Мұғалім қағазбастылықтан қашан құтылады?
Биылғы оқу жылының алғашқы екі тоқсанында оқушылар BilimLand платформасында білім алса, үшінші тоқсанда Kundelik.kz жүйесіне ауыстырылды. Бұл өзгеріс көпшілікке «неге?» деген заңды сұрақ тудырды. Ресми тұрғыда қарасақ, екі платформа да білім сапасын арттыруға бағытталған. Бірі – дайын контент, видео сабақтар мен тесттер ұсынса, екіншісі – оқу процесін бақылау, бағалау және ата-анамен байланысты нығайтуға арналған. Яғни, функциялары әртүрлі. Бірақ мәселе «әртүрлілікте» емес, жүйесіздікте болып тұр.
Платформалардың ауысқаны мұғалім үшін екі есе жұмыс. Бір тоқсанда бір жүйеге үйреніп үлгермей жатып, келесі тоқсанда басқа платформаға көшу уақытты да, күшті де талап етеді. Қағазбастылықтан арылу керек болған цифрландыру, керісінше, қосымша жүктемеге айналып барады. Себебі мұғалім электронды жүйені толтырса да, көп жағдайда қағаз нұсқасын қатар жүргізуге мәжбүр. Ал оқушы мен ата-ана үшін бұл – бейімделу қиындығы. Бір жүйеден екіншісіне ауысу – деректердің шашырауына, оқу процесінің тұтастығының бұзылуына әкеледі. Цифрлық құрал тұрақты болмаса, оның тиімділігі де күмәнді. Осы орайда туындайтын басты сұрақ – платформа таңдаудағы стратегиялық көзқарас. Әр тоқсан сайын өзгеретін жүйе – дамудың емес, тұрақсыздықтың белгісі. Егер мақсат – сапалы білім беру болса, онда бірізділік пен жүйелілік бірінші орында тұруы тиіс. Цифрландыру – тек құрал. Ол дұрыс қолданылмаса, қағазбастылықтың жаңа формасына айналады. Ал мұғалімнің жұмысын шын мәнінде жеңілдету үшін тұрақты, тиімді және бірізді жүйе қажет.
Қазіргі білім беру жүйесінде ұстаздардың басты міндеті бала оқыту ма, әлде қағаз толтыру ма? Бұл сұрақ бүгінде өзекті мәселеге айналды. Себебі мектептегі мұғалімнің көп уақыты оқушыға емес, есеп пен құжатқа жұмсалып барады. Мұғалім тек сабақ беруші емес. Ол есепші, талдаушы, ұйымдастырушы, тіпті кейде оператор іспетті. Бір ғана сабақты өткізу үшін қысқа мерзімді жоспар жазады. Оның үстіне журнал толтырады. Электронды жүйеге енгізеді. Бірақ сонымен іс бітпейді, қағаз нұсқасын да қатар жүргізеді. Бұл қай заманның талабы?
Kundelik.kz жүйесіне енгізілген мәліметтер кей мектептерде қайтадан қағаз журналға көшіріледі. BilimLand секілді платформалар тағы бар. Олардың әрқайсысы өз есебін сұрайды. Бір дерек – бірнеше формада. Онымен қоса, мұғалімдерден апталық, айлық, тоқсандық есептер талап етіледі. Әр оқушы бойынша талдау жасалады. Түрлі тізімдер, анықтамалар, фотоесептер – мұның бәрі уақытты талап етеді. Бірақ осының бәрі білім сапасына нақты қаншалықты әсер етіп отыр? Ең өкініштісі – мұғалімнің негізгі миссиясы тасада қалып барады. Оқушыға сапалы білім беру үшін уақыт пен энергия қажет. Ал ол уақыт қағазға «жұтылып» жатыр. Мәселе мұғалімде емес, жүйеде. Бір жұмысты бірнеше рет орындататын, сенімсіздікке құрылған бақылау механизмі қалыптасқан. Егер мұғалімге сенім болса, оны есеппен емес, нәтижемен бағалау керек емес пе?
Қорыта айтқанда, бүгінгі білім жүйесі мұғалімнің уақытын ұрлап отыр. Ал уақыт – ең қымбат ресурс. Оны қағазға емес, балаға беру – қажетті реформа. Білім беру саласында соңғы жылдары жүргізіліп жатқан реформалардың өзегі – мұғалімді артық жүктемеден босату, оның уақытын тікелей оқушыға бағыттау. Бұл туралы Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев бірнеше рет нақты айтып, ұстаз беделін арттыру – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өткен еді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, жақсы бастама әрдайым оңды нәтижеге жеткізе бермейді. Жуырда Мәжіліс депутатының Үкіметке жолдаған сауалы осы мәселенің шынайы көрінісін ашып берді. Онда цифрландыру үдерісінің мұғалімге жеңілдік әкелудің орнына, керісінше, қосымша міндеттер жүктеп отырғаны ашық айтылған. Расында, Kundelik.kz платформасы бастапқыда білім сапасын арттыру, атаана мен мектеп арасындағы байланысты күшейту үшін енгізілген еді. Бірақ бүгінгі жағдай басқа. Мұғалімдер күніне 1-1,5 сағат уақытын осы жүйені толтыруға жұмсайды. Аптасына 25 сағат сабақ беретін ұстаз үшін бұл – айтарлықтай ауыр салмақ. Әсіресе БЖБ мен ТЖБ кезеңдерінде жүктеме бірнеше есе артады. Нәтижесінде, ең маңыздысы – сабаққа дайындық екінші орынға ығыстырылады.
Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, цифрландырудың мәні – бақылауды күшейту емес, тиімділікті арттыру. Мысалы, Финляндия білім жүйесінде мұғалімге толық сенім көрсетіледі, цифрлық платформа тек кері байланыс құралы ретінде қолданылады екен. Сингапурда ақпарат бір рет енгізіледі, мәліметтерді жүйе автоматты түрде өңдейді. Ал Эстония мемлекеті цифрландыру арқылы мұғалім уақытын үнемдеуді бірінші орынға қойған. Ал бізде ше? Қазақстандық мұғалім бір ақпаратты бірнеше рет енгізуге мәжбүр. Электронды жүйе бар, бірақ қағаз есеп те қатар жүреді. Бұл – цифрландырудың емес, формализмнің көрінісі.
Бүгінде мұғалім педагогтен гөрі «операторға» көбірек ұқсап барады. Оның еңбегі білім сапасымен емес, жүйені қаншалықты дұрыс толтырғанымен өлшенетіндей әсер қалдырады. Бұл – қауіпті үрдіс. Себебі білім сапасы есеппен емес, мазмұнмен өлшенуі тиіс. Депутаттық сауалда көтерілген ұсыныстар – уақыт талабы. Платформаның функционалын оңтайландыру, мұғалімнің цифрлық жүктемесіне нақты аудит жүргізу және халықаралық тәжірибеге сүйену – бұл тек ұсыныс емес, қажеттілік. Қорыта айтқанда, цифрландыру – мақсат емес, құрал. Егер ол мұғалімнің уақытын «жеп», шығармашылығын шектесе, онда мұндай реформаның тиімділігі күмән тудырады. Білім сапасын арттыру үшін ең алдымен мұғалімге сенім мен уақыт беру керек. Ал уақытты жүйе емес, адам басқаруы тиіс.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА