Экономика

Тотықұс өсіріп табыс табуда

Қазір тотықұс өсірушілер көп. Оны өзіміздің Тараз қаласынан да байқауға болады. Құс өсірушілердің айтуынша, қалалы жерде тотықұс өсіру – тек табыс көзі ғана емес, табиғатпен үндесіп, эстетикалық ләззат сыйлайтын, сондай-ақ бала тәрбиесіне оң ықпал ететін ерекше кәсіп түрі. Осы бағытта табысты еңбек етіп жүргендердің бірі – Тараз қаласының тұрғыны Нұржан Нұрмаханұлы. Ол ерекше кәсіпті небәрі бір жыл бұрын бастағанымен, бүгінде 200- ден аса тотықұсты баптап отыр. Кәсіпкер құстарға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы құсхана салыпты. Құсхана ішіне әр құстың түріне қарай жеке торлар орналастырылып, олардың жайлы тіршілігі үшін барлық жағдай жасалған.

Қазіргі таңда тотықұстарға деген сұраныс тек Тараз қаласында ғана емес, Шымкент пен Алматы қалаларында да жоғары екен. Әлеуметтік желілер арқылы да тапсырыс берушілер саны артып келеді. Бағасы құстың түріне байланысты әртүрлі. Қарапайым түрлері 4 мың теңгеден басталса, сирек кездесетіндері 60 мың теңгеге дейін жетеді. Көбіне сұраныс қалада, көпқабатты үйлерде тұратын адамдардан түседі екен. Нұржан бұл кәсіпті бастау үшін мемлекеттен 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз жобасын сәтті қорғап шыққан. Айтуынша, бұл қаражат бастапқы кезеңде үлкен көмек болған. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, құстардың алғашқы партиясы әкелінген.

Бүгінгі күні оның құсханасында корелла, амадина, розелла, пенант секілді тропикалық құстардың 10-ға жуық түрі бар. Әр құстың күтімі мен өсіп жетілу ерекшелігі әртүрлі. Мәселен, ұсақ құстар жұмыртқадан 12 күнде шығып, 45 күн ішінде жетілсе, ірі түрлері баяу өседі екен. Бірақ өмір сүру ұзақтығында белгілі бір айырмашылық бар. Негізі тотықұстар 15-25 жыл өмір сүрсе, кейбір ірі түрлері 100 жылға дейін тіршілік ете алады.

Құстардың негізгі азығы – сұлы, бидай, жүгері және арнайы дәруменге бай жемдер. Сонымен қатар қызыл және сары тары, қара шемішке де рационға қосылады. Бір құсқа тәулігіне шамамен бір ас қасық жем жеткілікті.

Тотықұстардың мінезі де әртүрлі. Мәселен, бұйра тотықұс шулы әрі белсенді болса, корелла сабырлы келеді. Құстарды жеке де, жұбымен де, шағын топпен де асырауға болады. Дегенмен ірі құстардың ұсақтарына зиян келтіруі мүмкін екенін ескерген жөн. Кәсіпкердің айтуынша, құстардың ішінде амадиналар ерекше сұранысқа ие екен. Олар – тропикалық аймақтарда мекендейтін, шағын әрі әдемі декоративті құстар. Амадиналар – кішкентай, бірақ өте әдемі әрі күтімге ыңғайлы құстардың бірі. Олардың түрлі-түсті қауырсындары мен нәзік дауысы көп адамның көңілінен шығады әрі олар тез үйренеді. Сондықтан үй жағдайында ұстауға өте қолайлы көрінеді. Сондай-ақ Нұржанның сөзінше, ірі тотықұстардың ішінде ара мен какаду секілді түрлері өте ақылды әрі сезімтал келеді, алайда олардың бағасы жоғары болғандықтан әзірге мұндай құстарды өсіру жоспарында жоқ. Дегенмен кәсіпкер биыл 50-60 тотықұсты саудалаған.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы