Аймақ

Мәдени мұраны бірге сақтайық

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай Жамбыл облысындағы бірегей тарихи нысандардың бірі – Ақыртас сарай кешенінің аумағында «Мәдени мұраны бірге сақтайық» атты республикалық акция аясында мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы және «Адал азамат» біртұтас тәрбие тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, қоғамда жауапкершілік пен саналы көзқарасты қалыптастыруға бағытталды. Аталған бастамалар ел аумағындағы тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қорғауды, сондай-ақ азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыруды басты басымдықтардың бірі ретінде айқындайды.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген бірегей тарихи нысан – Ақыртас сарай кешенінде өткен бұл іс-шараның маңызы ерекше болды. Ісшараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау мен қорғауға қоғам назарын аудару, сондай-ақ қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Іс-шараға «Ежелгі Тараз ескерткіштері тарихи-мәдени музей қорығы, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» азаматтық альянсы, жастар басқармасы белсенді қатысып, тарихи нысан аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар қатысушыларға тарихимәдени мұраларды сақтау мен қорғаудың маңыздылығы жан-жақты түсіндіріліп, олардың ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы, өткен мен бүгінді байланыстырудағы ерекше рөлі кеңінен ашып көрсетілді. Іс-шара барысында мәдени ескерткіштерді қадірлеу, оларды келер ұрпаққа аман жеткізу – әрбір азаматтың борышы екендігі атап өтілді. Осы бағытта өскелең ұрпақтың бойында туған жердің т арихына, мәдени құндылықтарына деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыруға ерекше назар аударылып, түрлі танымдық және тәрбиелік жұмыстар ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, дәрістер, кездесулер, танымдық экскурсиялар мен шығармашылық жобалар арқылы жастардың тарихи санасын арттыруға, ұлттық мұраға деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілді. Аталмыш бастама еліміздің 20 өңірін қамтып, Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы маңызды қоғамдық жобалардың біріне айналмақ.

 

Арна ЖҰМАТАЙ