Поэзияның ақ гүлі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын, аудармашы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Күләш Ахметовамен араластығым біраз жыл бұрын басталған еді. Күләш әпкемен таныспас бұрын өмірлік жары, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Қайырбек Асановпен таныс болдым.
Мен 1999-2011 жылдар аралығында республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне корректор болып жұмысқа орналастым. Ол кезде Қайрағаң газетте жауапты хатшының орынбасары екен. Бір жылдан кейін жауапты хатшылық қызметке орналасты. Ұзақ жылдар газетте қатар қызмет атқардық, содан Қайрағаңды жақсы таныдым. Ал жерлес, ақын әпкемізді сырттай жақсы білетінмін, бірақ жақын таныстығымыз 2017 жылы мен Тараз қаласына қоныс аударғаннан басталды. Күләш әпкем кезекті жыр жинағын баспаға дайындап жүрген екен, содан кітапты редакциялайтын, қатесін қарайтын адам іздеп, менің талай жыл газетте корректор болғанымды естіп, телефон арқылы хабарласты.
Әпкем үйіне шақырып, қонақ етіп күтті. Содан кейін әпкелі-сіңлілі болып жақын араластық. Үйіне қонақ шақырса: «Дақаң (менің жолдасым) екеуің дастарқандас болыңдар» деп жақсы-жайсаңдармен бірге әпкемнің жылы-жұмсағынан талай рет дәм таттық. Күләш әпкем де, Қайрағам да өте қонақжай кісілер. Барып жүріп бір байқағаным әдебиеттің, мәдениеттің жанында, облыстың ғана емес, республика көлемінде өлең өлкесінде жүрген жастарға тілекші болып, реті келсе шаңырағына шақырып қонақ қып күтіп, сый-сияпатын аямай жасап жүретін. Біз де әпкемнің талай сыйын көрдік. Алла дарқан пейіліне нәсіпті де үйіп-төгіп берді. Соның дәлелі, қашан барсаң дастарқаны жаюлы, еті асулы, ыстық бауырсағы дайын тұратын. Күләш әпкем қолы ашық жан еді. Жай ғана амандасып, жағдайларын білейік деп үйіне бара қалсаң да, ешқашан құр қол шығармаған. «Арнайы тапсырыспен Кореядан алдырып едім, саған жарасып қалды» деп әйелдер костюмін де кигізіп жіберетін. Әпкемнің бергені деп әлі күнге дейін ұқыптап киіп жүрмін. Адамдар туралы тек қана жақсы лебіз білдіретін, ешкімді жамандап, ғайбат сөз айтқанын естімеппін. Қайрағаң екеуінің бір-біріне сыйластығы, сүйіспеншілігі көзге ұрып тұратын. Арасында жеңіл, жарасымды қалжыңдары да болатын.
– Менің «Жеңістер мен жеңілістерден тұратын өмірде жаныңда ешкім қалмайды, қалатыны бір адам» деп келетін «Бір адам» дейтін өлеңім бар. Дүниемнің түгел екенін көрсетіп тұрған бір адам жанымдағы серігім – Қайыркең. Қандай қиындық болып жатса да, уайым келіп киліксе де, әлемді екеуміз сақтай алмаспыз, Қазақстанның кемшілігін толтыра алмаспыз, бірақ екеуміз бір-бірімізді сақтауға барынша күш саламыз. Сол себепті өзімнің отбасым мен Қайыркең үшін бүкіл күшімді салдым – махаббатымды, ақылымды, білімімді, жігерімді, бәрі-бәрін салдым осы ұлы құндылық үшін. Әлі де салып келемін. «Абайсызда жұрт ішінде сүрінсем, жүгіретін біреу болса қол созып» дегенде, қол созатын адамым – Қайырбек, Қайырбек үшін қол созатын адам – мен деп ойлаймын. Ал еркелету үшін күнде бір сөз таба береміз. Таңертең ұйқыдан ояту үшін – бір сөз, шайға шақыру үшін – бір сөз, асыққанда да – бір сөз, ашуланғанда да – бір сөз. Екеуміз де ақын болғасын ба, күн сайын ондай сөздің жүзін тауып айтамыз. Аялы сөзді айтудың да еш қиындығы жоқ, өз-өзінен шыға береді, – деген еді бірде Күләш Ахметова.
Күләш әпкем өте таза, жаратылысынан бекзат, жүзінен нұры төгіліп тұратын жан еді. Ол кісілерден үйренгеніміз де, алғанымыз да бізге өмірлік сабақ болды. Ол кісімен екеуміздің әңгімеміз көбінесе руханият, адамгершілік, шариғат төңірегінде болатын. Менің нағашы атам «Ақ ишан» атанған Сейдәшім деген діндар адам болғандықтан, бала кезімізден шариғат, иман, ихсан жайлы естіп өстік. Ол кісі Қаратаудың қожасы болған, ол жайында Күләш әпкемнің естуі бар екен, сондықтан ба, мені рухани ұстазым деп те атайтын. Бұған мен кәдімгідей ыңғайсызданып қалатынмын. Күләш әпкеміз мен білгелі намазын қаза қылмай, әрдайым халқының, Отанының, отбасының амандығын тілеп, дұғада отыратын. «Ең алдымен жүрегіңді иманмен толтыр, ол мейірім мен махаббатқа шүпілдеп толып тұрсын, өзіңді рухани байытып ал, тіліңнен, көзіңнен сол төгіліп, жаныңнан сұлулық есіп тұрсын, тәнің таза болсын, міне, адамға алдымен керегі осы... Исламда «Әр нәрседе орташа болыңыздар» деген сөз бар. Кез келген мәселеде алтын аралықты ұстағанға не жетсін», – деген екен бір сұхбатында. Ол кісі соңғы кездері Алла, дін, шариғат жөнінде көп толғанды. Арманы 80 жылдығына дейін Алланы мадақтап өлең жинағын шығару еді. Өкінішке қарай, ол арманы орындалмай қалды. Бірақ Алланың жаратқандарына, құдіретіне мадақ ретінде бірнеше өлең жазып кетті. «Жаратылыс» атты өлеңінде:
Алла – бiр, Барлығынан сол ғана асқан.
Қарасам, ғаламатқа толған аспан.
Жұлдыздар керуен түзеп,
Кеңiстiкке Тәңiрлiк шеберлiкпен орналасқан.
Құс жолын құндағымда көрсем керек,
Қарасам, биiктейдi еңсем бөлек.
Ауқымын алыс көктiң парықтауға
Ғарыштық құдiреттi өлшем керек.
Шарқ ұрып, Таппаған соң теңбе-теңiн,
Ойымды Жер бетiмен тербетемiн.
Мәңгi бол, Жаратқанның хикметтерiн
Көтерген көгiлдiр шар, кең мекенiм!
Дәл мендей тауға бiреу құштар ма екен?
Сонша асқақ, сонша сұлу сұс бар ма екен?
Ауаға бауырымды төсеп қана
Ақ таулар үстiменен ұшсам ба екен?
Су – менiң таңданғаным сосын анық,
Iлесем киттерге iштей қосыла құп
– Жүзгендей кең мұхитта кедергiсiз
Түпсiздi түзу жарып, осып ағып.
Мұхиттар дөңбекшидi шабыт қысып,
Бұлттар да жүйелi бiр бағытқа ұшып,
Ай мен Күн алмасады Айнасынан
Айналған Жер жүзiне жарық түсiп,– деп Алланың құдіретінің шексіздігін жырға қосты. Күләш әпке көктемде дүние есігін ашқандықтан болар, өлеңдерінде көктемді, махаббатты, ізгілікті, азаматтықты, қыз сезімін жырлады. Көктем мен оның жырлары егіз болып кеткен. Оның жыр жинақтарының бірін «Күн шыққанда күліп оян» деп атауының өзі әсерлі. «Күн шыққанда күліп оян» деген өлеңі – нағыз лирик ақынның жан дүниесінің айнасы. Қуана білмеген адам күле де білмейді, баянды өмір сүре де бермейді.
«Жүрекке мейірім мен жылу көмек,
Сүйсінбеуге бола ма сұлуға ерек?
