Алтын уақытымызды кім «ұрлап» жатыр?
Жүгіріп жүрмесең тірлік бітпейді. Уақыт зуылдап, жылдам өтуде. Асығып, аптықпасаң ештеңе үлгермейсің. Демде таң атып, лезде қас қараяды. Бүгінде екінің бірінің айтатыны осы сөз болды. Шындығында айдың аптығып, аптаның асығып өтіп жатқаны адамдарға қатты сезілетіндей. Уақыттың жүйріктігіне қатысты әркім әртүрлі пайым да жасап алған. Бірі мұны дініміздегі қиямет күнінің жақындауымен байланыстырса, енді бірі қазіргі 24 сағат кешегі 18 сағатқа тең деп жүр. Тіпті, Лондондағы атақты Елизавета мұнарасындағы уақыттың дәлме-дәл өлшемін беретін «Биг-Бен» қоңырауы қазір тәуілігіне 17-18 рет соғады екен-мыс деген ғылыми «фактілерге» сүйенетіндер де бар. Қарапайым халықтың мұндай тұжырымдарды қайдан алып, кімнен естіп жасап алатыны белгісіз. Біз белгілі дереккөздерге сүйеніп көрдік. 2020 жылы ғалымдардың есептеулеріне күтпеген жерден өзгеріс енгізіліпті. Олардың зерттеуі бойынша осы жылдың 19 шілдесінде Жердің өз осінде айналу жылдамдығы әдеттегі тәуліктік мерзімнен 1,4602 миллисекундқа қысқа аяқталған. Сол жылдың желтоқсан айында күннің тәуліктік мерзімінің қысқаруы тағы байқалған. Осылайша, олардың жиынтығында 2020 жыл әдеттегі стандартты жылдарға қарағанда 3 минут шамасында қысқа болған.
Ғалымдардың бұл жаңалығын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса таратты. Жердің мұндай жылдамдығы адамзатқа қауіпті деп күткендер де жоқ емес. Жердің күн жүйесіндегі тартылыс күші азайып барады, жуық уақытта біздің ғаламшарымыз ғарышқа сіңіп жоқ болады-ау деген күдік айтып, уайым жегендер де кездесті. Алайда ғылыми негіздемеге сүйенсек, Жердің қозғалуының жылдамдығына Айдың тартылысының, жыл сайын жер бетіндегі атмосфера қабатына түсетін жауын-шашынның, сондайақ тау жыныстарының мүжілуі, мұздықтардың жиналуы секілді табиғи құбылыстар да ықпал етеді екен.
Ғалымдардың болжауынша, 2020 жылы осы факторлардың бірі өзгеріске ұшыраған болуы керек, соның салдарынан Жер әдеттегіден жылдамырақ қозғала бастаған көрінеді. Ал кейбір ғалымдар мұны жаһандық жылынудың белгісі деп мәлімдеді. Мұздықтар еріп, оның алып бөліктері суды тасытуда, есесіне бұл ғаламшардың қозғалыс физикасына ықпал етуде-мыс. Бұл пікірді жоққа шығарушылар мұздықтардың әлемдік мұхитқа қосылуы жер қозғалысын керісінше бәсеңдетуі керек еді деп есептейді. Сондықтан жердің қозғалысының стандартты жылдарға қарағанда 2020 жылы 3 минутқа тезірек қозғалуына не себеп болды деген сұраққа ғалымдардың әзірге нақты ұсынар жауабы жоқ. Жалпы 1962 жылдан бері уақыт атом сағатының көмегімен есептеле бастаған кезден тәуліктің әдеттегі өлшемнен қысқа болуы бұрынсоңды байқалмаған құбылыс. Алайда геофизиктер Жердің қозғалысына аз-аздап қарқын қосуы сонау 2016 жылдардан басталғанын айтады.
Ғалымдардың бақылауынша, Жердің өз қозғалысына қарқын қосуы 2020 жылдан кейін де байқалған. Мәселен, 2021 жылы да бұл үрдіс жалғасты (бірақ рекорд жаңармады). 2022 жылы 29 маусымда ең қысқа күн рекорды тіркелген, яғни тәулік 1.59 миллисекундқа қысқа болған. Арада екі жыл өткенде ғалымдар 2024 жылы (5 шілде) – одан да қысқа күнді (1.66 миллисекунд) тіркеген. 2025 жылы да бірнеше «қысқа күндер» байқалған. Тамтұмдап болса да білінген мұндай өзгерістерден халық айтып жүрген «бүгінгі уақыт зуылдап барады» деген пайымдаулар құптауға тұрарлық.
Психолог мамандардың айтуынша, орта жастан асқан адамдардың бойында тіпті санасында уақыт жедел өтіп барады деген сезімнің әлде өкініштің болуы – уақытқа қатысты шешілуі қиын жұмбақтардың бірі екен. 2005 жылы Марк Виттманн мен Сандра Ленхофф есімді америкалық психологтар 14 жас пен 94 жас аралығындағы 499 адамның арасында уақыт қаншалықты тез немесе баяу өтуде деген сауалнама жүргізіпті. Респонденттердің басым бөлігі уақыттың аса тез өтіп жатқанын атап көрсетеді. Алайда жасы келген қарт адамдар уақыттың көз ілеспес жылдамдықпен тез өтіп кеткенін айтса, жасы 40-қа таяп қалғандар ойлана келе, бала кездерінде уақыттың өтіп болмағанын, алайда одан кейін жасөспірім шаққа келгенде, уақыттың тез сырғып, ересек өмірге қалай қадам басқандарын байқамай қалғандарын айтады. Жауаптардан қорытынды шығарған психологтар қарттыққа аяқ басқандардың өмір тез өтіп кетті деуінде қандай мән бар екенін тарқатып айтады. Ол адам қартайған сайын уақыт пен өзі өмір сүріп жатқан қоғамның қадірін жастық кезіне қарағанда айрықша бағалай бастайтын көрінеді. Уақыт кімге қалай әсер етіп жатқаны жайлы бірқатар қоғам өкілдерінен сұраған болатынбыз.
– Балалық шақта уақыттың баяулығын кәдімгідей сезінетін едік, бір тәуліктегі 24 сағаттың берекесі бар сияқты көрінетін. Мәселен, бір шаруамен айналыссаң сағат ұзақ жылжығандай, тіпті кеш батпай қоятын. Ал қазір барлығы керісінше. Таң атқалы бір тынбайсың, кейбір шаруаларың келесі күндерге қалып кетеді. Мұның себебі жайлы көп ойландым. Бәлкім, сыры егде тартқан жасымыздан ба деген тоқтамға келдім. Өйткені жас келген сайын күн мен түннің өтіп жатқанын аңғармайтын күйге түстік. Бұлай айтатындар замандастарымның арасында да көп. Бірақ бұл жердегі мәселе мынада сияқты. Адам өмір ұзақтығы ең негізгі табиғи өлшемнің бірі екені белгілі. Ал жыл, апта, күн дегендер соның шартты бөліктері және олар адамның жасына байланысты әртүрлі қабылданады. Мәселен, 5 жасар бала үшін 1 жыл өте көп уақыт, өйткені ол оның өмірінің 20 пайызын құрайды. Ал 50 жастағы адам үшін бір жыл түк емес, өйткені бұл оның өміріндегі уақыттың 2 пайызы ғана. Сондықтан жасың келген сайын уақыт жылдам жүріп, ырық бермей жатқандай күйгелек күйге түсетін сияқтымыз. Оның үстіне баланың алаңсыз өмір кешетінін, ал өзіңіздің күйбең тіршіліктің қамымен жүретініңізді тағы ескеру керек. Ал сіз таңның атысынан күннің батысына дейін көптеген шаруаны бітіруіңіз қажет. Істейтін шаруа тым көп болғандықтан, сізге ылғи да уақыт жетпейді. Бұл уақыттың не себепті жылдам өтетінін түсіндіретін қарапайым мысал, – дейді жуалылық жеке кәсіпкер Нұрлан Тұрғынұлы.
Ал уақыттың жылдамдығы ақырзаманның белгісі ме? Бұл тұрғыда дін өкілдерінің айтары қандай? Біз осы сауалдарды облыстық Һибатулла Тарази мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлына қойған едік. – Қасиетті Құранда Алла тағала: «Күннің сәске шығуына серт, таңға серт, түнге серт, заманға, уақытқа серт» деп көбіне уақытпен ант ішкен. Осы орайда ғалымдар арасында неліктен уақытпен көп ант ішті деген заңды сұрақтар туындайды. Адамзат баласына берілген бүкіл нәрседе ең бағалысы уақыт деп айтылады. Бұл – Құраннан дәлел. Ал Паймағамбарымыз (с.ғ.с) қияметтің үлкен және кіші белгілері болатынын айтқан. Үлкен белгісі – ол жер бетіндегі тіршіліктің тоқтауы. Ал соған дейін кіші белгілері көп болады деген. Соның бірі – уақыттың қысқаруы. Жыл ай, ай апта, апта күн сияқты зуылдайды дейді. Мұны бүгінде өзіміз де сезе бастағандаймыз. Жұма болса келесі жұма көзді ашып-жұмғанша келе қояды.
