегінде жүріп, тасбақаның әйтеуір бір кезігетініне кәміл сенді.

Бір күні күтпеген жерде, қырдың үстінде жыңғылдың бұтағымен сурет салып отырған кезде, аузына жасыл шөпті көлденең тістеп тырбаңдап бара жатқан тасбақаны көзі шалып қалды. Қуанғаннан атып тұрып, шыр көбелек айналып билей жөнелді. Сөйтті де екі-үш аттап мақұлықтың қасына жетіп барды. Ұстап алып, аузындағы шөбіне жармасты. Бірақ ол оңайлықпен бере қоймады. Тас қып тістеп алыпты. Әбдіғали жалынуға кірісті: «Берсеңші енді». Ал ол айрылар емес. Енді арқасынан аялай сипап жылы үн қатты: «Сен менің арманымның орындалғанын қаламайсың ба? Қаласаң берер едің ғой. Менде арман көп. Соның бірі орындалса деп едім ғой. Көмектессең етті. Кішкентай бір шөпты аяғаның ба? Ақысына сен үй жаққа келсең, сүт берер едім!» Сол сол екен, тасбақа бірдеңе түсінгендей, аузын аша қойғаны. Шөп жерге лып етіп түсті. Шөпті алды да, алақанына қысып, тасбақаға рақметін айтып, үйге қарай құстай ұшты. Аулаға асыға-аптыға кіріп, сүт толы шелекті көтеріп келе жатқан апасының алдынан шығып:

– Апа, сүйінші, мен тасбақаның аузынан шөп алдым! – деді.

 

– Айналайын, жолың болған екен, бұл өзі жақсы нәрсе ғой. Жақсылыққа ырымдап қояйыншы. Арманың орындалсын! Жалғыз ұлы дегенде шығарда жаны бөлек шешесі кәдімгідей қуанып қалған еді. Сол бір оқиғаны есіне салып:

– Апа, есіңізде ме? Сіз тасбақаның аузынан шөп алған адамның арманы орындалады деп едіңіз ғой.

– Иә, солай деп айтқаным рас.

– Ендеше, ұмытып қалдыңыз ба? Мен тасбақаның аузынан шөп алып едім ғой. Мен енді арманым орындалса – майданнан аман-есен оралсам деймін. Сөйтіп сізге келін түсіремін. Құдай қаласа, немере сүйесіз!

– Айналайын, аузыңа май! Лайым солай болсын! – деп, шешесі еңсесі көтеріліп, есі шығып қуанып қалды.

Өз отыңды өшірме

Несібелі апа күнұзаққа ұршық иіріп, қолғап, шұлық тоқиды. Майданға жіберудің қамы. Ескі киізден ұлтарақ ояды. «Аяқтарынан сыз өтіп кетпесін» дейді. Өз ұлын ғана емес, басқаларды да аяйды. «Окопта отырып жазып отырмын» депті баласы бір хатында. Окоп дегені жерді ұзыннан ұзақ арық сияқты қазып жасаған ор көрінеді. Сыз өтеді ғой дейді уайым жеп. Сөйтеді де ерінбей-жалықпай кеудеше тоқуға кіріседі. Баласына жетіп жатса, тіпті тамаша. Баласына жетпесе, баласы сияқты біреулер киер. Әйтеуір өкінбейді. «Көп болып жұмылғанда ғана жауды жеңеміз, – дейді ішінен.

 – Отырып алып уайымдай бергенде не бітеді?» Таңертеңнен отырғаннан түсте бірақ белін жазады. Балалар сабақтан қайтады-ау деген уақытта көшеге шығады. Қолында шүберекке оралған түйіншегі бар. Бұл – майданнан келген хаттар. Топтанып кетіп бара жатқан балаларды қол бұлғап шақырып алады. Түйіншекті ашып, хаттарды оқытады. Ол хатта жазылған сөздерді жаттап алған десе де болады. Сонда да оқытып көңілін тыныштандырып қояды. Балалар дауыстап оқып жатқан кезде, құдды өз баласы сөйлеп жатқандай көрінеді. Түскі шайын ішіп алып жұмысына қайта кіріседі. Содан қас қарайғанша орнынан тұрмайды.

Кеш батуға жақындағанда көршілер біртіндеп келе бастайды. Несібелі апаны ауылдастары кезекпен қонаққа шақырады. Бір күн ана үй, бір күн мына үй. Үлкендер оны «Май ауыз апа» десе, кішкентайлар «Ертегіші апа» дейді. Олай деп айтатын себебі: ол кісінің айтқаны айнымай келеді. Әрине, Несібелі апа айтса тек жақсы нәрсені ғана айтады. Жаман нәрсені байқаса, бүгіп қалады. Ал «Ертегіші апа» деп ат жабысқан себебі: ол кісі ертегі айтқыш.

Қай үйге бармасын балалар оны айнала қоршап отырып алады. Әбдіғалиға кішкентай кезінде айтқан ертегілерін соларға айтады. Олар ұйып тыңдайды. Кейде есік қағып көрші үйдің балалары келеді. «Кешегі айтқан ертегінің жалғасын тыңдаймыз» дейді. Ертегінің соңы «сөйтіп бар қиындықты жеңіп, мұратына жетіпті» деп аяқталады емес пе? Солай аяқтаған кезде балалар әкелері соғыстан аман-есен оралғандай кеуделеріне қуаныш ұялап, көздері күлім қағады. Ертең бәрін жұмыс күтіп тұр. Амал жоқ орындарынан тұрады. Несібелі апа да үйге қайтуға жиналады.

– Апа, қонып кетпейсіз бе? Үйге барғанда не істейсіз? Таңертең шайыңызды ішіп барасыз ғой, – дейді үй иелері жік-жапар болып. Бірақ Несібелі апа көне қоймайды.

– Мен Әбдіғалидың отын өшірмеуге тиіспін, – дейді ол.

Қардан жасалған құрт

Атыс бір саябырсыған сәт, ол анасы туралы ойлады. «Не істеп жүр? Аурусырқаудан аман ба?» Соңғы кезде ауылы түсіне көп енетін болып жүр. Бұл темір жолдың бойындағы стансадан түсіп, төмен қарай құлдилап келеді. Жолай шымырлап шығып жатқан бұлақтың суына бас қойып, тойғанынша сіміреді. Содан ауылға жақындап, өз көшесіне бұрыла бергенде, оянып кетеді. Өкініп қалады. «Қап, еш болмаса анасымен түсінде табысқанда ғой». Сондай түсті бірнеше рет көрді. Бәрінде де оянып кетіп, өкінеді. Есіне балалық шағы түсті. Бұл шыбықты ат қып мініп шапқылап шаршағанда ғана үйге оралады.

– Апа, мен келдім! – дейді дауыстап. Шешесі кесе толы айран ұсынады. Бұл кесені басына көтеріп сіміріп салады. Сөйтіп қайтадан ойынға кіріседі. Көрші үйдің балаларына қосылып, қырқаға шығып кетеді. Сілесі қатып әбден шаршап-шалдыққанда ғана үйі есіне түседі. Анасы бұл жолы наурыз көже ішкізіп, қалтасына бес-алты құрт салып береді. Енді қарны ашқанда құртты малжаңдап, азық етеді. Сөйтіп ымырт үйіріліп, шешесі іздеп келгенше ойыннан оралуы қиын. Құрт есіне түскенде сілекейі шұбырып сала берді. Әлгінде қонатын көбелектей көлбеңдеп жауған қар енді жапалақ-жапалақ қарға ұласыпты. Айналаның бәрі аппақ қар. Әбдіғали қарды уыстап алып асағысы келіп тұрды да, өзін тежеді. Содан кейін жалма жан қарды жентектей бастады. Әп сәтте жасаған оншақты жентек қарды анасы берген құртқа елестетті де шетінен жей бастады. Қардан жасалған «құрт» балдай тәтті көрінді. Әлгіндей ойдың келгеніне дән риза.

Майданда аман қалған солдат

«Адамды нәсіліне қарап емес, ісіне, адамгершілігіне қарап бағалаған жөн» деп отырушы еді жарықтық атасы. Аузын ашса көмекейі көрінетін, қолынан келсе адам баласына жақсылық жасауға тырысатын еді, ол кісі. «Ақсың, сарысың, қарасың» деп адам баласын бөліп жармайтын. Кейбіреулер орыстарды жақтырмай жатады. Әбдіғали атамда ондай теріс қылық жоқ. Кез келген көзі көк ағайынды үйіміздің төріне шығарып, құрметтеп қонақ етіп жіберетін. Орыс ағайындар «Әбдіғали» десе ішкен асын жерге қоятын. Әрине орыстардың арасында тәкаппар адамдар кездеседі, бірақ көпке топырақ шашуға болмайды. Ол ағайындардың арасында ізгі жүректі, мейірімді жандар көптеп кездеседі. Атамның орыс халқына деген құрметі сонау алыстап кеткен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан даласында басталған болатын.

Ресейдің Курс өңіріндегі соғыс – Ұлы Отан соғысындағы шешуші шайқастардың бірі болды. Миллион адам мен қыруар соғыс техникасы қатысқан майданға қатардағы жауынгер Әбдіғали Бодықовтың да ротасы қатысып, ерлік көрсетті. Зеңбірек гүрсілдеген, оқ бораған шайқастың бірінде Әбдіғалидың иығына оқ тиіп, ауыр жараланды. Ол қансырап, өлім мен өмірдің арасында жатып, бүкіл өткен өмірін көз алдына елестетті. Алыстағы туған елін, жерін есіне алып, көзіне жас үйірілді. Өмірден күдер үзіп жатқанда біреулер түрткендей болды. Әбден әлсіреп, көзін ашқанда оған қарап тұрған екі орыстың жауынгерін көрді. «Он жив» деп қос солдат қуанып кетті.

Екеуі екі жақтан қолтықтап енді жүре бергенде дәл жандарынан неміс снаряды жарылып, алдарындағы ат мінген майордың денесі бөлшек-бөлшек болып ұшып кетті. Үшеуі құмға көміліп, аман қалды. Әскери госпитальға келгенде өзін аман алып қалған екі солдаттың есімдері Николай мен Влад екенін білді. Есінен танған Әбдіғали оларға рақмет айтуға үлгермей, талықсып кетті. Арада қанша уақыт өтсе де Николай мен Владтың бейнелері көкейінен кеткен емес. Сол қос сарбаздың нағыз адамға сай азаматтығын бізге қайталап жыр ғып айтты. Оларды соғыстан аман-есен келген болар деп қатты үміттенуші еді. Іздер еді. Атын ғана білді. Тектерін, қай дивизияда болғанын білмеді. Оларға разылығы шексіз болатын, Құдай айдап олар келмегенде қан сасыған майдан даласында аман қалуы неғайбыл еді.

Иіс сезгіш ит

Несібелі апа сол баяғыша ұлының ошағының отын өшірмей тұрып жатты. Кешкілік көрші-қолаң қонаққа шақырса, барып тамағын ішеді де тез қайтады. Өз үйіне қонбаған күні жоқ. Мұнысына айналадағылар да үйреніп алған, енді бұрынғыдай «қонып кетіңіз» деп қолқалай қоймайды. Өйткені ол өтініштері бәрібір орындалмайды. Сөйтіп жүргенде Несібелі апаның шаңырағы жанға толды. Қалай дейсіз ғой? Қыстың күні үйге таза ауа кірсін деп есікке сәл саңылау қалдырып еді, сол саңылаудан ішке бір ит кіріп кетіпті. Қуып шығайын деп таяқ ала ұмтылды да, көзі бір нәрсеге түсіп, қолы сылқ етті. Ит босанайын деп жатыр екен. Сірә, балаларын аяп, жылы жерге туғысы келсе керек. «Ит – тілеулес» дейді ғой, бір жақсылыққа бастап тұрған шығар, ертеңгі күні Әбдіғалидың шаңырағы шүпірлеген сәбилерге толсын» деп, ырымдап, итті қуа қоймады.

Сөйтіп ит пен күшіктер осы үйдің тұрақты тұрғынына айналды. Көршілер келіп көріп, «құтты болсын» айтып жатыр. Бір тәуір жері, үлкен ит далаға шыққысы келсе, есікті тырмалайды. Ал күшіктерге арнап тайпақ ыдысқа күл толтырып қойды. Ең қиыны тамақ тауып беру болды. Үйдегі азын-аулақ бидайды қол ди ірмен г е тартып , талқан қылып, оны жылы суға араластырып, «шақырылмаған қонақтарға» берді. Кейде көршілерден сүйек-саяқ әкеліп береді. Қиындықпен қатар қызығы да мол. Несібелі апаның шаңырағына көңілділік кірді. Күшіктер қарнын тойғызып алса болды, маймақ аяқтары мыртиып, бірімен бірі күресіп, бірін бірі тістелеп, ары-бері шапқылайды да жүреді. Тірліктен қолы қалт етіп босаған кезде солардың ойынын тамашалайды. Көз алдына осылар Әбдіғалидың балалары сияқты елестеп кетеді. Бес күшіктің біреуі асқан сезімтал болып шықты.

Түнде қойнына кіріп жатады, күндіз қасынан бір елі қалмайды. Көктем шыға үлкен ит «енді сені қинағаным жетеді» дегендей құс-пұс аулап келетін болды. Көршілер де күшіктерді бір-бірлеп үлестіріп ала бастады. Бір күндері үлкен ит із-түссіз жоқ болып кетті. Несібелі апаның қасында сезімтал күшік қана қалды. Тағы да бір көктем келгенде жеңіс те жетті. Елдің еңсесі көтеріліп, әр тұстан Пәленше келіпті, Түгенше келіпті деген сүйінші хабарлар естіле бастады. Бұл уақытта сезімтал күшік те үлкен ит болып қалған еді. Бір жолы Несібелі апа көшеде тұрған. Жақын бұрылыстан солдат киімін киген біреу көрінді.

«Бұл кім болды екен? Тағы кімнің бағы жанады екен!» деп, ойлағаны сол еді, иті әлгі адамға қарай тұра жүгірді. Екпіндеп барып мойнына асылды. Құдды бір сағынған адамымен кездескендей сілекейімен бетін былғап, құйрығын тынымсыз бұлғаңдатып, қуанған күй танытады. «Ұят болдыау, үстін былғайтын болды-ау» деп, алыстан ыңғайсызданып бұл тұр. Бір уақытта ит солдатпен бірге Несібелі апаға қарай бет бұрды. Бұл келе жатқан – Әбдіғали еді. Кейіннен елдің бәрі естіп таң қалды. Сонда ит өмірі көрмеген адамын иісінен сезгені ғой.