Қоғам

Қаратаудың қазанаты

Битама Мырзамбетұлы туралы әңгіме еткенде, есіме бұрынғылар айтып кеткен «Жақсы адам қартайса, жазып қойған хаттай, жаман адам қартайса, бықсып жанған оттай», «Қарты бар елдің, қазынасы бар, қызы бар елдің, базынасы бар» деген даналығы түседі.

Кейбір кісілер зейнетке шыққаннан кейін шөгіп, қазан-ошақ, қора-қопсыны айналшықтап, күйкі тірлікті күйттеп, бықсып жанған оттай өсек-аяңға құлақ түріп, күнін өткізеді. Айналада не боп жатыр, Астана не дейді, қоғам қалай қарай бет алып барады, жастардың бағыты қандай деген елдік мәселеге мән бермейді. Болмаса «е, соны қойшы» деп, қол сілтей салады.

Ал Битама ағайым текті адам екен. Қаржы, есеп-қисап саласындағы қызметіне хош-хошын айтып, зейнетке шыққаннан кейін қаламды серік етті. Көкірек-кеудесіне жиылып қалған елі мен есі, тарихы мен тағылымы, ділі мен тілі туралы сырлары мен жырларын ақтарды, оларын халқымен бөлісті. Бөліскенде, жазғандарын газеттерге шығару үшін редакцияларды жағалап, немересімен жасты журналистерге жәутеңдеген жоқ. «Анау тағы келе жатыр» дегізіп, көзтүрткі де болмады. Ағаның атын мен сырттай естіп, сыртай білдім. «Қарағым, інімсің ғой, өлеңдерімді газеттеріңе шығарып берші», «Мынау менің романым, повесім, әңгімем, естелігім еді, оқып көрші» деп мазалаған жоқ. Басын тік ұстап, ешкімге иілмеген күйі өмірден өтті.

Биыл сол қайсар көкем жер басып жүргенде тоқсан жасқа келер еді.

Ағамның мұраларымен, шынымды айтсам, енді танысып отырмын. Бұған бір жағы қуансам, бір жағынан өкінем. Қуанатыным, ағайынның сыры белгілі ғой, кітаптарына алғы сөз жазып, жар сап жүрсем, «е, ағайыны ғой, інісі түзеп берген да» дейтін сөзден аманмын. Өкінетінім, Бәкемнің қойыны кенге толы Қаратау сынды кеудесі қазынаға бай екен де, соның бәрін қағазға түсіре алды ма, жоқ, жартысын өзімен бірге ала кетті ме? Әттең, сол кезде неге қасында бірге болмадым, неге сұрап, біліп қалмадым деп қиналып отырған жайым бар. «Аға» деп іздеп те бармаппын. Қаратаудай қасқайған көкем де «інім» деп бір келмепті.

Жә, сонымен Биағамның кітабын қорқасоқтап ашқаным сол, қаламы төселген кәнігі жазушының сөз саптасын таныдым да, қуанып кеттім. Журналистиканың «қатып-семіп» қалған тілімен кім де болса жаза береді. Қорқасоқтағаным сол еді, бірақ көкемнің...

«Маужыраған мақпал түн әлденеден үріккендей батысқа қарай үдере серпіліп, бүкіл әлемді түні бойы көз ілмей күзетіп шыққан аспан шырақтарының өңі тая бастапты. Ендігі кезек менікі дегендей бір нұрлы сәуле аспанның қиыр пұшпағынан бой көтеріп, айшықтанып келе жатты» деп басталған алғашқы сөйлемінен кейін «қап, сөздің мәйегін білетін бір ағадан айырылып қалған екенмін-ау» деп өкініп қалдым. Өйткені, мына сөйлемді қағазға түсірген адаммен әдебиет, мәдениет, өркениет, ел тағдыры, бұрынғы өткен тарих, белгілі адамдар туралы әңгіме-дүкен құруға әбден болатынын сезіп, өкініштен ішім уылжып кеткен еді.

Мына қызықты қараңыз, кітаптың алғы сөзін елімізге белгілі жазушы Елен Әлімжанов аға жазыпты. Ол кісі де Битама ағаның жазушылығына шүу дегенде күдіктене қараса керек, бірақ алғашқы сөйлемінен-ақ сөз саптасына риза болыпты. Елекең былай дейді.