Шындығында уақыт қысқарды ма деген сауал туындайды. Осыған қатысты шариғат ғалымдары бұл жерде Алла тағала уақыттың берекесін алып қояды дейді. Мысалы, бір жұмысты кейде бір ай бойы бітіре алмай жүріп қалатын кездер болады. Ал кейде керісінше бір сәтте өндіртіп тастайсыз. Ондай кезде Аллаға шүкіршілік айтасыз. Кейде Алла тағала адамның уақытына берекет беріп қояды. Мәселен, Құран кітабы 604 беттен тұрады. Осы қасиетті туындыны бір күнде екі рет хатым қылып оқитын ғалымдар болған. Ал қазір сіз бен біз бір күнде кішкентай ғана бір кітапты оқи аламыз ба? Көп жағдайда оқи алмаймыз. Өйткені қазіргі таңда біздің уақытымыздың берекеті жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады: «Екі нығмет бар, адамдардың барлығы содан бейқам қалып қояды. Ол не десе? Біріншісі – денсаулық, екіншісі – адамның бос уақыты» дейді. Сондықтан айтпағым, адам баласы үшін ең қадірлі, қайтып артқа қайтара алмайтын құндылық ол – уақыт. Сондықтан уақыттың нығметін білуіміз керек. 2-3 секундтың өзінде үлкен нығмет бар. Мәселен, спортшыны алайықшы.
Байрақты бәсекелерде олардың тағдырын сол 2-3 секундтың өзі шешіп жіберуі ғажап емес. Сол секундтарда ол чемпион атануы мүмкін. Оның абыройы, ризығы сол кішкентай ғана секундтардың ішінде тұр. Алла тағаланың уақытпен ант ішуінің себебінің сыры да осында жатыр. Ал керісінше тынысы тарылған адам үшін уақыт өтпей кетеді. Сол үшін Алла бізге денсаулық пен уақыт беріп тұрғанда оқып, жақсылық жасап үлгеріп қалу қажет. Алты жасында медреседе білім алған Абай атамыздың өзі:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім,
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім – деп өкінеді емес пе?! Ал біздің өкінішіміз не болады ертең? Сондықтан көп жасау маңызды емес, мәселе – адам өмірінің мәнді болуында. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Алла тағаланың Құрани кәрімді уақытпен ант ішуінің сыры әрбір адам дер кезінде оның қадіріне жете білуі керек, – дейді найб имам Нұралы Бақытұлы. Тағы бір қоғам өкілі, диханшы Бақтияр Мүсірепбеков те бүгінде уақыттың бұрынғыға қарағанда жылдам өтетінін байқағанын жасырмады.
«Уақыттың шапшаңдығын қарапайым мысалдардан да көруге болады. Мәселен, егіс дақылдарын алсақ, жаздық өнім 90 күнде пісуі керек. Ал қазір 45-50-күнде өнімің дайын. Сол сияқты күзгі дақылдар 120 күндік, яғни 1 сәуірде егілген дақылдар 1 қазанда дайын болу керек болса, қазір шілде-тамыз айларында пісіп жетілуде. Ғалымдардың пайымы бойынша, бүгінде Жер шарының өз шеңберінде айналу жиілігі артқан деген болжамдар бар. Енді бірер жылда ол керісінше баяулайды деген де болжамдар бар көрінеді. Мұның барлығы уақыттың келесі еншісінде», – деді ол.
Тараздық студент Қуаныш Саматұлы жастардың бір тәуліктегі 24 сағатының басым бөлігін интернет «ұрлап» жатқанын алға тартты.
Студент пікірінің «жаны» бар секілді. Қарап отырсақ, қым-қуыт тірлікте алтын уақытымыздың басым бөлігін әлеуметтік желілер де алып қоятын секілді. Statista порталының мәліметінше, адамдар 2016 жылы әлеуметтік желіге орташа есеппен бір күнде 126 минут жұмсаса, 2017 жыл бұр көрсеткіш 135 минутқа жетіпті. Яғни, қатардағы интернет қолданушысы күн сайын 24 сағаттың 2 сағат 15 минутын әлеуметтік желіге кетіреді. 8 сағат ұйқыға, 2 сағат тамақтану мен жуыну секілді тұрмыстық шаруаға жұмсалатынын ескерсек, адамның белсенді өмірге бар болғаны 14 сағат уақыты ғана қалады және оның 15 пайызы күн сайын әлеуметтік желіге арналып отыр және бұл көрсеткіш жыл санап ұлғайып келеді.
Әлеуметтік желідегі жаңалықтар көп болғанымен, ондағы сіздің әрекетіңіз күнделікті қайталанатындардың санатына жатады, сол себепті біз оған жұмсалған уақытты аңғармаймыз, миымыз оны жаңа тәжірибе деп тіркемейді. Нәтижесінде, әлеуметтік желіге тәуелді болып, уақытымыз қысқарған үстіне қысқара түседі. Әдетте уақыттың құндылығы алтынға баланады. Ендеше, сол бағалы уақытымызды әр нәрсеге «ұрлатпай» қадірін білген жөн. Ол үшін әрбірімізге бүгінде психолог мамандар мен коучтар тарапынан жиі айтылатын «тайм менеджмент» ұғымының қыр-сырын меңгеру өте қажет. Өйткені өткенге де, ертеңге де апаратын уақыт. Сондықтан қолдағы алтынның есебі барын ескеріп жүрейік.
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА