Жасөспірімдерді қылмысқа біреу итермелей ме?
Бұдан біраз уақыт бұрын облыстық ішкі істер департаментін (қазіргі полиция департаменті) басқарған бір ағамыз Тараз қаласының «қазан бұзар, үй тентектерінің» бұзақылығын алыстағы Чикагоның қылмыстық әлеміне теңегенін естіген едік. Қазір ойлансақ, сол ағамыз біліп айтқан ба дейсің. Өйткені кезінде елді дүрліктірген «Амангелді», «Кировтықтар» немесе «Қырықбаевтар» сияқты ұйымдасқан қылмыстық топтардың салқыны қазіргі таңда да жамбылдық жасөспірімдер мен жастардың санасына әбден ұялап қалған сыңайлы.
Тоқсаныншы жылдары «туған» сол қылмыстық топтардың бүгінде сарқыншақтары да жоқ емес секілді. Мәселен, қылмыстық әлемнің аты-шулы «серкелеріне» еліктеп жүрген ұрдажық оқушылар мен студенттер арамызда әлі де бар-ау, сірә! Басқасын былай қойғанда, өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыс өте алаңдатарлық жағдайға жетіп отыр. Естеріңізде болса, былтыр оқу жылы басталған тұста Тараз қаласындағы №47 мектептің 9-сынып оқушысы қаза тапқан еді. Кейінірек бозбаланың пышақ жарақатынан қайтыс болғаны анықталды. Ал жақында көне шаһарда тағы бір жаға ұстатарлық жағдай орын алды.
Нақтылай түссек, сабақ арасындағы үзіліс кезінде 15 жастағы жасөспірім көзінен айырылды. Оқыс оқиға облыс орталығында орналасқан Абай атындағы мектепгимназиясында орын алған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада бір топ жеткіншектің жұдырықтасқаны көрінеді. Мектеп ішіндегі төбелестен соң оныншы сынып оқушысы көзінен жарақат алып, ота жасатуға мәжбүр болған. Дәрігерлер жасөспірімнің жағдайы ауыр деп отыр. Ақ халаттылар жәбірленушінің көзін бөлшектеп жинап, күрделі ота жасаған. Денсаулық сақтау саласының мамандары біраз уақыт бойы жасөспірімнің жағдайын тұрақты бақылауда болады дейді.
Оқиға орнынан Дамир дереу офтальмологиялық орталыққа жеткізіліп, шұғыл ота жасалған. Жасөспірімнің анасы Зухра Каримованың сөзінше, ұлын қараған дәрігерлер соққының қолмен емес, бөгде затпен жасалғанын айтыпты.
Бүгінгі т аңда ат алған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің денсаулыққа қарсы қасақана зиян келтіру бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергептексеру амалдары жүргізілуде. Ал күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған.
Жалпы, оқушылар арасындағы бұл оқиға қоғамда алаңдаушылық тудырып, көптің көкейіне күдік ұялатқаны рас. Ел-жұрттың кейбірі мектептегі тәрбие мен бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігін алға тартса, өзгелері ата-аналардың жауапкершілігін арттыруды талап етуде. Ал құқық қорғау органдарының өкілдері бұл істің толық әрі әділ тергелетінін мәлімдеді. Дұрыс-ақ! Әйтпесе, жапжақсы Тараз қаласының атын жағымсыз тұрғыда танытып жүрген төбелестердің саны азаяр емес. Осындайда «Жастарға не жетпейді осы?» деген заңды сауал туады. Әлде бұл «Тамағы тоқтық, киімі көктік, аздырар адам баласын» деген Абай атамыздың аталы сөзінің кері ме?
Айтпақшы, өткен аптада Қордай ауданындағы Қаракемер ауылында екі жасөспірімнің мәйіті табылған еді. Мәліметке сүйенсек, көз жұмған екі бала да 9-сыныпта оқыған. Олар әртүрлі мектепте білім алғанымен, өзара дос болғаны анықталып отыр. Қайғылы оқиғаға байланысты бастапқы нұсқа ретінде өз-өзіне қол жұмсау дерегі қарастырылуда. Оқиға өңір басшылығының бақылауына алынған. Ауылға балалар омбудсмені мен білім басқармасының жетекшілері барған. Қазір марқұм болған оқушылардың сыныптастары мен ата-аналарына психологтар көмек көрсетіп жатыр. Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Есен ӨТЕУЛІ