Ойлай берсең ой да көп, уайым да көп
Шыққан күнге қуана білу керек», – деп жырлаған ақын жырларының өн бойынан мейірім, шапағат, жақсылық, адамгершілік, азаматтық сағыныш, күрескерлік, ұлтжандылық, мұң, атабаба рухына адалдық, аяулы жарға деген сүйіспеншілік, махаббатқа мәңгілік сияқты ұғымдардың асқақтығын неғұрлым биіктету әр уақытта өміршең. Күләш әпкенің «Поэзияның ақ гүлі» атануы оның шығармаларының тазалығы мен сезімталдығын білдіреді. Кезінде әдебиетіміздің айтулы өкілдері Әбіш Кекілбайұлы, Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағанбетов, Әбділдә Тәжібаев, Тәкен Әлімқұлов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова Күләш әпкемізге баспасөз бетінде баталарын беріп, ақ тілектерін айтқан екен. Атап айтсақ, Әбіш Кекілбайұлы ақын шығармашылығы туралы былайша толғанады: «...Күләш – қарындас ақын. Қазақтай қарға тамырлы халықтың өзі тонның ішкі бауындай ерекше қастерлейтін бөлекше қимас жақыны қарындаста ғана болатын асыл қасиеттердің бәріне ие абзал жыр.
Бақырмай сөйлеп, бажылдамай жылап, бажайламай базына айтатын бауырмал жыр. Оны оқығанда Қазанды алып, шаршысына толып келе жатқанда, қара орманнан айырылып, қанатынан қайырылып, қамауға түскен халқын көріп, еңіреген елін, есірген жауын көріп, қанына қарайған, қаһарына мінген Қобыландының қарындасы Қарлығаштың назын тыңдағаныңдай тал бойың еріп, тас жүрегің жібіп қоя береді», – десе, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Періште көңіл поэзия» мақаласында: «... Әйелге тән нәзіктік пен ақынға тән асқақтықты бір бойына сыйдырған ақын Ұлы даланы, қазақ ұлтын, Қазақстанды көзінің қарашығындай көріп, жүрегін бөлеп талмай жырлап келеді. Күләштің нәзік әрі кең жүрегінде көгілдір аспан да, Ұлы дала да, оны мекендеген адамзат та – бәрі сыяды. Соның бәрін әзиз жүрегіне салып әлпештейді, аялайды.
Туған елінің тауын да, тасын да, байтақ даласын да, жасыл орманын да, қалтыраған жапырағын да, мөлдіреген таңғы шығын да – бәрін де риясыз сүйеді. Оның өлеңдері ылғи да періште көңілден, таза пейілден, пәк сезімнен, мейірбан жүректен туады. Сондықтан да ізгілік, парасат, кісілік жолынан таймаған Күләш бәрімізден де шынайы әрі таза» дегені бар. «Өз басым кейінгі жас ақындарға қарап, тіпті екпіндеріне қауіптеніп қарап отырамын. Сондай қауіптене, сүйсіне қарайтын азғантай топтың ішінде Күләштің творчествосы менің көз алдымда өсіп келеді. Бір өлеңнен екіншісіне аттанған сайын өсіп келеді. Күләшқа менің бір риза болатын жерім – ол өлеңге өте жауапты қарайды. Баяғыда біздің ауылда Сәрсен деген зергер болғанды. Күмістен ою оятын: білезік, сақина, сырға, алқа дейсің бе – бәрін жасайтын. Сонда көріктен шыққан күмістен қол түгілі, көзге көрінбес нәзік өрнектерді кез келген адам төзе бермейтін, шыдай бермейтін шыдамдылықпен әшекейлейтін. Іші алтын, сырты күміс өлеңді жазу да осындай ісмерлік, шеберлікті қажет ететін сияқты.
Күләш та тап сол секілді», – деп ағынан жарылады Ф.Оңғарсынова. Ал ақын Қадыр Мырза Әлінің: «Күләш Ахметова көп ақынның бірі емес. Өз алдына бөлектеу тұрған сегіз қырлы, бір сырлы тұңғиық ақын» деуі тегін емес. Қысылғанға қол ұшын аямайтын кеңпейіл Күләш әпкенің қазақтың талай тау тұлғаларынан жылы лебіздер естіп, ыстық ықыласына бөленген шақтарында да аспайтаспай қарапайым қалпында қалатын керемет кішіпейіл кемел бекзаттығы мені тәнті етті. Күләш Ахметова – нағыз ақын. Шығыстың жарық жұлдызы әлФараби өзінің «Поэзия өнерінің конондары жайлы» трактатында ақындарды тума, еліктегіш және жасанды деп үшке бөледі. Үшке бөледі де ұлы ғұлама «ең ғажайып поэзияны табиғи ақындар ғана жасай алар» деп бір-ақ кесіп айтпай ма? Олай болса, Күләш Ахметова сол топтың табиғатына жатады.
Күләш әпкемнің өлеңдері еліне, халқына қызмет етіп, адал ниетте әр адамның жүрегінде жұлдыздай жанып, жарық нұр шашыратып тұр. Мәселен, оның «Намыс», «Мықтылық», «Рахым», «Әдет» атты туындыларының тәрбиелік мәні зор. Бұл өлеңдер адамды ізгі жолға баулиды, биік адами қасиеттерді тәрбиелейді. Әсіресе жас оқырмандарға бұл өлеңдердің берері көп. Жақсылыққа жақын болуға, жамандықтан жиренуге үндейді. Мәселен, «Намыс» өлеңінде мақтансүйгіштік пен зұлымдыққа құмарларды былайша сынайды:
...Біреу бар, мақтау десе, бір тоймайтын,
Басында, мақтамасаң, бұлт ойнайтын.
Күнді де байқамайтын аспандағы,
Мұңды да байқамайтын жұрт ойлайтын.
Күләш Ахметова поэзиясында ерекше орын алатын өлеңдердің тобы – арнау өлеңдер. Жеке тұлғаларға: Мұқағали туралы «Мұқағали Мұзарты», Шыңғыс Айтматовқа «Ел бағына туған ұл», Зейнолла Қабдолов жайлы «Ілтипат», Сара Алпысқызына «Мұңлы бөбектер жыры», Мырзатай Жолдасбековке арналған «Елші» атты жырлары тағылымға құралған. Ақын шығармалары сан түрлі тақырыпты қамтыған. Әр жырдың астарында белгілі бір түйін бар. Күләш әпкенің өлеңдері оқырманға эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, философиялық ой тұжырым жасауға да жетелейді. Ақын туындыларында Отанға деген махаббат, достық пен адамгершілік, мейірімділік пен ізгілік, бақыт пен болашаққа сенім сияқты адамның ақ көңілінен туатын ұғымдар жырланады. Оқырманға берері мол жыр жолдары әр кезде мәнмағынасын жоймайтын құнды мұра бола бермек... Бірнеше кітабын баспаға берерде корректорлық жұмыс жасадым. Атап айтсақ, 2021 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Отан» көркемсуретті поэзиялық кітапальбомы, 2021 жылы «Дәуір» баспасынан шыққан 5 томдық шығармалар жинағы, 2023 жылы «Шығыс ақпарат» баспасынан жарық көрген «Менің сәулелі шақтарым», «Абай» баспасынан басылған «Құт», «Бақ» өлеңдер жинақтары.
Жастайынан еңбекке құштар болып, алға қойған арманмақсаттарына жеткен, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Күләш әпке жауһар жырларымен ғана емес, оқырмандарына ұлағатты сөздерімен де ықпал жасап, тура жолға бастады. Оның шынайы ізгі тілектері жүректі толқытып, шуаққа көмкеріп, шаттыққа кенелткені шындық. Қалғып кеткен санаңды селт еткізіп оятып, адамгершіліктің биік мұраттарына жетелеп, терең сырларымен сусындатқандай әсер етті. «Поэзияның ақ гүлі» деген тамаша теңеу қалың оқырман, әдебиетсүйер қауым тарапынан қойылған. Бұл теңеу ақынның нәзік лирикасы мен сыршыл поэзиясына берілген жоғары баға.
Күләш Ахметова–өзінің мағыналы, адамға ұшқыр ой салатын шығармаларымен оқырмандарының, тіпті дүйім жұрттың назарын аудартқан қайталанбас тұлға. Қазақты жамандама, қазақ бала! Халық қой, қазақ деген аз-ақ қана! Мәңгілік, Ай астында, Жер үстінде, Қазаққа жаны ашитын Қазақ қана! Қара шаңырақтың амандығы үшiн, Қазақ деген елдiң ұлы мұраты үшiн, Ұлы Жаратылыстың үйлесiмi үшiн жыр жырлап, адамгершiлiк тақырыбын қаламына арқау еткен ақын әпкем Күләш Сағаділдақызы тірі болғанда 25 сәуірде 80 жасқа толар еді, ел болып, облыс көлемінде, тіпті республика көлемінде мерей жасы тойланар еді. Әттең... Бір кем дүние... Әпкемізді Алла панасына алып, жаны пейіште шалқысын!
Ақмарал ҚАРТАБАЕВА
тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының маманы.