Жүрек нұры
Белгілі қаламгер, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, әдебиетсүйер қауымға есім-сойы етене таныс Бергентай Нұрмаханұлы таяуда Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өткен болатын. Қаламынан сарқылмас сарқырамадай таланты төгіліп, сөз өнері өріліп, оқырман қауымның кең жүрегіне жол тапқан жерлес қаламгердің шығармашылығына шалқар шабыт тілеп, «Жүрек нұры» атты әңгімесін өздеріңізбен бөліскенді жөн көрдік. РЕДАКЦИЯДАН.
Бұл күн Айтбайға «қаралы күн болып тіркелді» десе де болады. Жағың қарысқыр әйелі Алманы босандыруға әкеткен «жедел жәрдемдегі» медбике: – Ағай, жеңгемнің босанатын мерзімі асып барады екен. Жолда жазатайым көлік ішінде босанып, «кіндік шеше» болып қалсам, маған сүйіншісін де, «кіндік шешелік» жолымды да беруді естен шығарма, – деген. Айтбай отағасы әйелін әйелдер босанатын үйге ойда-жоқта шұғыл аттандырарда:
– Әрине, айналайын! Әуелі Аллаға, одан соң тілекші періштелер мен өзіңе тапсырдым, қарындасым. Жарымның тек толғағы оңынан болып, аяқ-қолын бауырына алсын! Ал қарағым, сен маған аяқ-қолы балғадай ұлдың дүниеге келгенін хабарлап, есімді шығарып көрсең болды! Аузыңа май, астыңа тай мінгіземін! Сөзім сөз. Жақсы хабар жан семірткен, күтемін! Көрген түсім, әулие кемпірдің жорамалы қалт кетпесе, бұл дүние есігін елеңдеп ашқалы отырған інің ұл болуға тиісті. Басқадай болуы еш мүмкін емес. Маған көрініп жатқан аян да қалт кетпейді. Қызым-ау, өзің ойлашы, мұның алдында 6 қызым бар. Соңғы қызымның атын да Ұлтуар – деп, ылғи ұл туған үш кемпірді іздеп жүріп тауып, ырымдап етектерінің астынан өткіздік. Естіген жанашырларым бәріне дәрет алдыртып, ырымдап қойған екен. Бұл нәресте ұл болса, әкел қолыңды, атын өзіңе қойдырамын. Тек менің қалаған хабарымды жеткізсең болды. Байлығым да, айлығым да, өмірім де соның алдында құрбан, – деп қызыңқырап қалған Айтбай лепіріп кеткен-ді...
– Бәрі Алланың қолында ғой, аға! «Жақсылық айтсаң, жақсы болады» – деген. «Жаратқан шын тілегеннің тілеуін берген» деп әкем көп қайталай беретін. Бергеннің берекесін берсін! Қорықпай сүйіншіңізді дайындай беріңіз. Менің босандырған жеңгелерім үнемі ұл туатын. Солардың жолын берер, – деп, пысық, ашық қыз ағасына жадырай күліп көлік есігін жауып жатты. Айтбай болса көзі жыпылықтап, көңілі босап:
– Әмин, айтқаның келсін, қарындасым, – деп, қол бұлғап қала берді . Оншақты минут өтпей-ақ үйіне кірген Айтбай, ас бөлмесіндегі үйреншікті шкафты ашып жіберіп, дайын тұрған стаканды шүпірлетіп толтырып алып, терең бір демалып отырмастан: – Е, жаратқан, менің ұзақ көксегенім де және жаңағы қыздың айтқаны да, періштенің құлағына шалынсын! Бисимилла, ақ түйенің қарны ақтарылатындай қуанышыңды бер, құдайым! Әмин! – деп, шүпілдеген ащы суды басына тамшысын қалдырмай бірақ көтеріп, дайындап қойған тістелген ащы қиярды аузына жақындата бергенде, ұялы телефоны шыр ете қалды. Шанышқыдағы қияр ауызға емес, еденге топ ете қалып, асыға тұтқаны құлағына ебедейсіз тіреді. Аржақтан «Сүйінші аға, жеңгей аман есен жолда босанды» деген дауыс естілді.
– Кі...м? – Қырық мыңыңыз дүние есігін ашты! – Жұмбақтамай, өтім жарылса да айтшы, қарағым, «ұл», – деші! Көп жасағыр...
– Қызды болдың, аға!
– О, әкеңнің аузы, бәріңнің де, ұл қайда әлгі, – деп қолындағы телефонын құлаштай қабырғаға лақтырып, стол үстіндегілерді ашу кернеген бар дәрменімен сілкіп жіберді. Салдыр-гүлдірден шошып оянған үйелмелі, сүйелмелі алты қызы:
– Не болды, әке! – деп ас үйге топырлап енгенде, еденде жер ұрғылап өкіріп:
– Қу шұнақ құдай-ау, мұның не... деп жатқан әкелеріне қарап түкке түсінбей есік керіп шүпірлеп үрейленіп тұрып қалды...
***
Айтбай содан таң атқанша ішті. Стақанды басына көтеріп жіберіп алып, іші удай ашып, қыз «туғыш» әйелін де, қыз «тудырғыш», жолы болмайтын өзін де, өмірі өзіне қырын қарап келе жатқан Жаратқанды да сыбап алып, кішкене жеңілдеген болады да, өкіріп жылай береді. Қыздары бұл кеште аш. Қыздарының тұңғышы он екі жасар Ұлсұлуы одан көргенін жасап, әжептеуір палау басқан еді. Шақыруға барғанда көзі жыпылықтап үрейі ұшып қайтты. Әкесі бұған айқайлап: «Көзіме көрінбей құры қазір! Бауыздаймын бәріңді! Ой өңшең қарғыс атқыр киесіз жатырдан шыққан ербиген пәлелер! Жатқан жерлеріңе лағынет.
...Тумысында әкеден де, анадан да мұндай ауыр сөз естімеген Ұлсұлу қызы көзі бақырайып, жылап ас бөлмеге бетін жауып еніп кетті. Сәл есін жиып қалған әке:
– Құдай-а-у, мен не деп кеттім, Ұлсұлуыма! Қыз туып жатқан ол емес қой! Кешір қызым, кешір – деп, артық кеткенін сезіп, орнынан тәлтіректеп тұрып Ұлсұлуының бетінен сүйгісі келіп еді, бағаналы бергі ішкен арақ уытынан буыны да, аяғы да тірелмей, есі кетіп, тәлтіректеп төсек жақтауына оңбай басын ұрып, құлады.
– Түсінемін, Алла өзіңе тіл тигізген мендей бетсізге істеп отырған жазаларыңның басы ғой. Екінші рет бөтелкедегі қалған ішімдікті стақанға құйғысы келіп еді, стақанның ернеуін таба алмай төсегіне құлатып ақтарып алды. Домалап барып төсеніш үстіне түсіп, ақтарылған бос бөтелкені ебедейсіз теуіп қалды.
– Құдайым-ау, не жаздым саған! Маған мен қалайтынды қалаған емессің ғой сен!
...Жаман бозбала болмадым. Жігіт кезімде соңымнан жыртылып-айырылып жүрген топ қыздардың ішінен бір ұл туатын қызды нәсіп етпепсің. Міне, әр жылы әйелдің қарнына алаңдап ұл күтіп жүрген менің сыйқым мынау! Мен ес біле бастаған кезімнен-ақ өскенде ұлды болуды өлердей қаладым емес пе? Ал сен мен байқұсқа кері істеп бақтың. Өзім үміттеніп, қазақы ырымға сүйеніп, ешкімге дүниеге келген нәрестеге ат қоюда иелік бермей тұңғышымның есімін Ұлсұлу, екіншісін Ұлбосын, үшіншісін Ұлдана, төртіншісін Ұлбала, бесіншісін Ұлтуған, ал енді Алла нүктесін қоятын шығар деп, алтыншысын Ұлболар деп едім. Болмады, болмай қалғыр. Ақыры болмапсың ғой. Беті құрсын мені жерге қаратқан жер жұтқырдың. Қасымда болғанда шешесі екеуін кіндіктің шегімен қосақтап буындырып өлтіретін едім. Құдай сақтап қалды, көрер жарығы бар екен! Құрысыншы бәрі. Өткен іске өкінбе. Енді оны қайтара алмайсың, Айтбай деп, жер тепкілеп бетінен де қайтып қояды!
...Тәңірім-ай, сол кезде Алмаға тап қылмай, соқыр болса да ұл сыйлайтын, ұрпақ жалғайтын бір ұл туып мәз ететін қызға неге кез қылмадың! Қолыңда еді ғой барлық билік! Менің өкпем дұрыс қой,ә! Ал аузыңа жылан жұмыртқалағыр, қу бас өткір, әлгі алып кеткен қыз мені табалағандай, тағы «қыз» – деп мәз болып қоңыраулады емес пе? Жаңылысса дұрыс болар еді ол бейбақ. Барып нәрестенің бұтын ашып көрмей жұртқа сенуге болмас, мына жалғандық билеген шикі заманда!
...Ертең басымды жазып болған соң, өзіме келіп, жуынып-шайынып, қырынып бармасам, жұртқа сенуге болмас! Олар адамдардың қуанғанын да көре алмайды бүгінде. Дүниені қаптап кеткен іштарлық, қазір! Егер анық қыз болса, дайындаған аттарым да бітті. Ей, адамдар оның атын Итбай қойсаңдар да, өздерің табыңдар. Бердім ерікті, өздеріңе! Үміт үзілді, көрген түстен де, ашқан құмалақтан да, қайыр болмады. Бәрі алдамшы. Құрып кетсін. Ендігі досым да, үмітім де, тек ащы су сенсің! Өзіңнен басқа мені жұбатар тірі жан жоқ.
...Бәрін қимайсыңдар маған. Енді көңіл жұбатуға ашқан мына соңғы бөтелкіні де, домалатып, төгіп тастадың. «Соңғы қалдық тәтті болады» деуші еді ішкіштер! Оны да қимадың. Жақсы енді білгеніңді істей бер, істей бер! Топырлатып берген, қиып берген қыздарың да, қыз туғыш мына қатынға да рақмет. Бәрінен де ажырасамын! – деп жатып ебедейсіз қор ете қалды...
***
Жаратқан ием пендені «болдырам» десе де, «тоздырам» десе де, бір-ақ сәтте екен ғой! Болмаса Айтбай қандай жігіт еді? Жасында Алмасы ше? Ақыл мен парасат, мейірімнің үлгісіндей-тін. Бұлардың сыйластығы мен достар арасындағы беделі берекесін де беріп жатты. Айтбайдың топырлаған әуелгі төрт қызынан кейін-ақ, шаңырақ сәл шайқалып, босағаға сығалап, жынды су ене бастады. «Уайым» деген, жайбасар пәле жақындай берді. Ас үстіндегі әңгіме мәдениеті де өзгеріп, балаларына дөрекі зеку де байқалды. Ұстамдылығы ұлыларға ұқсаған Алма бәріне көнді. Ішкендікі шығар, кім ішпейді?
Ер азамат болғаннан кейін достар ортасында қалай шешек шыққандай бөлініп қалсын! Келе-келе өзеуреп бара жатқан өзгерістің сырын да болжады. Іштен тынады. Алла берерін тауыспасын. Тілегін беріп қалар, әлі шөгіп отырған жоқпыз.
***
...Ақыры сол түні босағаға ібіліс түнегендей береке кетті. Ұйқылары ұйқы болмаған қыздары өксіп жатып әрең таң атырды. Ауруханадан аналарының тезірек оралуын аңсады. Сонда да ішкіш әке бала көкірегінен қанша балағаттап итергенімен, сызылып жүретін қыздары бір артық сөз айтпай, тыңдаумен болды. Жайшылықта оның әкесіндей мейірімді, ақ көңіл, мәдениетті адам жоқтай үнемі жоғары бағалап өсті. Тек, Алла, ол армандаумен болған, оның жоғы – бір ұлды болса да жетер еді. Інілі болған бұларға да арманы-тын. Ғажап болатын еді ғой. Құдай неге бір ұлды қимайтынына бұлар да таң қалумен жүрген!
***
...Айтбай басы сынып орнынан әрең көтерілді. «Бас жазайын» деп босаған әр шөлмектің түбіне үңіліп, сарқып, тамшылатып көріп еді, бірер сырғып келе жатқан ылғалды бөтелкелердің аузынан күтіп жалап көрді. Дәмі де сезілмейді! Көзге түскен киімнің шығар есік алдындағы ілгіштен қолға ілінгенін әрең киіп, қабырғаға сүйеніп зорға дегенде тәлтіректеп көшеге шықты. Екі аяғы өзінікі еместей ие бермейді. Ескі «сүрлеуімен» сүйретіліп келеді. «Кім біледі, көшеден, не базардан құдайына қараған бір пенде кездесіп қалуы мүмкін ғой. Ел іші» – деп, елеңдеп шығарда ішкен бір кесе мұздай қара судың қуатына құл болып ілбуде. Ешкім кездеспеді.
***
Ақыры әйелі жатқан аурухананың корпусын жағалап жүріп тапты. Мұны ішке кіргізбеді. Тәртіп солай екен бұл жерде. Екі қабатты корпустың кезекшілер нұсқаған бетіндегі ашық тұрған терезелердің тұсынан келіп, дауысы қарлығып айқайлай бастады: «Әй, мұсылмандар құдай үшін, қыз тапқыш Алма деген әйел қай терезеде, тезірек шақырып жіберіңдерші». Не сандырақтап тұрғанын өзі де ұқпады. Дауысы күңгірлеп тұр.
– Кім дейін, аға? Биыл қыз тапқыштардың жылы болып тұр ғой. Бір ер баладан басқасы осы патокта шуылдаған қыздар! Қыз көп болса, бейбітшілік болады екен ғой, аға, – деп бір пысықай келіншек ашық терезеден шыға келіп, төменге көз салды.
– Бүйткен бейбітшілігі құрысын, қарындасым! Алты қызды болсам да, біздің үйде қалың соғыс. «Жетіншісін туыпты» деген бір жаман хабар естігенмін. Нағыз соғысты бастамай тұрып, «қыз туғышпен» ажырасайын деп келген бетім. Рас, имандай шыным! Жылда ұл күтумен екі көзім төрт болған әкемін, қарындасым. Менің күнімді сенің байыңа бермесін құдай! Ашық терезеге жылдам жиналған еріккен бірнеше әйел одан арман күлісіп алып, бірі:
– Ағатай, ұл туғыш әйел керек болса, мына келіншектің күйеуімен айырбаста жеңгемді. Бұл бесінші ұлын тапты. Ал оның күйеуі бір қолғанат қызға зәру болып, күні-түні қабағы ашылмайды екен. – Ақымақ еркек те, – деп, әлі құрып қара талға сүйеніп отыра кетті.
– Аға-ау, мынадай қауқармен қалай ұл тудырасың, басыңды әрең көтеріп тұрсың! – Сөзді қой келін! Шақырып жібер әйелді. Қалжыңдама, «байың келді» десең түсінер. Аты Алма деген сұлу келіншек. Оның қасанда, тәйірі сендер... .
– Сұлу болса неге ажырасайын деп шештіңіз. Мұндағы туып жатқандардың бәрі сұлулар! Байсыз күлге аунап туып жатыр деймісің? Жесірі жоқ.
– Айтпақшы, мұнда жаңа босанған әйелді сыртқа шығармайды, – деді мосқал, епетейсіз сәби көтерген бірі екінші ашық терезеден айқайлап. Басқа бірі көрініп:
– Алмаңыз осында. Тек бала емізіп отыр екен. – Баласы несі, ол қыз туып еді ғой. Қайдағы бала, әлде менің ашуымды естіп, біреудің баласына ауыстырып алып, алдаусыратып отыр ма? Ол қыз туған. «Қыз» деген бала ма? Баяғыда гректер туған қызды тастай суға салып алғанда шырылдай жөнелсе, «бұдан ештеңе шықпайды» деп, қазылған орға тірідей лақтырған. Олар дұрыс істеген! Қыз көк тас қояр деймісің деген сөзді әрең айтып біраз тыныстағандай болды да: – Алма қызын емізіп болғанша, іштерің пысып отыр екенсіңдер, бір ән тыңдай отырыңдар. Ғайырфолла Құрманәлиев деген әнші көкеміз төртінші қызы дүниеге келгенде мына әнді шығарған екен. Мен де төртіншім туғанда осы әнді үйреніп алып, әлі зарлап шырқап келемін. Әлі естімейді. Жалпы дауысым жақсы әнші едім. Барды базар етіңдер, бәрі бітті ғой, – деп тамағын кенеп қалып, бір бұтаны сындырып домбыра етіп алды да, дауысы барылдап басын шайқап-шайқап жыламсырап: – Құдайым қызды маған үйіп берген, Білмеймін көзі қалай қиып берген, Бақандай төрт қызым бар (жеті қызым бар бір өзімде деймін енді) бір өзімде, Барым да, сорым да сол бір жиып-терген әлеуләй, әлеулай – деп. Құдай-ау, бір атадан әкемнің әкесі жалғыз, әкем жалғыз, мен жалғыз едім! Енді ұрпағым жойылмақ қой! Маған неге бермейсің сұрағанымды, жаратқан, – деп, қолындағы таяғын лақтырып жіберіп, ұшып тұрып еді, әбден ішкен екі күнгі ішімдік уыты әлсіретіп жерге қайта ұрып жықты. Оның жалынышты үнін дауыс жетер жер түгел естіп, аңтарылып бір тоқтап өтіп жатты... Терезедегі әйелдер де үнсіз мұңайып тарасып, бірі:
– Алма, тез сұранып сыртқа шықшы. Күйеуің тал түбінде құлап қалды. Жылдамырақ, қызыңды мен жұбата тұрамын. Бол! – деп, көрші палатаға жүгіріп кетті. Шіркін, ұрпақ жалғайтын ұл баланың құдіреті осында екен ғой! Кім екшепті тереңін. Оның себебін Айтбай бір сәтте осылай ақтара салған-ды.
***
«Жүрдек уақыт, жүгіргенге де жалбарынып жүгінгенге де жеткізбейді» – деген. Тіршіліктің күйбеңі бірде ұтып, көбіне ұтылдырып сабылта, сағынта береді деген осы. Өткеннің ізі сағыныш, келер күні үміт арқалатып алдайтыны да көп. Айтбай бұрыннан біліс, аракідік соғып бой жеңілдетіп жүретін жесір Қанымкүлдікіне барып жүріп, ақыры «күшік күйеу» болып кіріп алды. Бірде ішімдікке салынып жүріп бір түнегенде қызу мұңлық ашынасына ішкі жан дүниесін ақтарып, серік болып, бір жартыны бөлісіп отырып көлденең көк аттыдан тапқан ұлын Айтбайға балап, «сенің ұлың» деп малдандырып койғаны да бар-тын.
...Осылай жүріп құдай кешікпей тағы көз жасын көріп, ұлды болды. Бұл күндері есі кетіп, көңілі жайланған Айтбай артық ұнамсыздықтың бәрін тастады. Алласы көптен, көктен жылапеңіреп жүргенін жерден ашынасы Қанымкүлден берді. Бұл қыздай алған Алманы да, еш қуаныш сыйламаған туған жеті қызды да оңай ұмытты. «Ақымақ еркек, арсыз еркек». Тағдырдың жазуына көнген Алма бәріне төзді. Бірнеше рет «балаларыңа алимент төле» деп жолыққанда, ол: «Қалай төле дейсің, ойнастан туған қыздарыңды кімнен тудың, солармен соттасып алимент төлеттіріп ал! Көрмейсің бе, сенен құтылғалы екі ұлды болдым. Алимент талап етіп, біздің мазамызды алмақшы болсаң, айтпады деме, бұзақыларды соңыңа салып қойып, сорлатамын! Осы тыныш күндеріңе зар боласың» деп, еңіретіп, Алманың үрейін ұшырып қойған. Сүйенері жоқ, қумаңдай Алма, «бастан құлақ садақа» деп, соттағы арызын қайтып алған.
Жесірдің жеңісі мен жемісі болған алименттен айырылған Алма бірде олай, бірде бұлай болып, балалардың жәрдемақысын тартқылап жүріп жеткізіп келеді. Шүкір, алғашқыда әкелерін іздеп мазалағанмен, ананың бұлтартқан жауабын естиести жүріп қыздары да күдер үзді. Әке де ат ізін салмай кетті. Бара-бара, Айтбайдың бір дүдәмәл, бір туған ұлы бұрынғы қайғысын қайтарғандай көңілі тоғайды. Айтбай өзін-өзін қалыпқа келтірді. Үнемі жуынып-шайынып, қырынып, шашын да түзеп, күтінуді бастағанына біраз болды. Есейе келе үйелмелі-сүйелмелі қыздар мектеп бітіргенше балалықтан алшақтап, панасыз аналарының қолдарынан келгенше жыртығын жамап, жетпегенін жеткізіп жүріп жетілді.
