Экономика

Биыл көктемгі егіс жұмыстары кеш басталды

Биылғы егін шаруашылығында қандай жаңалықтар болмақ, диқандар жұмысын бастады ма, оларға қандай қолдау көрсетіледі? Бұл сұрақтарды облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына жолдадық.

Басқарма басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың берген мәліметінше, биылғы егіс алқаптарының жалпы көлемін өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғайтып, 665,4 мың гектарға егін егу жоспарлануда. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 378,3 мың гектар, майлы дақылдар – 44,3 мың гектар, қант қызылшасы – 8,5 мың гектар, картоп – 8,8 мың гектар, көкөністер – 28,9 мың гектар, бақша дақылдары – 9,7 мың гектар, мал азығы дақылдары 186,7 мың гектарға егіледі.

Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардан түскен өтінімдерге сәйкес 27,4 мың тонна дизель отыны қалыптастырылған. Көктемгі дала жұмыстары үшін 18,2 мың тонна болса, күзгі дала жұмыстарына 9,2 мың тоннасы арналған.

Минералды тыңайтқыштарды ендіру де назарда

Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды ендіру жұмыстары да қатаң бақылауда. Ағымдағы жылы 665,4 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланған. Биыл минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына 2,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл органикалық тыңайтқыштарды қоспағандағы бөлінген қаражат. Аталған қаражаттың 664,7 миллион теңгесі 2025 жылдан күту парағына түскен өтінімдерге төленіпті. Қалған 1,8 миллиард теңге көктемгі дала жұмыстары барысында, шаруалар үшін тыңайтқыштар алу механизмі ретінде қолайлы аванстық төлемдер түрінде отандық «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарына аударылатын болады.

Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» және «Кең дала2» бағдарлама лары аясында облысқа 7 миллиард теңге қаржы қарастырылмақшы. 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер 2025 жылдың қараша айынан бастап қабылданған. Бүгінде 200 шаруадан 6,3 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 177 шаруаға 5,1 миллиард теңге қаражат 5 пайыздық несиемен берілген. 2025 жылы барлығы 209 шаруаға «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 4,9 миллиард теңге несие берілген екен.

Сумен қамтуда қиындықтар болуы мүмкін

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлімдеуінше, биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты көктемгі дала жұмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда кеш басталған. Бүгінгі күнге көктемгі жер жырту жұмыстары 106,1 мың алқапқа жүргізіліпті. Жоспар 165,5 мың гектар болған, яғни 64,1 пайызы орындалған. Сонымен қатар дақыл себуге 154 мың гектар жер дайындалған. Негізі 365,7 мың гектарға дақыл себу жоспарланған, қазіргі уақытта 42,1 пайызы орындалып отыр. 110,6 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар орналастырылыпты. Жоспар 365,7 мың гектар деп көзделген екен, 30,3 пайызы қазіргі уақытта жүзеге асырылған. Нақтырақ айтқанда, 94,2 мың гектар алқапқа жаздық масақты дақыл, яғни арпа, 8,5 мың гектарға көпжылдық шөп, 6,2 мың гектар алқапқа көкөніс дақылдары, 96 гекар алқапқа бақша дақылдары, 951 гектар алқапқа картоп және 395 гектарға қант қызылшасы себілген.

Өңірдің суармалы егіс алқаптарына орналастырылатын ауыл шаруашылығы дақылдары трансшекаралық су көздеріне тәуелді екенін де ұмытпайық. Осыған байланысты жерасты су қорының әлеуетін пайдалану ерекше назарға алынған. Тәулігіне 4,4 миллион текшеметр, яғни вегетациялық кезеңде 528 миллион текшеметр су жаңа су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы пайдаланылмақшы. Нәтижесінде трансшекаралық су көздеріне тәуелділік 43 пайызға азаяды, жалпы тұтыну көлемі – 1,2 миллион текшеметр. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы және өңірдегі қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз ету қатаң бақылауға алынған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА