Жыр мен күйдің құлагері
Биыл композитор, дирижер, музыкатанушы, этнограф, ҚазССР-нің халық әртісі Ахмет Жұбановтың туғанына – 120 жыл. Осыған орай Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жыр мен күйдің құлагері» атты өнер кеші ұйымдастырылды. Композитордың ұлттық музыка өнеріндегі айрықша орнын танытып, оның шығармашылық мұрасын насихаттау және жастардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатындағы кеште оның әйгілі күйлері орындалды.
Ахмет Жұбановтың ғибратты ғұмыры мен бай шығармашылық мұрасы жанжақты таныстырылған кешке Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің домбыра аспабының оқытушысы Төрехан Көрпебаев пен фортепиано пәнінің оқытушысы Гүлвира Қосмұратова қатысып, құнды мәліметтермен бөлісті. Ахмет Жұбановтың еңбегі арқылы қазақтың талай күйлері хатқа түсіп, бүгінгі күнге жетті. Бұл – ұлт руханияты үшін өлшеусіз еңбек. Ол ұлттық музыканың теориясы мен тарихын зерттеп, оның ғылыми негіздерін қалады.
Ахмет Жұбанов – тек композитор емес, ол – тұңғыш қазақ музыкатанушы ғалым. Оның «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» атты еңбектері қазақ музыкасының алтын қорына енді. Ол қазақ музыкасына жаңа шығармалар қосып, классикалық және халықтық музыканың үндестігін іздеді. Оның көптеген шығармаларының ішінде симфониялық оркестр үшін жазылған «Қазақ сюитасы» мен «Абай әндері» маңызды орын алады. А.Жұбанов қазақтың фольклорын зерттеу арқылы ұлттық мәдениетті сақтап қалуға тырысты. Ол халық әндері мен күйлерін жинақтап, олардың мән-мағынасын талдады.
Ахмет Жұбанов – қазақтың кәсіби музыка өнерінің қалыптасуына елеулі еңбек сіңірді. Қазақ музыкасының өркендеуіне үлкен үлес қосқан тұлға ғана емес, бірқатар танымал композиторлар мен музыканттардың ұстазы болды. Оның шығармашылық мұрасы мен педагогикалық қызметі көптеген музыканттардың кәсіби біліктілігін арттырып, қазақ музыкалық мәдениетінің дамуына айрықша ықпал етті.
Ахмет Жұбановтың шәкірттері тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де жоғары бағаланып, қазақ музыкасының әлемдік аренада танылуына үлкен септігін тигізді. Оның мұрасы мен шәкірттерінің шығармашылығы бүгінгі күні де маңызды рөл атқарады және қазақ музыкасының негізін қалаушылардың бірі. Осындай құнды деректер айтылып, композитордың әуе зді күйлері орындалған кеш қатысушыларға терең рухани әсер беріп, ұлттық өнерге деген құрмет пен қызығушылықты арттырды.
Қамар ҚАРАСАЕВА