«Битама Мырзамбетұлының өлеңерімен таныс едім. Өткен жылы пікірімді де білдіргенмін... Ал оның прозасын көргенде, шынымды айтайын, таңданыс білдірдім. Алғашқы сөйлемін күдікпен оқыдым. Бірақ жатық сөйлемдер ол күдігімді бірден арылтты» дейді де, ары қарай:

«Арман-ай» бір деммен оқып тастайтын әдемі шығарма. Эссе. Кісінің жүрегіне сағыныш оятады» дейді.

Міне, ауылдағы қазыналы қарттардың кейбір қырлары мен сырларын осылай кеш біліп, кеш түсініп, өзі кеткен соң өкініп жататынымыз бар.

***

Биағаның тағы бір қыры, ішкі жан сырын жырлары арқылы бөлісу. Абай атамыз «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп көпшіліктің бәрін дәмелендіріп кеткенімен, сол өлеңнің «қиыннан қиыстырар» талаптарын тізіп өтпеуші ме еді. Демек, сол талап үдесінен шыға алмасаң, өлеңің өлең болмай шығады.

Ақын ағаның «Ой-тоғыс» деген жыр кітабының алғы сөзін жазған ақын Жанат Төлендиев:

«Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, менің Битама ағамен таныстығым ақындардың ортақ ауылы – өлең өлкесінде басталды. Бірақ, Бәкең жыр тұлпарын қанша ерте ерттедім десе де, өлең өлкесіне кештеу келді. Онысының себебін ақын ағамыз мына бір сыр шумақтары арқылы тұспалдап болса да жеткізуге тырысады.

Шын тұлпар демесең де, қазан атпын,
Ұлы ақын болмасам да, азаматпын.
«Өлеңге әркімнің ақ бар таласы,
Жазғыра көрмегейсің, жамағат тым.

Өлең атты бәйгеге тарланымды,
Кештеу қосып тістедім бармағымды.
Бәсірелі талабым бабын тауып,
Мәнді қылғай тәңірім алдағымды...

Осы өлеңдерінде ақынның өз шығармаларына деген қатаң талапшылдығы, сыншыл көзқарасы аңғарылады» депті де, ары қарай:

«Бәкеңнің өлеңдерінің қайсысын алмаңыз, олар ылғи да ішкі толғанысқа, ойлы астарға толы келеді. Оның қай өлеңінің де ажарын ашып, мәнін келтіретін басты элемент – ақынның азаматтық үні. Өмірді танып-білу, шындық болмысқа терең үңілу, ақыл-сана тудырған барша рухани қазыналарды мейлінше молынан игеру секілді игі мұраттарды мақсат тұтқан ақын ізденісі шын адами түсінік, тілеуқор таным тұрғысынан алғанда нағыз қажырлы еңбек, талмай іздену санатында бағалануға лайық» деп ойын бір қайырып тастайды.

Ақын жырларына мен де үңілдім, мен де оқыдым.

Сағымды Сардаланың баласымын,
Сақтаулы сол далада бар асылым.
Бұйратты құм жалдары жақындарым,
«Елібай» асқар белім, жанашырым.

Биағаның туған жеріне арнаған осы жырынан кіндік кескен атамекенімді көрдім.

Өскенмін қызықтаумен қызғалдағын,
Сезімнің нәзік сырын қызға арнадым.
Басында «Ноғай төбе» ой ұшқындап,
Қияға қанат қаққан ізгі арманым.

Мен де Тайтөбемді тау санаушы едім. Мен ғана ма екем, менің ата-бабаларым, ағайын жұртым да Тайтөбеге тәнті боп, сол биіктің аржағынан көтерілетін күннің шапақтарына маңдайларын сүйдіріп өсті.

Ағатын дала сағым теңіздейін,
Жоситын ақбөкендер егіздейін.
Тұратын сексеуілдер нар тұлғалы,
Қатал сынақ, достыққа нағыз бейім.

Жиекқұм, Жалбы деген сияқты сан түрлі аттары бар құм өлкесі, оның бірінен бірі асқан жалдары, сексеуілдері, жыныс боп өскен түлейлері әлі күнге дейін сағыныш сезімімді оятады. Ақын жырының құдыреті де осы шығар.

Ақынның осы кітабындағы екінші бөлімі «Сыр-шумақтар» деп аталыпты. «Сонеттер» үлгісі ме, әлде «рубаяттар» ізі ме, кіл жалғыз шумақтардан тұрады. Әдетте мұндай шумақтарды ақыл тоқтатқан, көпті көрген, оқыған-түйгені жетерлік қазына кеуде қариялар жырлайды.

Оңайы, ақыл-ойдың, қиыны бар,
Жақыны, қиял жетпес қиыры бар.
Болғанмен жаратылыс бәріне ортақ,
Әркімнің өзі шығар биігі бар.

***

Әр нәрсенің өзінше асылы бар,
Арасында құрышы, жасығы бар.
Талғам керек қашанда, талдау қажет,
Ойшыл, сыншыл болуға машығыңдар.

***

Біліктілік артпайды ұштамасаң,
Ақыл жалқау, ойыңмен қыштамасаң.
Үйде тұрған қармақтың керегі не,
Көлге барып бір шабақ ұстамасаң?!

«Сыр-шумақ» десе, дегендей. Төрттағандарды тұщынып оқығаным сонша, тағы біразын мысалға келтіргім кеп отыр. Бірақ оған газет талабы көтермейді. Оқығысы келетіндер, кітапханалардан өздері тауып алар.

Ал енді осы төрттағандардың айтарына келсек, бәрі өзіміз көріп-біліп жүрген өмір деген мектептің дәрісі. Бірақ соны екінің бірі қағазға жыр ғып, сыр ғып, шумақ қып түсіре алмайды. Баяғы Омар Һаямнан кейін ұмытылып та кеткендей еді, Құдайға шүкір, қазақ әдебиетінің ақсақал ақындары өмірге қайта әкелді. Өз өңірімізден Арғынбай Бекбосын аға да зейнетке шыққан соң төрттағандармен әуестеніп, мыңдаған мәнді шумақтар жазып кетті.

Қазына қариялардың жастардың маңдайынан сипап, жігерлендіріп отыруы парызы. Сондықтан болар:

Дамып жатыр ақыл да, санамыз да,
Жол салған жеткілікті данамыз да.
Ұрпақтар ұлағаттан айнымаса,
Жүреді Фарабилер арамызда, –

Биаға да болашақ Фараби, Ибн Сина, Омар Һаямдардан үміт күтеді. Ал үмітсіз, шайтан ғана. Ақын сондай-ақ:

Бәйгеде бабы келген тұлпар озар,
Тұлпардың дүбіріне арқа қозар.
Озғандар көз жазып қалмау үшін,
Артқылар алға қарай мойнын созар, –

деп, өмір мен өнер бәйгесінде жолы болмаған жастардың үміттерін оятады.

***

«Әңгімесін ағасы жазған повестің алғашқы сөйлеміне тамсанумен бастап еді, онысын тастай салып жыр шумақтарына ауысып кеткені несі?» деп отырғандар болса, Биағаның қара сөзіне қайта оралайық. Бұл да ақын, әрі жазушы ағаның прозасы мен поэзиясын қатар өріп, тұздықтай жеткізудің бір әдеби тәсілі де түсініңіздер.

«Арман-ай» – Биағаң алпыстан мол асқанда жазылып, 2002 жылы баспадан кітап боп басылып шығыпты. Хикаяттың басты қаһарманы гвардия полковнигі, батальон командирі Ратай Сұлтанбеков атты Таластан шыққан майдангер.

«Әлдеқайдан кележатқан баласын көріп:

– Апа-ау, таң атпағаныңыз қалай, ару күн алаулай жанып, көк жиектен күлімдеп шығуға асығып келе жатқан жоқ па? «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» демеуші ме еді, әкем. Тал түске дейін шәниіп жататын кез бе қазір.

Ратай анасына анасына көзінің астымен қарап қойды.

– О, еркек болғаныңнан айналдым сенің. Жаным-ау, сенсіз де бұл ауылдың еркек кіндігі жетіп жатыр ғой. Солардан артылатын іс бар ма, сен не қыласың басыңды ауыртып.

Қатша жақын келген баласын бауырына басып, бетінен сүйіп жатыр».

Таңмен таласып тұрып жүрген бұл бала кім десеңіз, ол – болашақ қазақ офицері, гвардия майоры Ратай Сұлтанбеков болатын. Қаламгер оның бала кезінен сөзге ділмар, шаруаға пысық болып өскенін осылай суреттейді. Елен ағаның повесті «тілі жатық» деп сүйсінуі осыдан.

Кітапты оқи отырып жазушы кейіпкерінің белгі ақын, қазақ әдебиетінің ақсақалы Әбу Сәрсенбаев екеуі майданда бірге болғанын білеміз. Жазушы Елен Әлімжанов бұл жөнінде:

«Ал үшінші таруы етіп майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевтың естелігін қосқан. Әбекең майданда жүргенде Битаманың болашақ кейіпкерімен кездескен, ол туралы, оның бөлімшесінің ұрыстары мен жауынгерлік ерліктері жайында жазған екен» деп жазады өзінің алғы сөзінде.

Мен де бір мысал келтіре кетейін.

«Кірген бойда тамағымды кенеп, біраз бөгеліп қалған едім, елер емес.

– Қайырлы кеш, жолдастар!

Дауысымды көтере сәлемдестім. Офицерлер карта бетінен енді ғана бастарын көтерді. Екі бетім ду етті. Дәл төрдегі жас жігіт манағы шұбар халатты. Мені ол да таныған сияқты. Кекесінді ғана жымиды. Мазақтар-ақ деп едім, әдептілік істеді. Документімді көрді де, жүзіме ұзақ үңіліп, етсіздеу қолын ұсынды.

– Батальон командирі Сұлтанбеков Ратай... «Еділ толқынын» оқыған едім...

– Рахмет, інім.

Көңілдене күліп қолын қыстым.

– «Еділ толқыны» қиял жемісі еді ғой, енді өмір шындығын, майдан батырларын жазбақпын».

Біле білгенге, Биаға туралы айтқан өкінішімнің бір ұшығы осы сырларды өз аузынан ести алмағанымда жатыр.

Битама Мырзамбетұлы сонау 1936 жылы Талас ауданы жеріндегі Елібай жотасының баурайында, ұзын аққан Талас өзенінің орта шеніндегі бұрынғы Кеңес кеңшары, қазіргі Бөлтірік шешен аулында дүниеге келген. Сонда жар сүйіп, сәби иіскеп, өсіп-өнген. Жоғары білімді, мамандығы қаржыгер-экономист. Ол зейнетке шыққанша Талас ауданы мен Қаратау қаласында тұрып, мамандығы бойынша қызмет етіп, 1996 жылы еңбек демалысына шықты.

Әдебиет әлеміне алғаш 1999 жылы Алматы қаласындағы «Атамұра» баспасынан шыққан Жамбыл облысы ақын, жазушыларының шығармалар жинағына енді. Одан кейін жыл аралатып «Жыр-ғұмыр», «Арман-ай», «Ақыл – қазы, ар – таразы», «Ғұмыр-дария», «Ой-тоғыс», «Өмір өрнектері», «Сергек сезім» атты кітаптары жарық көріп, ұрпағына мол рухани қазына қалдырып кетті.

Биағаның және бір қыры – әлем поэзиясының маржандарын қазақ тілінде жатық сөйлете білуі. Бұның өзін қыруар еңбек десе де болады. Шығыс жұлдызы атанған Омар Һаямның төрттағандарымен көрнекті ақын Қуандық Шаңғытбаев, одан кейін жерлес ақын ағамыз Арғынбай Бекбосынның аудармасы арқылы таныс едік. Әсіресе, Қуандық ақынның аудармаларын жұрт жатқа айтып жүретіні жасырын емес. Биағаң да осы Омар Һаям төрттағандарына тер төгіп, 300 астам шумақтарын аударған екен, оны да бір шолып шықтым.

«Шолып шықтым» деуім күпірлік болар-ау, алғашқы шумағынан-ақ Биаға аудармасынан айналшықтап, шыға алмай қалдым.

Ерсі адам ақылдыға балап өзін,
Құдаймен тілдескендей сөйлер сөзін.
Бейшара сезе алмастан шындық сырын,
Ақыры аң-таң күйде жұмар көзін.

***

Жаһанда қамсыз, мұңсыз саналмаққа,
Кейбіреу бұт артпақшы пырақ атқа.
Білмейді-ау, аспанның да азалысын,
Жылайтын ебіл-дебіл жауған шақта

***

Жасқа да, кәріге де зауал жетер,
Аталар кеткен ізбен бәрі де өтер.
Ешкім де бұл дүниеде мәңгі жүрмес,
Кетеді, кеткен келер, тағы кетер.

Биаға да Алла тағаланың өлшеп берген жасын жасап, тағдырынан таңдап алған қызметін адал атқарып, одан кейін болашақ ұрпаққа қыруар әдеби мұрасын қалдырып, армансыз көз жұмып, бақилық сапарына аттанып кете барды.

Өзін өлеңдегі тұлпарға емес, қазанатқа теңеген қайран ақын енді өзінің қарт Қаратауында жазып қалдырған жырларымен, әндерімен, қара сөздерімен өмір сүреді.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

Тараз-Қаратау-Тараз