Білім

Қарапайым мектеп бітіргендер ҰБТ-дан жоғары балл ала алмай ма?

Енді санаулы күндерден кейін мемлекеттік білім грантына үміткер талапкерлер үшін шешуші кезең – Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі басталады. Жылдағы дәстүр бойынша, биыл да түлектер мамыр-маусым айларында ҰБТ-ны екі рет тапсырып, өз нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік алады. Алайда білім беру саласында алдағы өзгерістер де талқылануда. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Оның айтуынша, келесі жылдан бастап ҰБТ-ны бір рет тапсыру форматына көшіру ұсынылып отыр. Бұл шешім грант конкурсына қатысу кезінде әділ әрі объективті бағалауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Соңғы жылдары білім беру саласында жиі талқыланатын мәселелердің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындықтың сипаты мен қолжетімділігі. Бүгінде оқушылардың 10-11 сыныпқа келгенде өздері жылдар бойы оқыған мемлекеттік мектептерін тастап, ҰБТға бағытталған 125 International School, AEC High School, Zerdeli International School сынды жекеменшік білім беру ұйымдарына ауысып кетуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл таңдаудың себебі де түсінікті. Жекеменшік мектептер оқу процесін толықтай ҰБТ форматына бейімдейді, яғни тұрақты тестілеу, нәтижені талдау, әлсіз тақырыптармен жүйелі жұмыс жүргізіледі. Олар тек білім беріп қана қоймай, нақты емтиханға дайындайтын орталық ретінде қызмет атқарады.

Осындай жүйелі тәсіл ата-аналар үшін ұтымды көрінгенімен, оның отбасы бюджетіне салмақ түсіретін екінші жағы бар. Мұндай мектептерде оқу ақысы айына шамамен 70-100 мың теңге аралығында, кей жағдайда одан да жоғары болуы мүмкін. Демек, сапалы дайындыққа қол жеткізу біртіндеп қаржылық мүмкіндікке тәуелді бола бастайды. Осы тұста «Егер оқушы 10 жыл бойы мемлекеттік мектепте білім алса, неге дәл шешуші кезеңде ол қосымша, ақылы дайындық іздеуге мәжбүр?» деген заңды сұрақ туындайды.

Бұл мемлекеттік білім беру жүйесінің тиімділігіне қатысты күмән туғызады. Мәселенің түп-төркіні – мемлекеттік мектептердегі ҰБТ-ға дайындықтың біркелкі және жүйелі болмауында. Кейбір мектептерде қо сымша сабақтар ұйымдастырылғанымен, олар көбіне жеткіліксіз немесе тест форматына толық бейімделмеген. Мұғалімдердің жүктемесі, әдістемелік қолдаудың шектеулілігі және ресурстардың жетіспеушілігі бұл мәселені күрделендіре түседі. Нәтижесінде ҰБТ-ға дайындық біртіндеп білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болудан гөрі, жеке қызмет түріне – яғни нарықтық өнімге айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл өз кезегінде «білім» мен «дайындық» ұғымдарының арасын ажыратып, мектептің негізгі рөлін әлсіретуі мүмкін.

Әрине, жекеменшік мектептердің қызметін толықтай теріс бағалау дұрыс болмас еді. Олар нақты нәтиже көрсетіп, білім беру саласына бәсекелестік элементін енгізуде. Дегенмен мәселе олардың бар-жоғында емес, мемлекеттік мектептердің оқушыларды өз ішінде сапалы дайындай алмауында болып отыр. ҰБТ-ға дайындық мәселесі – тек ата-ананың немесе оқушының жеке таңдауы емес, бұл – білім беру саясатының маңызды көрсеткіші. Егер мемлекеттік мектептер оқушыларды негізгі емтиханға толыққанды дайындай алмаса, онда білім беру жүйесінде тең мүмкіндік қағидасы бұзылады. Сондықтан басты мәселе – ҰБТ-ға дайындықты білім беру жүйесінен «шығарып тастау» емес, керісінше оны мемлекеттік мектептердің ішінде тиімді, жүйелі және баршаға қолжетімді ету.

Бүгінде 10-11-сыныпқа қадам басқан оқушы алдында күрделі таңдау тұрады. Бірі – өзі үйренген ортасын, сыныптастарын, қалыптасқан тәртібін артта қалдырып, ҰБТ-ға толық бейімделген жекеменшік мектепке ауысу болса, екіншісі – өз мектебінде қалып, қосымша онлайн курстар арқылы дайындалу. Екеуі де қаржыға келіп тіреледі. Ақылы жекеменшік мектептер бәріне бірдей қолжетімді емес. Тіпті екінші жолды таңдаған оқушы бір жағынан мектептің негізгі бағдарламасын игеруі керек, екінші жағынан онлайн курстардың талабын орындауы тиіс. Ал ол балаға шамадан тыс жүктеме болуы мүмкін. Уақытпен жарысып, екі түрлі оқу жүйесін қатар алып жүру – кез келген жасөспірімге оңай емес. Сөйтіп, білімге ұмтылған оқушының күнделікті өмірі сабақтан сабаққа жалғасқан тынымсыз дайындыққа айналады. Бұл тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да ауыр салмақ түсіреді. Ал мұндай жағдайда білім сапасы емес, төзімділік пен мүмкіндік алдыңғы орынға шығып кететіні жасырын емес. Нәтижесінде, оқушының білім алу мүмкіндігі оның қабілетімен емес, отбасылық жағдайымен өлшеніп қалатындай әсер береді. Ақылы дайындыққа бара алмаған оқушы сапалы білімнен қағылып, Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинауға деген үміті әлсірейді. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттік грантқа қол жеткізу мүмкіндігін де шектейді.

Осы мәселеге қатысты мектеп мұғалімдерінің де пікірін сұрадық. Тараз қаласындағы №8-ші мектепгимназиясының математика пәні оқытушысы Гүлнұр Балабекованың айтуынша, жоғары сынып оқушыларының ҰБТ-ға бағытталған жекеменшік немесе арнайы дайындық мектептеріне ауысуының басты себебі – бұл оқу орындарының білім беру тәсілінде. Олар бесінші сыныптан бастап оқытылған материалды ықшамдап, жүйелеп, оқушыларға түсінікті әрі жедел түрде қайта түсіндіреді. Ең бастысы, ҰБТ-ға енгізілген пәндерге басымдық беріп, нақты нәтиже көрсетуге бағытталған дайындық жүргізеді. Ал жалпы білім беретін мектептер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты (ГОС) негізінде жұмыс істейді. Бұл стандарт барлық пәндерді қамтуды талап етеді, сондықтан оқушыға маңызды да, салыстырмалы түрде қажеті аз да пәндер бірдей деңгейде оқытылады.

Сонымен қатар мектептерде ҰБТ-ға арнайы бағытталған дайындық жүргізуге ресми түрде рұқсат берілмеген. Нәтижесінде, сабақ жүктемесінің көптігі мен бағыттың нақтыланбауы оқушылардың қажеттілігіне толық жауап бере алмай жатады. Осы жағдайлар жоғары сынып оқушыларының ҰБТ-ға тиімді дайындалу үшін басқа білім беру ұйымдарына ауысуына себеп болады. Алайда мұндай шешім ата-аналар үшін қосымша қаржылық жүктеме әкелетіні де жасырын емес. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне сүйенсек, Наурыз ҰБТ-сын 179 мың адам тапсырған. Егер жоғары сыныптарда мектеп оқушыны Ұлттық бірыңғай тестілеуге толыққанды дайындай алмаса, ал оқушы міндетті түрде қосымша ақылы білімге жүгінуге мәжбүр болса, онда орынды сұрақ туындайды: 10-11-сыныптарды мектеп қабырғасында өткізудің мәні қандай? Бұл кезең білімді тереңдетіп, болашаққа бағыт-бағдар беретін уақыт болуы тиіс еді. Алайда бүгінгі жағдайда ол көпшілік үшін тек формальды сатыға айналып бара жатқандай әсер қалдырады.

Қазіргі жүйеде оқушы екі оттың ортасында қалады: бір жағынан мектеп бағдарламасын орындауы керек, екінші жағынан болашағын айқындайтын ҰБТға дайындалу үшін қосымша курстарға уақыт пен қаржы жұмсайды. Нәтижесінде негізгі білім беру ордасы – мектеп өзінің басты міндетін толық атқара алмай отырғандай көрінеді. Бір кездері жоғары оқу орындары тарапынан да Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты сынпікірлер айтылған еді. Университет өкілдерінің пікірінше, тек тест нәтижесіне сүйену талапкердің шынайы қабілетін, тұлғалық ерекшелігін, ойлау деңгейі мен әлеуетін толық ашып көрсете алмайды. Өйткені тестке дайындалу барысында кейбір оқушылар білімді терең түсінуден гөрі, сұрақтардың жауабын жаттап алуға бейімделіп кетеді. Сол себепті жоғары оқу орындары «Біз талапкерді жан-жақты тани алмаймыз, кейде тест жауаптарын жаттап алған, бірақ шығармашылық ойлау немесе өз пікірін еркін жеткізу қабілеті шектеулі студенттерді қабылдап жатқандай боламыз» деген алаңдаушылық білдірген. Яғни, белгілі бір деңгейде «дайын жауапқа үйренген» оқушыларды қалыптастыру қаупі бар деген пікірлер де айтылды.

Осы тұрғыдан алғанда, ҰБТ жүйесіне белгілі бір реформалар қажет деген көзқарас қалыптасты. Егер оқушы қосымша ҰБТға бейімделген мектептерге бармай, түрлі ақылы курстарға жүгінбей, тек жалпы білім беретін мектепте алған білімімен емтихан тапсырып, жоғары оқу орнына түсетін болса, онда оның нақты білім деңгейі әлдеқайда айқын көрінер еді. Бұл өз кезегінде талапкерлерді іріктеудің әділ әрі шынайы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берер еді. Егер шын мәнінде білім сапасын арттыру көзделсе, онда мәселенің түп-тамырына үңілу қажет. Үкімет пен білім беру жүйесі оқушыны мектеп қабырғасында-ақ сапалы түрде ҰБТ-ға дайындайтын жағдай қалыптастыруы тиіс. Бұл үшін жекеменшік дайындық орталықтарында қалыптасқан тиімді, жүйелі бағдарламаларды саралап, үздік тәжірибелерін мемлекеттік мектептердің оқу үдерісіне енгізу – уақыт талабы. Білім алу қосымша қаржыға тәуелді болмауы керек. Әр оқушы өз мектебінде отырып-ақ бәсекеге қабілетті білім алып, грантқа тең дәрежеде таласа алатындай мүмкіндікке ие болуы қажет. Тек сонда ғана мектеп өзінің шынайы миссиясын орындап, қоғамдағы білім теңсіздігін азайта алады.

 

Арна ЖҰМАТАЙ