Қайда той не ас болып жатса жалданып жүріп ыдыстарын жуып, кейде үйін жинасып, тазалап күн көрді. Келе-келе тойхана, дәмханаларда сабақтан тыс уақыттарда даяшы болып жақсы машықтанды. Бұларға сұраныс та көбейді. Тірліктеріне көңілі толған жалдаушылар, қыздардың жағдайын білетіндер еңбекақыларын үстем етіп төлеп, қуантатындар көбейді. «Тәубә» деп таң атырып, «шүкір» деп күн батырып теңеле бастаған жесір Алма құдайына бас иіп, қиындықтарды ұмыта бастады.
***
«Өлмеген құлға келіп қалды мына жаз» демекші, көп пенденің басында бірде бұлай, бірде олай ауысып жататын жылдар Айтайды да бірде қуантып, бірде мұңайтып көштен қалдырмай жүріп, ақыры тірлігі іркіттей іри бастады. Көңілге медеу, жүрекке демеу болған екі ұлын да алып бара жатқан пейілдері болмаса да, соңғы кездері бірде ауру, бірде сау әкелерінің жағдайы шаршатып барады. Бірде шешелері: «Балаларым, туған әкелерің ғой. Күтімі маған да ауырлап барады. Оның үстіне әжептеуір қызметтерің болса да сендер де үйленбей, қолды қысқарта қоймадыңдар. Оны күтетін менен де қауқар кетіп жүр. Зейнетке шығып алғанша тырысып қалқайып жүрмін. Ойдақырда айтарым, біраз уақыт Айтбайды қаладағы «Қарттар үйіне» бере тұралық. Онда күтім жақсы көрінеді, бес мезгіл тамақ. Дәрігерлер де арнайы келіп тексеріп тұратын көрінеді. Кеше бастықпен кафеге отырып қалған едік, осы жайды айтып көрдім, жақсы кісі ғой: «Құжатын дайында. Мен көмектесейін» деп қуантты көп жасағыр. Сендер қалай қарайсыңдар бұған?». Үлкені үндемеді. Кішісі Қайрат: – Мама, бізбен ақылдасуға да болар еді ғой, үлкен кісіні әурелемей. Қарттар үйіне өзім-ақ орналастырар едім, бастығыңды салмақтамай, – деп кірбің қабақ танытты.
– Сенің осылай деп шыға келетінің не? Адам сыйлаудың не екенін білмейсің. Оның үстіне мен сенің туған анаң емеспін бе Қайрат ?
– Ол менің туған әкем емес пе, мама! Оның тағдыры бізге де жүк. Бірнәрсе десек, бірден «бастық», «бастық» деп алдымызға тарта бермей, бізбен де санассаңызшы, мама. Біздің сізге қарсы келген кезіміз бар ма? Шарт ете қалған шешесі «жекеменшік» мінезіне салып: – Онда тез үйлен де, қатының екеуің бөлек шығып, көксау әкеңді қолыңа алып күт. Мен шаршадым. – Әуелі алдымдағы ағам Талғат үйленсін. Жол соныкі, мама!
– Онда шаруаң болмасын! – Неге шаруам болмайды, ол туған ағам, әкемнің үлкен ұлы емес пе? Менің пікірім жөнсіз бе? Кешір, мама. Қашан сізге қарсы келген кезіміз бар? Мен келістім. Бұл кезде қол жуатын бөлмеден шыққан Талғат: – Не, Қайрат, тағы мамам екеуің неге келісе алмадыңдар?
– Әкемізді қарттар үйіне жатқызу мәселесімен бізбен емес, мамам бастығымен ақылдасып келіпті..! – Оның несі айып? Екеуміздің жұмысымызды жеңілдеткеніне мамама да, бастығына да рақмет айталық. Уақытша екен ғой, барсын. Онда өзі тәрізді дімкәстар да бар. Әңгімелесіп, жеңілдеп, көңілі бөлінеді. Сен генисің, мама! Мен келісемін. Қайрат та қарсы болмайды. Біткен іске бітімші болалық...