Әлеумет

«Мен түзелемін...»

«Мен түзелемін...»

жас құрақтай Желкілдеген балалар неге арнайы мекемеде тәрбиеленуде?

Бағдаршамның қызыл көзі жанып тұр... Тек қана Тараз қаласында түрме мен мектептің арақашықтығы таяқ тастам жер. Тек қана Тараз қаласында шіркеу мен мешіттің ортасын балалар «колониясы» бөліп тұр. Өзім №12 Керімбай атындағы орта мектепте оқыдым. Бесінші сынып. Мектеп алаңында футбол ойнап жүрміз. Бір кезде «қиқулатып» жеткен көлік түрме қақпасының алдына тоқтады. Доп жайында қалып, бәріміз жапа-тармағай бетон қоршауға жүгірдік. Бетонның саңылауынан осы жолы кімді әкелді дегендей сығалап қараймыз. Ойын баласына бәрі қызық. Ағайымыздың «кейін қайтыңдар» дегеніне мән бермейміз. Қисық ұшқан доп түрме жаққа домалағанда алып келуге жүрексінеміз. Киім ауыстыратын бөлмеде түрмені шатып-бұтып сөз қыламыз. Қаршадай оқушылардың түрменің «мұнарасына» қарап есеюі оларға әсер етпей қоймады дейсіздер ме? Мектептің есігінде кезекшілікте тұрмын. Бір мұғалім жоғары сыныптың бұзығын дәлізде сүйреп келеді. Әлі жеткенге «ағасымақ» болып жүрген әлгі үрпиіп қалыпты. «Түрмеге қаматып, көзіңді құртамын» деп жекіді мұғалім. Мектепте бұзық балаларды «түрмеге қаматамын», «шіркеудің іргесіндегі колонияға жатқызамын» деп қорқытатын. Неліктен? Себеп – тілге тиек етуге «географиясы» жақын. Бағдаршамның жасыл көзі жанғанша есіме түскені осы. Арада көп жыл өтсе де Төле би мен Жамбыл даңғылының қиылысындағы осы «архитектуралық ансамбль» сол сұрықсыз күйде есімде қалып қойыпты. Мектеп, колледж, пошта, түрме, шіркеу, колония, мешіт бәрінің төбесі бір-біріне көрініп тұр. Колония демекші, басшысына хабарласып сұхбат алуға келістік. Мекеменің маңдайшасына «Жасөспірімдер мен балалардың арнаулы мектебі» деп жазып қойыпты.

«Клептоман Паша»

Кабинетіне кіргенімде орынтақта бала отырды, үш-төртеуі қасына үйіріліпті. «Қиын балалармен» жұмыс жасауда тәжірибесі мол мекеме басшысы Оспан Күнтубаев есіктің аузында тұр. Тәрбиелеу әдісі ұнады. Ауызекі әңгімеміз еркін өрбіді. — Мұнда 2008-2010 жылы «бунт» болған. Ірілер бастап, кішілер қостап есіктерін іштен жауып, төсек, үстелмен бітеп, бөлмеге ешкімді кіргізбей қойған. Терезені сындырған. «Қаланың сыртына апарып пиязға салады, еңбегімізді саудалап ақша табады. Көк тиын бермейді. Бізді ұрып-соғады, «карцерге» қамайды, прокуратурадан адам шақырыңдар, шағымданамыз» деп талап қойыпты. Ішетін тамақтары, үстіндегі киімдері ұнамапты. Ол кезде мұнда қыздарды зорлағандар, тіпті, адам өлтіруге дейін барған «жүгермектер» жататын. «Бунттан» соң бастық жұмыстан босатылды. 2010 жылы мен келдім. Өте қиын балаларды «Алматинкаға» жібердік. Қазір үйден қашқандар, сабаққа бармайтын қаңғыбастар, ұрылар, аузынан ана сүті кеппей жатып нашақор болғандар жатыр. Тек қана сот шешімімен келеді. Бұрын колония болған, бертін келе атауымыз өзгерді. Негізгі әңгімені өздері айтып береді. Әзірге, «Клептоман Пашаны» алайын. Клептомания – ұрлауды жаны қалап тұратын, бір сәтте пайда болатын дертті құмарлық. Жүйкесі тұрақсыз, қай кезде ұстап қалары белгісіз, жаман әдет. Ұрлыққа құмарлық құқық қорғау органдарының назарын көп аудармайтын адамдарға тән. Клептомания жалпақ тілмен түсіндірсем, қолының сұғы бар адам.

Қаршадай бала

Қарсы алдымда отырған баланың бойы пәкене. Салмағы жарты қап ұннан аспайтын шығар. Мойны шыбықтай. Жасы он бірде. Көзі жыпылықтап, ығып отыр. Тырнақ етін тістелеп қояды. Не дерімді білмей аңтарылып қалдым. Неден бастағаным дұрыс? Жап-жас балапан бұл жерде қайдан адасып жүр? Екіге екіні қосуды енді үйренген қыршыннан қоғамға келер қандай залал бар? Он бір жасар баланы қамап ұстап отыратындай не күн туды? Бостандықта небір алаяқтар мен айрандай ұйыған ынтымақты бұзатындар жер басып жүргенде, он бір жасар қыршын қамауда жатыр. Қалам ұстап, дәптер шимайлайтын баланың жүрегі ержете келе кекке толмай ма? Сонымен таныстық. А.С. – Қырғызстандағы Ивановкіде дүниеге келіпті. Әкесі Тоқмақта қайтыс болыпты. Шуға әжесі үшін қоныс аударыпты. Анасы базардағы дәретханада еден жуушы болып жұмыс істейді екен. «Не үшін қамалдың, жүргеніңе қанша уақыт болды, үйге қайтуыңа неше күн қалды?» деймін. Сөйтсем сабаққа бармаған, ұрлыққа қатысқан. Қай күні келгенін, қай күні шығатынын білмейді. Су аққан мұрнын тартып, құрғақ жөтеліп болған соң, анасы әлі іздеп келмегенін, хабарласқан кезде жолкіреге ақша жинаса, дереу жетуге уәдесін бергенін айтты. Анасы жайлы сөз болғанда, балақайдың үні жыламсырап шықты. Сағынғаны білініп тұр. Он бір жасар баланың бұлыңғыр болашағын ойладым. Ол енді темір торда есейе ме? Соттың үкімін өтеп біткенде үйіне барар. Араққа сылқия тойып алған шешесінің құшағы оны жылыта ала ма? Әй, қайдам. Қайтадан көше кезеді. Одан кейінгі мекені тағы да осы.

Қыз сыры

— Есімім – А.Қ. Он жетідемін. Оныншы сыныпта оқимын. Жамбыл ауданынан келдім. Келген себебім сабаққа бармадым. Қыздарды ұрдым дегендей. Басымнан небір жағдайлар өтті. Бір жағынан анам арақ ішеді. Ішкенде тоқтамай ішеді. Сол үшін осында келдім. Негізінде қыздарға қол көтеру дұрыс емес қой. Бірақ солай болды. Үстімізден арыз жазылды. Арызды қайтарып алдыру үшін анам оларға ақша төледі. Анам жалғастырып ішуін тоқтатпаған соң мектепке баруды қойдым. Өз бетімше ақша таппақшы болып, ауылда жұмысқа жалдандым. Картоп теруге, пияздың шөбін жұлуға шықтым. Үйден де кетіп қалған кездерім болды. Үш ай бойы сабаққа бармадым. Достарым «анаңды мас күйінде көшеден көрдік» дегенді жиі айта бастағанда еңсем езілді. Жаман намысыма тиді. Әкең ішсе, мейлі ғой. Анамның араққа салынуы арманымды күл-талқан етті. Мен бұл жерге үшінші рет келіп отырмын. Ең бірінші рет келгенімде екі ай жүрдім. Ол кезде сот болмады. Ауылдағы мектептің директоры «біз қызымызды ол жаққа жібермейміз, өзіміз тәрбиелейміз» деп алып қалды. Директорға рахметімді айтамын. Екінші рет анаммен ұрысып қалғанда келдім. Үшінші рет сот үстінде «арнаулы мектепке жіберіңдерші» деп жалынып жыладым. Маған бұл жер ұнайды. Директорымыз әкеміздей қамқор. Медколледжге оқуға түссем, арманымның орындалғаны деп білемін. Бөлмеге кірген Оспан Күнтубаев әңгімеге араласты. «Қанат, біз ашық әңгімелесеміз. Жұмысымыздың маймөңкелеуге жаны қас. Өзі биыл он сегізге толады. Төрт айдан соң үйіңе шығарып саламын десем, «кетпеймін» деп жылайды. Өкпелеп жүр. Биыл бір баламды колледжге оқуға түсірдім. Демеуші тапсам бұл қызға да жәрдем берем. Мәселен, жасы он сегізден асса, ешкімді ұстап отыра алмаймын. Ақнұр үйінде жүрсе сабаққа бармайды. Қыздарым енді адам бола бастағанда қарлығаш секілді қолымыздан ұшып кетеді...», - дейді жабық мекеме директоры өкініп. — Анамнан көңілім қалды. Үйге бармаймын. Анам клубта жұмыс істейді, әкем мал шаруашылығымен айналысады. Жеті ағайындымыз. Өзім бесінші баламын, үш әпкем үйленген, ағам Қордайда жұмыс істейді. Сіңілім, інім бар. Ақнұрдың түйінді сөзі осы. Қаламызда қыздарға психологиялық көмек, рухани тірек болатын ақ жаулықты әжелеріміздің мектебі бар ма? Өрімдей қыздың өмірге деген құштарлығын оятып, анасына деген махаббатының көзін ашатын кім бар? Ақнұр отбасында жалғыз бала емес. Әпкелері үйленсе, ағасы жұмыс істесе, інісі мен сіңілісі сабақ оқып жүрсе, ол әке-шеше еңбегінің арқасы. Ес біліп қалған қыздың да өкпесін жоққа шығара алмаймыз.

Сарыкемерді шулатқан бұл кім?

Бұл баланың ісі сотта бір емес үш рет қаралған. Бостандыққа шығысымен анасының тілін алмай, жаман әдетіне қайта салыныпты. Әкесінің таяғына әбден үйренген ба дерсің. Анасы балабақшада тәрбиеші, әкесі дендропарктің жұмысшысы. «Қара бала» үйінен ақша ұрлағанда, Сарыкемердегі ірілі-ұсақты дүкенді тонағанда, алдына жан салмайды. Директор маңдайынан сипағанда жымың қақты. – А. бізден кеткен соң көп уақыт өтпей «Сарыкемерді қырып жатыр» деген дабыл түсті. Барсам, үйінде жоқ. Жорамалдап ізіне түстім. Қуалап жүрген кезімде жығылып, қолымды сындырып алдым. Қатты жүгіреді, оңайлықпен ұстатпайды. Біздің ішкі басқаруымыз өзгеше. Бүгінде А. – «әкім». Қарамағына он шақты баланы бердім. Солардың тәртібіне жауап береді. Берген тапсырмаға ұқыпты қарайды. «Ұрлық түбі – қорлық» екенін түсініп келеді. Сенім артсаң жолда қалдырмайды. Жаман әдеті болмаса, нағыз жігітке тән мінезі бар, - дейді директор. Қара баланың жасы он бесте. Түріне қарасаң, «Сарыкемерді аяғынан тік тұрғызған баукеспе» деу қиын.

«Өгей әкем анамды ұра береді...»

Дәлізге шықсам қыздардың шашы су. Кейбірінде сүлгі. Моншаға түсіп шықса керек. Бөлмелеріне тарап кетті. Ашық тұрған есіктің ар жағы жаттығу залы. Кәсіпқой спортшылар айналысатын құралдар тізіліп тұр. Ғимараттың іші таза. — Өмір деген қызық қой. Тәрбиесі нашар қыз екен деп ойлап қалмаңыз. Саналы түрде ешқандай қателік жіберген емеспін. Қиындықты көп көрген соң, амалсыздан осында келдім. Мен түзелемін. Алдыма қойған биік мақсаттарым да бар. Міндетті түрде арманыма қол жеткіземін. Біреудің затына қызықпаймын, қанағатшылмын. Анамның «аш қалсаң да біреудің үлдесі мен бүлдесіне қызықпа» дегені жадымда. Өткен өміріңді өшіре алмайсың ғой. Бәрі менің қолымда болса, осы күйге душар болмас едім. Басымнан өткен оқиғаны айта бастасам, көңілім құлазиды. Жасым он бесте. Әкемді көргем жоқ. Ерте қайтыс болыпты. Меркі жақтың қызымын. Келген уақытым есімде жоқ. Мамыр айында еркіндікке шығамын. Анам екінші күйеуіне үйленбей тұрып, біз тату-тәтті отбасы едік. Өгей әкем анаша шегеді. Анам екеумізді ұрады. Ішіп келеді. Құрбыммен бірге Алматыға қашып кеттім. Сабақ жайында қалды. Құрбым анама қайда жүргенімізді айтып қойып ағам мені алып кетті. Өгей әкеммен сыйыса алмай нағашы әпкемнің үйіне кетіп қалдым. Анамның жүрек ауруы ұстап қалған соң, қайтып келуіме тура келді. Бұрын өгей әкем анама қол жұмсағанда үйден кетіп қалатынбыз. Көшіп-қонып жүріп, оқымаған мектебім қалмады. Өз әкемнен төрт ағайындымыз. Өгей әкемнен оқушы сіңілім бар. Анам өзі кінәлі. Бір рет қол көтерген еркек тоқтамайды ғой. «Бармайықшы» деп жалынамыз. Тыңдамайды. Шыны керек, он жылдың ішінде он рет ажырасып, он рет қосылды. Екі әпкем Бішкекте оқыған, қазір Алматыда жұмыс істеп жүр. Ағам да Бішкекте оқыған, қазір ауылда. Анамызды тастап кетуге қимайды. Анамыз үшін шыдап жүр. Өгей әкем қол көтерген кезде сірке суын іштім. Өзіме қол жұмсамақ болғам. Қазір қателескенімді түсіндім. Өмір үшін күресу керек екен. Маған жала да жапты. Үйге қонбай полицияға ұсталғанымда «арақ ішіп алған» деп айыптады. Ішкен жоқпын. Сот болып бір жылға осында келдім. Оспан аға тоғызыншы сыныптың құжатымен колледжге түсіремін деп уәдесін берді. А. есімді бойжеткеннің өмірге құштарлығы байқалды. Менің алып-қосарым жоқ. Бәрі өз қолында. Мені толғандырған сұрақ та жоқ емес. Ертең жақсы жігітпен кездесіп жатса арнаулы мектепте болғанын қалай түсіндіреді. Әп-әдемі қызды осында жіберуден басқа амал табылмағаны қалай?

«Колледжден ұстап әкетті...»

— Сөздің қысқасы бұл жерге тура бірінші қыркүйек күні келдім. Тез-тез болды бәрі. Екінші курс. Жаздай жұмыс істеп тапқан ақшама киім сатып алып, колледжге бардым. Мамандығым – электромонтер. Колледжден мені ұстап әкеткенде, түсінбей қалдым. Жазда ісім сотта қаралған болатын, соның шешімі шығыпты. Бір жылға осы жерге қамалдым. Алғашқыда темірдей тәртіпке бойым үйренбей жүрді. Өгей әкем үйден кетіру үшін мақтамен бауыздай бастады. Айтқан сөзі сүйегімнен өтті. Шынымды айтсам, не істерімді білмедім. Үйге қонбай қаңғыру басталды. Беймезгіл уақытта ұсталғаным үшін анам айыппұл да төледі. Бостан-босқа тентіреп, төбелеске де қатыстым. Жолым болмай әр нәрсеге ұрындым. Қыркүйектің он тоғызы күні осы жерден қашып шығып, жазда жұмыс істеген мейрамханаға бардық. Даяшылар – ескі таныстарым. Әрқайсысына жеке-жеке жолығып, жағдайымды түсіндіріп ақша жинап алдым. Көмектескендеріне рахмет. Сосын Таразды біраз уақыт мақсатсыз кезіп ақыры ұсталдым. Есті жігіт «ағайыннан ұят болады» деп есімін мүлде жазбауды өтінді. Қасындағы С.А. есімді жігіт те әңгімесін айтып берді. — Менің анам маған «әке» де, «ана» да бола білді. Анамның қадірін осында келгенде түсіндім. Осы уақытқа дейін істеген ісім дұрыс емес екеніне көзім жетті. Түбі түзелемін. Амал жоқ. Енді шалыс бассам, басқа жақта жүретінімді ойлаудың өзі қорқынышты. Қыркүйектің он тоғызы күні қашып шыққанымда жергілікті жігіттен ақша алып Алматыдағы үйіме жеттім. Анам мен ағам қашқанымды құптамай, «өз еркіңмен кері қайт, бар да кешірім сұра» деді. Ойлап қарасам, бекерге қашыппын. Ағамыз екеуміз бірге келдік. Кешірім сұрап, директорға «енді қашпаймын» деп уәдемді бердім. Директордың мәліметі бойынша, жабық мекеме жетпіс орындық. Дәл қазір мұнда отыз сегіз «ақылды тентек» тәрбиеленуде. Араларында Қостанай, Ақмола және Алматы қаласынан түскендер де бар. Монша, емхана өз іштерінде. Оқу бөлмесін, жатақханасын көрдік. Бес интерактивті тақтасы бар. Бір ерекшелігі – жатын бөлмеде есік жоқ. Қауіпсіздікті ескеріп алдыртып тастапты.

«Озат оқушы екеніме көздерін жеткіземін...»

Ұл мен қыз тәрбиесінің ара жігі ата-анаға ғана мәлім шығар. Қазір қай мекемеге бас сұқпа, өз психологы бар. Психологтар болмай тұрып бұл міндет кімнің құзырында болды? Адамның жанын түсіну диплом алған маманмен салыстырғанда қазыналы қария мен ақ жаулықты әжеге оңай. Үлкен және кіші отбасы деген болады. Әуелгісі ата-әже, әке-шеше, бала-шағасымен тұрады. Кейінгісі әке-шешесімен тұратын балалар. Байқап қарасам, мұндағылардың дені «кіші отбасы» мүшелері. Кезекті әңгіменің кейіпкері – Тараздың қызы, жасы он төртте. — Шынымды айтайын. Сабаққа бармадым. Тамағымның баспасы асқынған, жиі ауырады. Мектеп бағдарламасынан қалып қалдым. Сабақтан көп қалғандықтан, менен күдіктене бастады. Бір мұғалім «енді қалсаң, мүлде келмей-ақ қой» деді. Неге екенін білмеймін өзімнен-өзім біртүрлі болып қалдым. Ауырдым. Бармадым. Сосын оқуға деген қызығушылығым сұйылып кетті. Мектепте мен жайлы жаман өсектер айтылып жатқан шығар деп қорықтым. Үйден «мектепке барамын» деп шығамын да, маңына да жоламаймын. Уақытты құрбыларымның үйінде өткіземін. Жетінші сыныпта маған бәрі «Р. сен өзгеріп кеттің ғой» дейтін болды. Біз он үшінші шағын ауданға көштік қой. Ол жақтан жаңа құрбылар таптым. Олар менен екі-үш жасқа үлкен. Солармен қыдыра бастадым. Әр жерге барамыз. Бұрынғы достарым қызық емес болып қалды ма білмеймін. Араласпай кеттім. Тоғызыншы сыныпты өз мектебіме барып жалғастырып оқимын. Кім не десе де мән бермеймін. Озат оқушы екеніме бәрінің көзін жеткіземін...

Тілші түйіні: Әке жұдырығын «иіскемеген» баланың сиқын көрдік. Ана мейірімінен жұрдай бойжеткеннің оқиғасын естідік. Жәутеңдеген көздер. Өгей әкесі анаша шексе, туған шешесі шөлмек терсе, бұл балалар қайда барып, қалай адам болады? Кімнен үлгі алады? Қыз бала ма, ұл ма кешкісін ата-ана, бауырларымен дастархан басында арқа-жарқа шүйіркелесіп отырғанға не жетсін! Қаншама мерекені қамауда өткізді. Жасырынып жыламайды дейсіздер ме? Әсіресе, туған күндерінде балалардың жаны қатты құлазиды. Өмірге деген өкпе, өкініш кеуделерін мұздай қариды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мекемедегі балалардың барлығы да бақытты болуға лайық. Оған көзіміз жетті. «Кінәліні іздегеннен гөрі мәселені шешудің жолын табайықшы, ағайын!» дегің келеді.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».